Қоғам • 04 Шілде, 2024

Адамшылық пен азаматтықтың өнегесі

98 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 50-жылдарының со­ңында «Лениншіл жас» га­зетінің Қарағанды облысындағы тілшісі Камал Смайыловтың жас ғалым Төрегелді Шарманов туралы тамаша көркем очеркі жарияланды. Ол кезде менің жұ­байым Сапар Байжанов сол га­зеттің бас редакторының орынбасары қызметінде еді.

Адамшылық пен азаматтықтың өнегесі

Сапекең жақсылыққа жаны құмар жан болатын. Өзіне қатты әсер еткен жақсы мақала, очерк, кітап, тәуір кинодан алған әсері туралы әңгімелеп, балаша қуанатын. Сапекеңнің осы қасиеті жайында академик-жазушы Зейнолла Қабдолов: «Мен біреудің табы­сына, жақсылығына балаша қуа­натын, қызғаныш дегенді біл­мейтін бір ғана адамды біле­мін, ол – Сапар болатын», деп ағы­нан жарылған-ды. Камалдың сол көркем очеркін зор әсермен әң­гімелеген соң, мен де оқып шықтым. Шынында да, өте тартымды жазылған очерк екен. Жас ғалым Төрегелді Шармановтың ғылым жолындағы ізденісі, қол жеткізген табыстары, адами қасиеттері әдемі баяндалған. Жас ғалымның болашағы зор екендігі, әлі талай табысқа қол жет­кізетініне сенім туғызады. Осындай жақсы мақалаларымен көзге түскен Камал Смайылов көп ұзамай редакция аппаратына шақырылды. Жүрдек журналист Алматыға келген соң бір-екі жыл өтпей-ақ Орталық комсомол комитетіне жауапты қызметке алынды. Төрегелді Шарманов та Алматыға отбасымен көшіп келіп, ғылыми жұмысын жалғастырып жүріп, 32 жасында докторлық диссертациясын қорғады. Медицина ғылымдарының докторы атанды. Төкеңмен Камал арқылы таныстық. Қазақта «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген сөздің жаны бар. Төрегелді барынша қарапайым, өте мәде­ниетті, ақыл-парасаты зор, өте білімді адам екенін танытты. Ка­мал­дың да жақсы қасиеттерін бағалайтын Сапекең Төкеңмен тез сыйласып, достасып кетті.

Тегінде адам кез келген сый­ласқан кісімен дос бола бермейді ғой. Бірін-бірі жете түсініп, білімі, өресі, адами қасиеттері көңілінен шыққан соң араларындағы жақсы қарым-қатынас достыққа айна­лады емес пе? Камал, Төре­гелді, Сапардың достығы дәл осы­лай қалыптасқаны бар. Дос­тар бір-бірін қолдайды, қажет же­рінде қолұшын береді, ақыл­дасып, сырласып жүреді. Мұ­ның өзі дос жандардың көңіл күйіне, денсаулығына, өмірге құл­шынысына әжептәуір демеу болады. Сондықтан да адамдар достыққа зәру келеді.

Бір ғажабы, осы үш достың үшеуіне де ортақ қасиет – барынша қарапайымдылығы еді. Қандай лауазымға, қандай табысқа жетсе де, олар маңғаздану, көкірек көтеру, ескі достардан іргені ау­лақ салу дегенді білмейтін. Ме­ніңше, бұл – өте қымбат қасиет. Төрегелді Шармановтың 12 жыл Денсаулық министрі бол­ған кезінде қол жеткен айтулы, аса жауапкершілікті ісінің бірі – Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жи­ынын жоғары деңгейде өт­кізгені. Іргелі іс-шараны жақсы өткізген соң, республика басшысы Дінмұхаммед Қонаев Ден­саулық министрін қабылдап, ризашылығын білдірген. Дүние жүзінің 200 елінен 29 ғана адам ие болған Леон Бернар сыйлығымен Төрегелді Шармановтың марапатталуы халқымызға абырой болды. Сондай-ақ оның Мемлекеттік сыйлыққа да ие болып, қаржысын балалар үйлеріне бергені үлкен адамгершіліктің, азаматтықтың белгісі еді. Өз халқын мейлінше жанындай жақсы көрген Төкең халықтың денсаулығы, амандығы үшін дұрыс тамақтанудың, қалай тамақтанудың дұрыс жолдарын ұсынды. Әсіресе ұлттық тағамдардың пайдалы жақтарын дәлелдеп, айтып отыратын.

Төкеңнің ғылымдағы табыс­тарын әрі қарай ұлы Алмас абы­роймен жалғастырып келеді. Алмас анасы Гүлзия дүниеден өткелі отыз жылдан артық уақытта Дана екеуі әкесін аялап, алғысына бөленіп, батасын алды. Сөз жоқ, олар өз балаларына ата-ананы сыйлап, қартайғанда ешнәрсеге тарықтырмай күтудің өнегесін көрсетті. Алмас пен Дананың адамгершілігі талайға үлгі. Өйткені олар Төкең мен Гүлзияның өз ата-анасын қалай күткенін көріп өсті. Бір журналист Гүлзияға: «Төкеңнің ата-анасы сіздерде тұра ма?» деп сұ­­раса керек. Сонда Гүлзия: «Кері­сінше, біз ата-анамыздың қо­лында тұрамыз», деп жауап бе­ріпті. Осындай текті тәрбие көр­ген балалардың басқаша болу­ы мүмкін де емес.

Төкең достары Сапар мен Камал дүние салғаннан кейін де олардың отбасынан қол үзген жоқ. Үнемі хал сұрасып, екі отба­сының жақсылығына бірге қуа­нып, ауыртпалық түскенде жанынан табылды. Биыл Наурыз мерекесімен құттықтауға телефон соғып едім, трубканы көтерген әйел даусы: «Қазір құлағына тосайын», деді.

Бұған сәл таңдандым да, «шамасы ауруханада ем алып жатқан болар» деген ой келді. Төкеңнің даусы тым бәсең естілді. Амандық-саулықтан соң, «Мен Сапарды жақсы көруші едім» дегенді үш рет қай­талады да: «Камал екеуі еш­қашан есімнен шықпайды», деді. Сол кезде тамағыма бір өксік тығыл­ғандай, үнсіз қалдым. Сәл үнсіздіктен соң, телефон даусы үзілді. Бұл Төкеңмен соңғы тілдесуіміз екен...

Мамырдың төртінде өткізілген асқа Алмас екеуіне шақыру жі­берген едім. Шақыруды алы­сы­мен Алмас маған хабарласып: «әкем қазір шыға алмайды, бұйыр­са асқа өзім барамын ғой», деді. Төкеңнің науқастанып жатқанын естігенмен, жаман­дыққа қимап едім. Арада біраз күн өткен соң, Төкеңнің жа­рық дүниеден өт­кені жайында хабар алдым. Ой, жалған дүние-ай десеңші. Біздің достарымыздан қалғаны жалғыз өзі еді. Ел үшін, біз үшін Төрегелді Шарманұлы есімі білікті маман, жа­уап­ты тұлға ретінде жүрегімізде сақталады. Бастаған ісі жүйелі жалғасады деп сенеміз. Ұрпағы Төкең рухын риза ете берсін.

Күләш БЕЙСЕНБИЕВА