Халық қалаулылары құрылыс-монтаж жұмысы аяқталуға жақындаған нысанның қазіргі жай-күйіне, арнайы жабдықтармен қамтылуына, орталық аумағына барлық инфрақұрылымның тартылуына, абаттандыру жұмысын жүргізу мәселесіне баса назар аударды.
– Тұрғындар партияның атқарып жатқан жұмысын нақты нәтижеге қарап бағалайды. Сондықтан партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру өте маңызды. Тұрғындардың сұранысына ие әлеуметтік нысандар сапалы салынып, уақтылы пайдалануға берілуге тиіс. Осы орталықтың құрылысы да партияның ерекше бақылауында, – деді депутат Темір Қырықбаев. Нысан құрылысына облыстық және республикалық бюджеттен
2,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жаңа нысанда бір мезетте 200 пациенттің ем қабылдауына жағдай жасалып, оларды оңалту шараларымен қамту көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес, Түркістан қаласының іргесінде салынып жатқан Орталық биыл қыркүйекте пайдалануға беріледі.