Аймақтар • 05 Шілде, 2024

Депутат Павлодар облысының құтқарушы, өрт сөндірушілерімен кездесті

72 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында облыстың өрт сөндіру бөлімшелері мен жедел-құтқару жасағына барды, деп жазады Egemen.kz.

Депутат Павлодар облысының құтқарушы, өрт сөндірушілерімен кездесті

Фото: Мәжіліс

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Шаймарденов жыл басынан бері департамент бөлімшелері авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар бойынша 1,6 мыңнан астам шақыртуға барғанын баяндады. Нәтижесінде 101 адам құтқарылып, 173 адам эвакуацияланған. Төрт зардап шеккен азаматқа дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілген.

«Биыл «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты ормандардағы өрттерді ерте анықтау және алдын алу үшін цифрлық жүйені орнатты. Орман өрттерін ерте анықтау жүйесіне арналған 23 мұнара қондырылды бірақ бұл құтқару қызметін күшейтуге жеткіліксіз», деді Қайрат Шаймарденов.

Депутатпен кездесуде өрт сөндірушілер мен құтқарушылар шешімін талап ететін бірқатар түйткілді мәселені айтты. Оның ішінде барлық бөлімшеде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, облыстық басқармаға қажетті қосымша қондырғыларды салуға қаражаттың жоқтығы сынды мәселелер көтерілді. Қосымша техникалық құрал-жабдықтар да қажет екені айтылды.

Өрт сөндірушілердің әлеуметтік қауіпсіздігі де назарға алынды. Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және басқа құрылымдардың әскери қызметшілеріне қарағанда өрт сөндірушілерге тұрғын үй төлемдері, шипажайлық-курорттық емделу, балабақшалар мен мектептерде жеңілдіктер қарастырылмаған. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт сөндіру көлігі жүргізушілерін қабылдау тәртібі күрделенген. Өйткені олар Ішкі істер министрлігінің стандарттары бойынша Полиция департаментінің емханасында әскери-дәрігерлік комиссиялардан өтеді.

Оқиға орнына жедел жетуге кедергі келтіретін жол жабынының сапасыздығы, далалық аймақта байланыстың жоқтығы да жұмысты жедел істеуге кедергі келтіреді. Құтқарушылардың айтуынша, олар тәжірибеден өткен спутниктік байланысты пайдалану әрқашан жеңіл әрі ыңғайлы бола бермейді.

Асхат Рахымжанов құтқарушылардың тиімді жұмысының маңыздылығына тоқталып, қауіп-қатерге тап болған ел азаматтарының өмірі олардың қызметіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ көтерілген мәселелерді өз бақылауына алатынын да тілге тиек етті.