Қуыршақ труппасының ашылғанына бір жыл уақыт енді ғана болды. Дегенмен аз уақыт ішінде жаңадан құрылған жап-жас ұжым «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісімен Омандағы халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне қатысып қайтты. Режиссері – Айдын Салбан. «Керік пенен мүйізтұмсық», «Ойыншықтар оянғанда» деген секілді түрлі қойылым балалар назарына ұсынылды. Қуыршақ труппасы алғашқы маусымын Шығыс халықтары ертегісінің желісімен жазылған «Әли баба және қырық қарақшы» қуыршақ қойылымымен аяқтады. Қоюшы режиссер – Антон Зайцев.
Қуыршақ театрымен тізе қосып жұмыс істеген «Total fest» театр фестивалінің директоры, қоюшы режиссер Антон Зайцев қарағандылық ұжымның шығармашылық қабілетіне жоғары баға берді. Сонымен қатар ол театрда көркем туындыларды сахналауға барлық жағдайдың барына ризашылығын жеткізді.
«Жас ұжыммен бір ай жұмыс істедім. Сәкен театры біршама жетістікке жеткен екенсіздер. Актер ойны мені таңғалдырды. Жұмыс істеуге өте қолайлы. Әсіресе актерлік құрамның басым бөлігі жастар екенін көргенімде, өнер шаңырағының болашағы жарқын екеніне көзім жетті. Жеткен жетістіктерге масаттанбай, одан әрі ізденетін таланттар зор құрметке лайық. Қуыршақ театрын ашып, соның репертуарын толтыру, актерлерді жасақтау, оларды даярлау – әсте оңай шаруа емес. Бұл көп еңбекті талап етеді. Болашақты тәрбиелеу жолында қуыршақ театрының маңызы зор екенін атап өткім келеді. Көрерменнің әр санатын қамти алатын театрдан үміт күтуге болады», дейді Антон Зайцев.
92-маусымжабардың тарихи сәті – меморандумға қол қойылды. Облыстық «Saryarqa» телеарнасымен жасалған ортақ меморандумның аясында телеарна Сәкен театрының премьералық қойылымдарынан тікелей трансляция жасайды. Оған қоса, репертуардағы барлық спектакль Алтын қорда сақталады.
«Қор кез келген елдің мәдениеті мен тарихы үшін аса маңызды. Бұны елдің жады десек те болады. Облыстық «Saryarqa» телеарнасының қоры – облыстық арналардың ішіндегі ең үлкен қор. Іргемізде тұрған театрдың сахнасындағы әр қойылым – ертеңгі тарих. Осындағы әр актер ертеңгі тұлға деп сенемін», дейді телеарна директоры Берік Дүйсетаев.
Сәкен театрының ендігі алға қойған мақсаты – музыкалық драма театры мәртебесіне қол жеткізу. Сол үшін де театр ұжымы «Қыз Жібек» қойылымын музыкалық драма ретінде сахналады.
Атақты «Қыз Жібек» музыкалық драмасын тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды.
Театрдың мәртебелі көрермендері бұл жолы қара шаңырақ актерлерінің жаңа қырына көз жеткізді. Актерлердің асқақтата салған әндері қойылымның сән-салтанатын келістірді.
«Сәкен театрында ұмытылмас күн, үлкен оқиға. Қазақ драматургиясының жауһары «Қыз Жібек» музыкалық драмасының премьерасы сахналанды. «Қыз Жібек» осыдан тура тоқсан жыл бұрын жазылып, сахналанғаны туралы аз-кем білуші едік. Содан бергі уақытта еліміздің өңірлік театрларында әредік қойылып келеді, әрине. Бірақ жиі емес, сирек сахналанады. Себебі шоқтығы биік шырқау шығарма. Әркімнің жүрегі дауалап бара бермейтін дүр драма. Көзкөргендердің айтуынша, Қарағанды театрында өткен ғасырдың орта тұсында бұл спектакльді Мүлік Сүртібаев, Жәмилә Шашкина сынды сахна саңлақтары сомдапты. Одан бергі уақытта түрлі себеппен қойылмай келген екен. Сол олқылықтың орны толды. Сәкен сахнасында Төлеген болып толқыдық, Қыз Жібекпен қоса қуанып, қатар қайғырдық. Шегенің шырқай салған ариясын айызымыз қанып тыңдадық. Қысқасы, театрдың әдемі әлеміне, тұңғиық тереңіне сүңгідік. Лиро-эпостық жырдың оқиғасы театрдың Ұлт аспаптары және симфониялық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен әртістеріміздің орындауындағы ән-күй, музыкамен өрілді. Дирижер Әбілқайыр Сағымбаевқа, қоюшы-режиссер Айдын Салбанға және барша театр ұжымына зор алғысымды білдіремін. Жаңа маусымға жақсы демалып, жаңа идеялармен келулеріңізге тілектеспін», деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.
Осылайша, Сәкен театрының жаңалығы болған музыкалық қойылымның шымылдығы, театрдың маусымы жабылды. Көрермен қимай-қимай қошемет көрсетті.
Қарағанды облысы