Қоғам • 05 Шілде, 2024

Құранның көне нұсқалары

71 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде ислам тарихына қатысты көне жәдігерліктер аз емес. Соның бір парасын Мемлекеттік Орталық музейде ашылған «Ислам руханияты» көрмесінен кез­дестіресіз.

Құранның  көне нұсқалары

Көрме төрінен орын алған экспонаттар мазмұндық ерек­шеліктеріне қарай Құран нұсқалары, тәпсірлер, мұхаммадия және мұхтасар кітаптар, діни маз­мұндағы литографиялық бас­па басылымдары деп бірнеше топқа бөлінген. Мұндағы көрермен назарына алғаш рет ұсынылып отырған біре­гей құнды жәдігер – бұрама қағаз түрінде жасалған пай­ғамбарлар шежіресі. Ұзын­дығы – 4 м, 45 см құрайтын шежіренің ені – 25 см. Қол­жазбада Адам Атадан бас­тап Мұхаммед пайғамбарды қоса алғанда 25 пайғамбар әулетінің, төрт әділ халифаның және ортағасырдағы сопылық ағымның ұстазы Жәлаладдин Румидің шежіресі қамтылған.

Сондай-ақ көрмеге орама қағаз түрінде жасалған ерекше қолжазба Құран нұсқасы (ұзындығы – 9 м, 50 см., ені – 2,5 см.) қойылған. Құранда 114 сүре мәтіні өте ұсақ әріптермен бөлек-бөлек теріліп, Алла Тағаланың төрт көркем есімі қоса берілген.

Хронологиялық тұрғыдан қарастырар болсақ, қордағы Құранның ең көнесі 1054 һижри/1643 миләди жылдары жарық көрген. Олардың дені Шығыстың көне қа­лалары Ыс­танбұл, Мумбай, Мы­сыр баспаханаларында, Ре­­сейдің Петербор, Қазан сияқ­ты ірі ор­талықтары мен Омбы, Орын­бор, Ташкент, Самарқан шаһар­ларының көне баспаларында басылып шыққан.

Көрмеде, әсіресе, Құран Кәрімнің тәп­сірлері, дұ­ға­лар жинағы, Адам атадан ХІХ ғасырға дейінгі ке­зең­­дерді қамтитын қысқаша та­рихи шолу басылымы, музей қорына Мәшһүр Жүсіп Көпеев кітапханасынан келіп түскен мухаммадия кітабы, Мұхамеджан Сералин жаз­ған «Қожалар шежіресі» көпшілік­тің қызығушылығын тудырады.

Көне кітаптар көрмесінің ашылу салтанатында Құран кәрімді алғаш рет қазақ тіліне аударған Халифа Алтайдың ұлы Әбдірахим Алтай, тарихшы Өмір Оразұлы, Фило­со­фия, саясаттану және дін­тану институты Дінтану орталығының директоры Ша­­­ғырбай Дүйсенбекұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің аға оқы­тушысы, дінтанушы Жү­зей Аманқұлұлы сөз алып, көрмеге қойылған бірегей жә­дігерлердің құн­дылығы жө­нінде ой өрбітті.

Қазіргі уақытта түрлі ағым­­ның жетегінде кеткен жас буынды ислам мәде­ние­­тімен сусындатуда осындай шара­лардың маңызды рөл атқа­ратынын атап өткен Мемле­кеттік Орталық музей директоры Рашида Харипова, ис­лам бүкіл адамзаттың ру­хани кемелденуіне және мәдениеті мен өркениетінің дамуына зор үлес қосқанын, музей қорындағы құнды жәді­герлерге шетелдік ғалымдар мен дінтанушылар айрықша қы­зығушылық танытып отыр­ғанын жеткізді.

АЛМАТЫ