Тұлға • 03 Шілде, 2024

Бір әулеттен шыққан үш сардар

183 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөз бар. Бұл сөз мамандық таңдауға да қатысты. Ата-анасының мамандығын таңдап, бір саланың көрігін қыздырған әулеттер де аз емес.

Бір әулеттен шыққан үш сардар

Нағашысына тартқан

Бірақ біздің бүгінгі кейіп­керлеріміз олай емес. Тайпақтың түк­пі­ріндегі ауылда туып-өскен ағайынды Амангелдіұлдарын қиын да қызықты мамандыққа қы­зық­тырған, алып келген кәдім­гі кітап болыпты. Амангелді Қара­­ғой­шиев кеңшарда қара­пайым жүргізуші болып қызмет етке­ні­мен, үйіне көп кітап жинапты. Ал анасы Сәуле – ауыл­да 3 мың бала­ның кіндігін кес­кен айтулы аку­шер еді. Бар байлығы – балалары және жеке кітапханасы болған ша­ңы­рақта рухани құндылық, адам­гер­ші­лік қағидалары үстем тұратын.

– Әсіресе біздің, балалардың жақсы көріп оқитын екі кіта­бымыз бар еді. Оның бірі – «Тыныштық күзетінде» деп аталатын, екіншісі «Сарқабанда болған оқиға» еді. Ішінде неше түрлі қылмыстық оқиға жа­зыл­­­­­­­ған шытырман шығарманы інім Ертай екеуміз қолымыздан тас­­тамай оқыдық. Ертай сол кез­дің өзінде «милиция болам» дейтін. Бұл 70-жылдардың ортасы», деп еске алады Нұрсұлтан Амангелдіұлы.

Әулет балаларының ішкі істер саласына қызығушылығына тағы бір себеп туған нағашылары – Мәлік пен Есқара Қуандықов екеуі де Мәскеу академиясын бітір­ген офицер кадр болған екен. Екеуі де полковник шеніне жет­кен. Мәлік ағай Жымпиты ауда­нында ішкі істер бөлімін бас­қарған. «Нағашыларымыздың са­рыала түймелі әскери форма­сын көріп өстік, болашақ мамандығымызға бұл да әсер еткен сияқты», дейді Ертай Қарағойшиев.

Нұрсұлтан

Отбасының үлкен ұлы Нұр­сұлтанның ішкі істер саласына келуі оңай болмапты.

– Милиция болуды жас ке­зім­нен армандағаным рас. Мек­теп бітіргелі жүргенде ұста­зымыз Ләйлә апай Волго­град тергеу мектебінде оқып жүрген Бауыржан Сатыбалдиев деген­ курсантпен кездесу ұйым­дас­тырды. Өте қызықты кеш болды. Бұрын­нан қызы­ғу­шы­лығым бар, жанып кеттім. Бір­неше сұрақ қойдым. Қатты құл­шы­­ныс болды. Бірақ ол кезде заңгерлік оқу қол жетпес­тей көрінетін. Мектеп бітірген соң кешікпей әскер қатарына алындым. Әскерден келген соң ҚазМУ-дың заң факультетіне баруға батылым жетпеді. Сөйтіп, Талдықорғандағы заң техникумына тапсырдым. Бірақ бір орынға 15 адамнан келіп тұр екен. Құжат қабылдап отырған адам: «Сізге еш үміт жоқ-ау» деді. Содан пұшайман болып ауылға қайттым, – деп еске алады Нұрсұлтан Амангелдіұлы. Бұл 1984 жыл болатын.

Кейін Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген Нұрсұлтан біраз жыл комсомол жұмысында жүрді. Тәуел­­сіздіктің алғашқы жылдары Тай­пақ аудан­дық жастар ісі және спорт бөлімін басқарды.

– 1995 жылы желтоқсан айында Тайпақ ауданында оқыс оқиға болды. Банк ғимаратында үш адам қаза тапты. Аудандық полиция бөлімінің басшылары ауыс­ты, жеке құрам ішінде моральдық жағдайды сауықтырып, тәртіп орнату қажеттігі күн тәртібінде тұрды. Сол кезде мені ішкі істер саласына қызметке шақырды, – дейді Нұрсұлтан Амангелдіұлы.

1996 жылы Тайпақ аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс бойынша орынбасары болып қызметке кіріскен Нұрсұлтанға алғашында оңай болған жоқ. 32 жасқа келген, жасынан түрлі ұйымды басқарып, жұмыста шыңдалған жігіт, ең алдымен, қатаң тәртіпті қолға алды. Арақ ішпейтін, теме­кі тартпайтын спортшы азамат жаңа қызметіне жан-тәні­мен кірісті. Жұмыс істей жү­ріп Ішкі істер министрлігінің Қостанайдағы заң институтын оқып алды.

– Қызмет барысында талай-талай оқиға болды. 2000 жылы Томпақ деген ауылда болған 4 адам­ның өлімі тек Тайпақ ауда­­нын ғана емес, облысты дүр сілкінтті, – дейді Нұрсұлтан Амангелдіұлы.

...2000 жылдың наурыз айы болатын. Полицияға Томпақ аулынан: «Электр бағанасы­ның бойынан өлген адам табылды, тоққа соғылған сияқты. Ауыл шетіндегі үйден ешкім шықпай жатыр, қарт ерте тұратын еді» деген хабар келді. Жанына сарапшы 1-2 сержант, тергеу тобын алып Нұрсұлтан Амангелдіұлы оқиға орнына жедел жетті. «Барып қарасақ, тоққа соғылған белгі жоқ, ұрып-соққан, қылғындырған, зорлықпен өлтірілгені белгілі болды. Сосын хабарлаған кісіні шақырттым. «Танисың ба?» «Танимын. Осы ауылдағы пәлен деген қарттың баласы. Үйі ауыл шетінде, 300 метрдей жерде бөлек тұрған үй». Өлікті салып алып, үйге бардық. Түнде шамалы қар жауған еді, үйдің жанына келген мотоциклдің ізі бар екен. Айғайлап едім, ешкім шықпады. Есікті итеріп, ішке кірдім, алаша тап-таза. Пистолетімді оқтап алып, сержантты есік алдына қалдырып, ішкі үйге кірдім. Ортаңғы бөлмеде екі кісі жатыр екен, көрпе жабулы. Көрпені тартып едім, қартты көрдім, қан-қан, қылғындырып өлтірген. Көрпенің арасынан пышақ түсті. Екінші көрпенің астында кемпірі жатыр екен. Оны да қылғындырған. Үлкен жағына кірсем, жиналмаған төсек үстінде келіні етпетінен жатыр екен. Оны терезенің тюлімен қылғындырыпты. Анасының жанында кішкене бала жатыр, қимылдап қалды, «Бала тірі екен!» деп айғайлап жібердім, жалма-жан сәбиді көрпеге орап, алып шықтым. Есікті жауып, ешкім кірмеуін бұйырып, бірден облыстық басқармаға хабар бердік», деп еске алды Нұрсұлтан Амангелдіұлы.

Төрт адамның өлімі – аса ауыр қылмыс саналатын. Тайпақ полиция бөліміне «оқиға орнына ешкім жақындамасын, бұл іспен Оралдан баратын тергеу тобы айналысады» деген хабар келді. Облыстан Нұрлан Қарабеков бас­та­ған мамандар, криминалистер келіп іске кірісті. Тергеу ісі өте күрделі жүріпті. Ауыр қылмыс 21 күннен кейін ашылған...

Полиция подполковнигі Нұр­сұлтан Амангелдіұлы бұдан кейін де талай-талай оқиғаның ортасында жүрді. 2000 жылы жарты жылдай Қаратөбе аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметінде болғаны бар. Одан кейін Орал қалалық полиция басқармасында зейнет жасына жеткенше түрлі қызмет атқарды. Қалалық полиция бас­қармасында бастықтың тәрбие және кадр ісі жөніндегі орынбасары болды. Осы қызметінде жүріп те талай жетістікке жетті. Мысалы, 2000 жылы президенттік көпсайыста нысанаға тигізуден үздік шықты. Талай рет облыстың намысын қорғап, республикалық жарыстарға да барып жүрді.

Нұрсұлтан Амангелдіұлы қазір Орал қаласында тұрады, 2010 жыл­дың соңынан бері зейнет демалысында.

Ертай

Ертай Аманкелдіұлының жас кезінде-ақ жазушы Кемел Тоқаевтың детектив шы­ғар­маларын сүйіп оқи­ты­нын жо­ға­рыда айтқанбыз. «Әсі­ресе «Сар­қабанда болған оқи­ға» шығар­масынан тер­геу­ші, анық­таушы сияқты маман­дық­тардың не еке­­нін біліп, қылмыстың қалай ашылатынын, қиындығын алғаш түсіндім» дейді кейіпкеріміз.

Ертай да 10-сыныпты бітірген кезде милиция мамандығын таң­­даған. Бірақ ол кезде Орал қа­­ла­­сында заңгерлік, құқық қор­ғау бағытында оқу орны жоқ еді. Мек­­тепті жақсы бітіргенімен, қара­­­пайым жүргізушінің баласы алысқа кете алмапты. 1984 жылы Оралдың педагогикалық инс­­титутына, география-биоло­гия факультетіне оқуға түсті. 1985 жылы бірінші курстан соң әс­кер­ге кетті. Қиыр Шығыста ­бо­ры­­шын өтеп келген соң оқуын жал­­ғастырып, 1991 жылы бітір­ді. Еңбек жолын Сайқұдық аулын­да мектеп мұғалімі болып бас­та­ды.

– 1997 жылы ауылда тоқырау басталды ғой. Әсіресе ұрлық кө­бейді. Ауыл әкімі Жеңіс Оспа­нов деген азамат болатын. Біздің ауыл аудан орталығынан 150 шақырым шалғай елді мекен еді. Ауылға учаскелік полиция келмейді. Келсе де тұрақты тұруына үй жоқ. Басқа жақтың азаматтары 1-2 ай ғана тұрып, кетіп қалатын. Ауыл әкімі мені «милицияға кіріп, ауылға учас­келік инспектор бол» деп үгіт­тей бастады. «Елді қорғайық, қылмыс көбейіп кетті» деп намысымды жаныды. Сөйтіп, 1997 жылы ақпан айының 22-сінде өз еркіммен арыз жазып, милиция қатарына кірдім, – дейді Ертай Қарағойшиев.

Осылайша, Ертай Аман­гел­ді­ұлы да қарапайым учаскелік по­лиция қызметінде еңбек жолын бастады. Ол кезде күн са­йын ұрлық болып жататын. Ұры-қарының басынғаны сондай, малды қорадан алып кететін. Ауылдың жайын жақсы білетін Ертай бірден іске кірісті. Көп кешікпей көрші Қырыққұдық ­аулынан 18 бас мал айдаған ұры­лар қолға түсті. Елді қан қақсатып жүрген ағайынды жігіттер екен. Түн ішінде атқа мініп, қорадағы малды түгел айдап кетіп жүрген қарақшылардың ұрлық малды сату жүйесі де жолға қойылған көрінеді. Сайқұдық Жымпиты ­ауданымен шектеседі, ар жағынан Ақтөбе облысынан мал алушылар келеді. Күндіз малды сай-салаға жа­сырып, түнде «КамАЗ»-дарға тиеп, Ақтөбе облысына тиеп асырып отырған.

«Ағайынды ұрылар қолға түс­кен соң біраз уақытқа дейін ауыл­да мал ұрлығы су сепкендей басылды», деп еске алады Ертай Амангелдіұлы.

1998 жылы қыркүйек айында Орал қалалық полиция бөліміне ауысқан Ертай Қарағойшиев анық­таушы, аға анықтаушы болып қызмет етті. 2012 жылы БҚО Ішкі істер департаментінің Анықтау бөлімінде бастықтың орын­басары болды. 2015 жылы Жәні­бек аудандық полиция бөлі­мінің басшысы болып таға­йын­далып, 2017 жылдың соңына дейін абыроймен еңбек етті. Бүгінде полиция подполковнигі Е.Қарағойшиев жасына байланысты зейнетке шыққанымен, жоға­ры оқу орнында сабақ беріп, білімі мен тәжірибесін кейінгі жастарға үйретіп жүр.

Қуат

Амангелді әулетінің кенжесі Қуат Қарағойшиев – алдыңғы екі ағасының даңқты жолын лайықты жалғастырып келе жатқан ізба­сар. Алғашқы бух­галтерлік маман­дығын тұты­ну­шылар коопера­циясы инс­титутында алған Қуат та кейін Қостанай заң институтын бітірді. Полициядағы қызметін 1996 жылы Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті­нің қаржылай қамтамасыз ету бас­қармасына қарасты бақылау-ревизия бөлімінде аға ревизор болып бастады. Кейін аға ревизор болды. 1998 жылы БҚО ІІД-ның 9-басқармасы – жалған ақша жасаушылармен және контрабандамен күрес бөлімінің жедел уәкілі болып қызмет етті. Кейіннен қайтадан департаменттің есеп-қисап, қаржы саласына біржола ауысты. 2010 жылдың ақпан айынан бері БҚО Полиция департаментінің қаржы басқармасын басқарып келеді. 2013 жылдан бері полиция полковнигі.

– Қуат Амангелдіұлы – Ішкі істер органдарының үздігі төс­белгісінің иегері. Ұзақ жылғы қажырлы қызметі үшін көпте­ген мемлекеттік марапатқа ие болды. 2021 жылы «Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсізді­­гіне 30 жыл» мерейтойлық меда­лін өңіріне тақты. 2015 жылы өзінің атқарып отырған қыз­метіне лайық­тығы жөнінде және бұдан да жоғары лауазымдарды атқаруға ұсыну үшін кадр резервіне тіркеуге алынған, – дейді БҚО Ішкі істер департаменті баспасөз орта­лығының қызметкері Асылай Ғұбашева.

Міне, бір әулеттен шыққан үш сардардың еңбек жолы осындай. Әу баста әдеби кітаптан басталған әуестік жас ұландарды мамандық таңдауға, Отан тыныштығын күзету жолына алып келіпті. Әдебиеттің әсері, шығарманың күші деген осы. Мүмкін біздің кейіпкерлеріміздің өнегелі өмір жолы осы жолдарды оқып отыр­ған жас буынға әсер етер. Олай болса, біздің де еңбегіміз текке кетпегені.

Батыс Қазақстан облысы

СУРЕТТЕ: Нұрсұлтан, Қуат, Ертай әкесі Амангелді және анасы Сәулемен бірге