Саясат • 05 Шілде, 2024

Әлеуметтік қызметті ақпараттандыру әлсіз

21 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал демокра­тиялық партиясы фракциясының мүшесі Ажар Саған­дықова Оралда әлеуметтік қызмет алушылармен, атап айтқанда, ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналарымен, көпбалалы отбасылармен, жал­ғызбасты аналармен кездесті.

Әлеуметтік қызметті ақпараттандыру әлсіз

фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Өңірлердегі әлеуметтік қызметтерді алушылар өзде­ріне заң жүзінде тиесілі мем­лекеттік қолдау шаралары туралы жеткілікті хабардар емес. Орал тұрғындары депутатпен кездесуде мемлекеттік органдардың бұл бағыттағы ақпараттандыруының төмен­дігіне шағымданды. Сонымен қатар психологиялық-меди­циналық-педагогикалық комиссия қызметінің ашық болмауы да сұрақ туғызады.

Ажар Сағандықова мем­лекеттік орган­дарға өз жұмы­сындағы ұстанымдары мен тәсілдерін өзгерту жөнінде Үкіметке тиісті депутаттық сауал жолдағанын атап өтті.

– Алайда мен мемлекеттік органдарда бұған қаражат жоқ деген жауап алдым. Бұ­ған көп қаржы қажет емес. Тек талдау жүргізіп, тапсы­рыс деңгейінде мұндай комис­сиялардың жұмыс істеу ереже­лерін өзгертіп, халықпен көбі­рек араласу қажет. Пар­тия­ның облыстық филиалы­мен бірлесе отырып, бұл жағ­дайды қадағалаймыз, – деді А.Сағандықова.

Сондай-ақ депутат елімізде цифрландыру белсенді дамып келе жатқандықтан халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтары элек­трондық қызметтерді алу мәсе­лелеріне ерекше назар ­аудару қажеттігін баса айтты.

– Қызметтерді үйден шық­пай-ақ электронды түрде жа­сау мүмкін болса да, азамат­тар­ға көптеген мекеменің есі­гін қағуға тура келеді. Егер ана төртінші баланы дүниеге әкел­се, оның мәртебесі автомат­ты түрде көпбалалыға ауысуы керек. Қазір осы цифр­лық платформалардың бар­лы­ғын біріктіретін жаңа платформа әзірленіп жатыр, бірақ ол өңірлерде әлі жұмыс істей қоймаған. Біз бұл мәселені қадағалаймыз, – деді депутат.

Сапар аясында мәжілісмен облыстық мәслихат депутаттарымен және жұртшы­лықпен де кездесті. Отырыста су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы есептеу жөніндегі комиссияның жұмысы, киіктердің мәселесі, өңірдегі басқа да өзекті түйткілдер талқыланды.