Руханият • 02 Шілде, 2024

Абай университетінде Науаи орталығы ашылды

116 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде түркі халқының ұлы ақыны, мемлекет қайраткері Әлішер Науаи атындағы орталық ашылды. Екі ел арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған игі шара «Науаи мен Абай: жалпыадамзаттық құндылықтар сабақтастығы» халықаралық форумымен жалғасын тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай университетінде Науаи орталығы ашылды

Іс-шараға Өзбекстан елшілігінің, Бас консулдығының, Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің, Ә.Науаи атындағы Науаи мемлекеттік педагогикалық институтының, Шыршық мемлекеттік педагогикалық университетінің, Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің, Алматы қаласындағы Өзбек ұлттық-мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің өкілдері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталып, бұл бастама екі ел арасындағы ғылыми және академиялық қоғамдастықтың ары қарай ілгерілеуіне тың серпін беретінін атап өтті. «Бауырлас елдеріміздің ынтымақтастығы өзара сыйластық, достық және тату көршілікпен ұштасып жатыр. Абай мен Науаидың құрметіне ұйымдастырылған форум соның айғағы. Біздің ортақ мақсатымыз – рухани және мәдени құндылықтар сабақтастығын дамыту, сондай-ақ екі елдің жоғары білім мен ғылым саласын жаңғырту», деді ректор.

лд

Қазіргі қоғам дамуының рухани, тарихи және философиялық негіздерін насихаттау, ұлы ойшылдардың идеяларын зерттеуге бағытталған форумда Өзбекстанның Алматыдағы Бас консулы Абдурахим Каюмов мемлекеттер дсотығының арқасында Науаи мен Абай шығармаларында көрініс тапқан ортақ мәдени мұра, ұлы ойшылдардың адамзаттық құндылықтарға негізделген рухани қазынасын сақтау мен зерттеу ісінің жалғасын таба беретіндігін атап өтті.

«Бұл іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Бүгінде білім алмасуды нығайтуда үздіксіз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі – Абай университетінде ұлы ақын Науаи орталығын ашу болып отыр. Жақын арада Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университеті Орталық Азия мемлекеттері мен мәдениеті институтының жанынан Абай орталығын, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін ашу жоспарланып отыр», деп атап өтті өз сөзінде Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшінің кеңесшісі Ерғали Қыстаубаев.

л

Форумда екі елдің мәдени мұрасы мен рухани дамуының маңызды салалары талқыланып, Науаи мен Абай шығармашылығының әлемдік мәдениеттегі әдеби-көркемдік бағыттардың дамуына ықпалы, өзектілігі талқыланды. Абай университетінің бұл игі бастамасы алдағы уақытта екі ел арасындағы  білім мен ғылым саласындағы байланыстары нығайтуға ықпал ететін болады. Рухани байланыс Өзбекстан университеттері ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге, жаңа ғылыми бағыттарды құруға бағытталып отыр. Жоғары оқу орындарының көшбасшылығы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін зертханалар мен халықаралық ғылыми мектептер құру жоспарлануда. Мамандарды даярлаудың түрлі бағыттары бойынша бірлескен диссертациялық кеңестер ашу, қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен академиялық ұтқырлықты кеңейту де жоспарланып отыр.

Форум  «Әлішер Науаи мұрасы: ғылым, білім және тәрбие синергиясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік семинармен жалғасын тауып, «Науаи оқулары: «Науаи – әлем тілдерінде» мәнерлеп оқу конкурсы, оқытушылар мен студенттер арасындағы Науаи шығармашылығына арналған пленэр өтіп, қатысушылар Алматы қаласындағы студент жастардың шығармашылығымен танысты.

АЛМАТЫ