Тарих • 04 Шілде, 2024

Өз есімін өзі қойған бала

86 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көршілес купедегі төрт-бес жасар бала кісіге жұғымды екен. Сөзшең, адамды жатсынбайды. Кейде ересек кісінің ойына келмейтін сөз айтады. Ерекшелеу балақай екені байқалып-ақ тұр. Онымен сөйлескен сайын әлдебір әдемі әлемге еніп кеткендеймін. Содан бір сәт одан:

Өз есімін өзі қойған бала

Фото: mir24

– Балақай, атың кім? – деп сұрадым. «Мұндай баланың аты-жөнін біле жүрген де дұрыс» деп ойлағам болсам керек, сірә.

– Бейбарыс.

– О! Керемет есім екен. Шамасы, үйде атаң бар ғой, сенің атыңды сол кісі қойған болды ғой?

– Жоқ, мен өз атымды өзім қойып алдым.

«Мына бала не деп тұр? Өз атын өзі қойғаны қалай?». Түк түсінсем бұйыр­масын.

– Сонда қалай? – дедім оны сөзге тарта түсіп.

– Ол солай. Мултьфильм көрдім «Бей­барыс» деген. Сосын атымды Бейбарыс деп қойып алдым, – деген бала енді мені сұрақтың астына ала бастады:

– Ал, сіз Бейбарыстың кім екенін білесіз бе?

Білуін білемін ғой аздап болса да. Бірақ менің де баланы сынап көргім келіп кетті. «Жоқ, білмейді екем. Бей­барыс деген кім ол?» дедім. Ішімнен «мына бала маған не дейді екен?» деген қызығушылық туды.

– Бейбарысты білмейсіз бе? Ол деген батыр, соғыста бәрін жеңеді.

– Оны сен қайдан білесің?

– Мультфильм бар ғой. Сонда Бей­барыс бәрін жеңеді. Оны көрген жоқсыз ба?

– Жоқ, көрген емеспін.

– Көру керек.

Міне, ғажап! Жас бала мені «оқытып» жатыр. «Бейбарысты» көрмеген болсаң, көр» дейді. Баланың мұнысына ішім жылып қалды. Енді ше? Ұлтымыздың ұлы тұлғасын тану керектігін жап-жас болып сақалы сапсиған маған «түсін­діріп» жатса, неге сүйінбеске? Демек бұл ба­ланың қанына әлден-ақ батыр бабаның рухы сіңген. Ұлтымыздың ертеңіне кейде алаңдаушылық білдіріп жататынымыз да белгілі. Бірақ мынау Бейбарысты көрген соң, ұлттың келешегінің кемелдігіне деген сенім нығая түскендей болды.

Купеден жылаған баланың дауысы естілді.

– Менің інім ғой жылап жатқан. Оның аты – Айсұлтан. Бірақ өскенде ол да Бейбарыс болады, – деді қасымдағы бала.

– Неге?

– Мен оған да «Бейбарыс» мулть­фильмін көрсетемін.

«Қазақы рухтағы мультфильмдер керек» дегенді зиялыларымыздың неге жиі мәселе етіп көтеріп жататыны енді түсінікті болды...