26 Сәуір, 2015

Петропавлда «ов»-тан бірінші болып құтылған қазақ өз таңдауын жасады

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
26.04.2015  Petrppavl-1ПЕТРОПАВЛ. 26 сәуір. Алтай Қожахмет ағайды бұрыннан ел азаматы, ұлтжанды азамат ретінде білуші едік. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында студенттерге дәріс оқи жүріп, еліміздің жарқын болашағына ұмтылдыра білгені  әлі күнге дейін көз алдымызда. Абзал азаматтың батыл бастамалары мен жарқын істеріне талай куә болғанымыз бар. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұл кісінің есімі өңірде «ов»-тан  тұңғыш құтылған адам ретінде де қатты  құрметтеледі. Бүгінде 80-ді алқымдап қалса да, экономика ғылымының кандидаты,  профессор ретінде қатардан қалған жоқ. Студенттерде сабақ беріп, әркез  қызу іс қимыл үстінде жүргенін көреміз. Ақсақалмен жүздеспегелі көп болып еді. №  644 сайлау учаскесінде президент сайлауы  бір-бірімізбен  тағы жолықтырды.  Үстіне қазақтың оюлы шапанын айқара жамылып, басына  оқалы  қалпағын киіп, абыз ақсақал кіріп келгенде, зал ішінде өлі тыныштық орнай қалды.  Ешқашан ашу-ренішті білмейтін әркез күлімдеп, жайдары жүретін жүзі бүгін ерекше құлпырып кеткендей көрінді. «Қазақта «Мың естігеннен бір көрген артық» деген сөз бар. Осы жолы үстіме  халқымыздың ұлттық киімін киіп, дауыс беруге бекіндім. Ондағы мақсат – үлкендерге де, жастарға да ой тастау. Ұлттық  мәдениетіміз бен құндылықтарымызды насихаттау», деді ол. «Бүгін өзімді алғаш рет дауыс беретіндей сезініп тұрмын.  Осындай әр саяси науқанды  үлкен көңіл-күймен және  зор жауапкершілікпен қарсы аламын. Ұйқымнан сергек ояндым. Отбасымызбен  еліміздің болашағы үшін дауыс беруге ертелетіп жеттік. Мұнда жастардың қарасы мол көрінеді. Демек,  саяси белсенділік жоғары, ұйымдастыру жұмысы жолға қойылған деген пікір түюге болады», - деген  Алтай ақсақал  сайлау бюллетенін алып, кабинаға қарай беттеді. Өз таңдауын жасағаннан кейін бюллетеньді жәшікке салды. Содан кейін жастарға  аталық лебіз-тілегін арнап, елімізге амандық, бақыт  тіледі. Өмір Есқали. Дерек, сурет: egemen.kz