26 Сәуір, 2015

Мемлекет басшысы дауыс беру рәсіміне қатысты

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
26 04 - Elbasi АСТАНА. 26 сәуір. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 81-ші сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Бүгінде елімізде тарихи маңызды оқиға – жалпыұлттық Президент сайлауы өтуде. Отандық және шет мемлекеттердегі сайлау учаскелерін алатын болсақ, олардың саны 9700-ден асады және 9,5 млн-ға жуық адам дауыс беру құқына ие. Бүгін бұл азаматтардың әрбірі өз конституциялық құқығын орындап, өз болашағын таңдай алады, болашақ бағытымызды айқындап, билікке баға бере алады, – деді Н.Назарбаев дауыс беру рәсімінен кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында. – Осы сайлауға бір кісідей атсалысқан барлық бақылаушыға, тілшілер қауымына, БАҚ өкілдеріне алғысымды білдіремін. Бәріңізге рахмет!». Естеріңізге сала кетейік, дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін 9741 сайлау учаскесінде өтеді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерінің жанынан ашылған 65 сайлау учаскесі бар. Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының алдын ала қорытындысы 27 сәуірде жарияланады. Дауыс беру аяқталғаннан кейін учаскелік сайлау комиссиялары 12 сағаттың ішінде дауыстарды санауға міндетті. Осыдан кейін құжаттар аумақтық сайлау комиссияларына жеткізіліп, әрбір сайлау комиссиясы деңгейінде дауыс берудің алдын ала қорытындысы бойынша сәйкесінше хаттама жасалады. Ал 7 күннің ішінде сайлаудың соңғы қорытындысы шығарылады. Ләйлә Едіқызы. Дерек: egemen.kz. Сурет: nur.kz.