Экономика • 03 Шілде, 2024

Мәжіліс депутаттары металлургтермен әлеуметтік қорғау мәселесін талқылады

68 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Теміртау қаласында Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Асхат Аймағамбетов, Бауыржан Смағұлов, Құдайберген Бексұлтанов және Арман Қалықов «Qarmet» металлургиялық комбинатының еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаттары металлургтермен әлеуметтік қорғау мәселесін талқылады

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Орталық Азияда баламасы жоқ «Qarmet» металлургиялық комбинатында 13 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бүгін Мәжіліс депутаттары еңбек ұжымымен кездесті. Халық қалаулылары металлургтерге Мемлекет басшысының реформалары мен «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы туралы ақпарат берген. Сайлаушылармен кездесулер кезінде ең өзекті мәселелердің бірі зиянды және қауіпті жағдайдағы өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер үшін ертерек зейнетке шығу мәселесі талқыланды.

«Биыл жыл басында зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң күшіне енді. Зейнетке шығатындар зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатуға міндеттеледі. Бірақ олар арнайы әлеуметтік төлемдер алады. Қызметкер 63 жасқа жеткенде, зейнетақы қорынан төлемдерге базалық және ынтымақты зейнетақы қосылады, ал республикалық бюджеттен, жұмыс берушілер мен сақтандыру компанияларынан төлемдер тоқтатылады. Айта кетейін, қызметкер жұмысын жалғастыра алады, оны ешкім себепсіз жұмыстан шығаруға құқығы жоқ», деді Мәжіліс депутаты Арман Қалықов.

Бүгінде еңбек қауіпсіздігі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, Қарағандыда қоғамдық және кәсіптік денсаулық сақтау институты қайта құрылған. Енді оның қалыпты жұмыс істеуі үшін тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет.

1

«Қазір бізде еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша бірнеше заң қаралуда. Мұнда комбинатқа жаңа инвестор келді, оның жоспарлары біртіндеп жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ бұл өндіріс ошағы, сондықтан да өкінішке қарай бір күнде барлық мәселе шешіле салмайды. Депутаттар өз тарапынан кәсіпорынның жұмысына қолдау көрсететін болады. Сіздер білетіндей, Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр», деді Асхат Аймағамбетов.

Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен инвестициялық ынтымақтастық тоқтатылған. Нәтижесінде қазақстандық инвестор компанияның иесі атанды. Ендігі ретте «Qarmet» АҚ жылдар бойы жинақталған мәселелерді, соның ішінде шикізат жеткізу, жалақыны уақтылы төлеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да мәселелерді біртіндеп шешуді қарастырып жатыр.

Мәжіліс депутаты Бауржан Смағұлов Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қалаларын көгалдандыру және инфрақұрылымын дамыту мәселелері компанияның назарынан тыс қалмауы керектігін еске салды.

Өз кезегінде «Qarmet» АҚ бас директоры Вадим Басин өндірісті газдандыру бойынша ауқымды жобаның басталғаны туралы мәлімдеді. Жоба кәсіпорыннан 25 шақырым жерде орналасқан «Сарыарқа» газ құбырына қосылу арқылы жүзеге асырылады. Осылайша кәсіпорын жылына 1,2 млрд текше метр табиғи газ көлемімен қамтамасыз етілмек. Комбинаттың газға ауысуы мазут пен сұйытылған газды пайдаланудан бас тартуға мүмкіндік береді, ал  бұл зиянды шығарындыларды кемінде 30 пайызға азайтады.

Комбинат қызметкерлері қаланы жылу және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Өткен жылдың желтоқсан айында апат салдарынан Теміртаудың біраз бөлігі жылусыз қалды. Қазіргі уақытта ЖЭО-2-де жаңа қазандықтың құрылысы жалғасуда. Бұл қазандық электр станциясының жылу қуатын 80 Гкал-ға арттырып, электр энергиясының өндірісін 60 МВт-қа ұлғайтады.

«Биылғы қыста мыңдаған адам пәтерлерінде жылусыз қалды. Жылыту бойынша ешқандай проблема болмауы керек. Бізге барлық жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады, құрылыстың аяқталуы және іске қосу-реттеу жұмыстары осы жылдың қыркүйегіне жоспарланған. Депутаттар бұл мәселені өз бақылауында ұстайды», деді депутат Құдайберген Бексултанов.

Кәсіпорын қызметкерлері тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты мәселені де көтерді. Депутаттар бұл мәселені  бақылауға алуға уәде берді.