Құқық • 28 Маусым, 2024

Полиция жұртқа жақын ба?

172 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады», деген еді.

Полиция жұртқа жақын ба?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекет басшысы еліміздің ішкі істер органдарында «Жұрт­қа жақын полиция» қағидатын енгізуді тапсырған болатын. Осы бағытта Ішкі істер министрлігі (ІІМ) арада өткен бес жылға жуық уақыт ішінде жұрт көңілінен шы­ғатындай жұмыс атқарды ма? Бұл сауалға Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ-нің биылғы 22 қаңтарда өт­кізілген кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзінде жауап берді деуге болады.

«Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтау­ға болмайды. Осындай жағдай­лар бүкіл жеке құрамның жұмы­сын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қа­тарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіре­ді. Қызметкерлерін дер кезін­де тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек», деді Президент.

Әділі керек, елімізде қоғам­дық тәртіп орнатуға бағыттал­ған жұмыстар өз нәтижесін бе­ріп, жасалған қылмыстар саны азайып келеді. Мәселен, Бас про­куратураның Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу жө­ніндегі комитетінің мәліметі­не қарағанда, республикамызда бұрнағы жылы 136 429 қылмыс тіркелген болса, былтыр бұл көр­сеткіш 120 842-ге дейін немесе ­11,4 пайызға азайған. Алайда елор­да мен үш өңірде қылмыс саны ­тіпті ұлғайып кеткен. Астана қала­сында бұрнағы жылғы ­14 672-ден ­14 830-ға дейін, (немесе1,1 па­йызға), Абай облысында тиісінше ­2227-ден ­4736-ға дейін (112,7 пайызға), Жетісу облысында 1777-ден ­3191-ге дейін ­(79,6 пайызға), Ұлытау ­облысында ­727-ден 1191-ге дейін (63,8 пайызға) көбейген.

Өкінішке қарай, былтыр полиция қызметкерлері тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар жиілеп кеткен. Бұрнағы жылы олардың саны 298 болса, өткен жылы 368-ге дейін немесе 23,5 па­йызға ұлғайған. Бұл ретте, әсіресе Шымкент қаласының полицей­лері «ерекше көзге түсіп», құқық бұзушылық санын тиісінше 23-тен 81-ге дейін, яғни 252,2 пайызға ұлғайтқан. Олардың ізін басқан әріптестері – павлодарлықтар бұл келеңсіз көрсеткішті 9-дан 19-ға (111,1 пайызға), қостанайлықтар 13-тен 24-ке дейін (84,6 пайызға), астаналықтар 21-ден 31-ге дейін (47,6 пайызға), атыраулықтар 9-дан 13-ке дейін (44,4 пайызға), түркістандықтар 17-ден 24-ке дейін (41,2 пайызға), жамбылдықтар 13-тен 18-ге дейін (38,5 пайызға) көбейткен.

Қоғамдық тәртіп сақшы­ла­рының бір бөлігі азаматтарға адал да сыпайы қызмет көрсетудің орнына, әкіреңдеп қалған әдет­терінен арылмай, ескіше жұмыс істеп жүргендігіне биылғы сәуір айында Атырау облысы Қызыл­қоға ауданының Сағыз ауылында болған қайғылы оқиға – айғақ. Нақты айтсақ, полицияның екі капитаны мотоцикл жүргізіп бара жатқан 17 жасар бозбаланы өздері мінген қызметтік кө­лікпен соңынан қуып, қатты соқтығысып, ол соның салдарынан қазаға ұшыраған. Осы жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Екі полицейдің іс-әрекетіне қатысты жүргізілген қызметтік тергеу нәтижесінде олардың біреуі ішкі істер орга­нындағы қызметінен теріс себеппен шығарылған, екіншісі атқарып жүрген лауазымынан босатылған.

Полицейлер арасындағы қыл­мыстық құқық бұзушылық, әсіресе есірткіге қарсы күрес саласында жиі байқалып жүр. Осы орайда Мемлекет басшысының жоға­ры­­да аталған ІІМ-нің кеңейтіл­ген ­­алқа отырысында сөйлеген сө­зін­­дегі: «Мен бірнеше рет осы мәсе­­леге қатысты тапсырма бердім. Алай­да ауыз толтырып айта­тын нә­ти­же жоқ. Полиция есірт­кі өн­діру, оны сату және та­ратуға қар­сы белсенді күрес жүр­­гізуі керек. Науқаншылдық, көз­бояу­шы­лық және статистика үшін жұмыс ­істеу дегенді тоқтату қажет», деген ­өткір сыны жайдан-жай емес.

ІІМ-нің мәліметіне сүйен­сек, 2018 жылы полицейлер 5 кило психоактивті заттарды тәр­кілесе, осы жылдың 4 айында ғана 234 кило «синтетиканы» қолға түсірген. 3 мыңдай құқық бұзу­шы құрықталып, 700-ден аса өткі­зу жолы жабылған, 6 ұйымдас­қан қылмыстық топ жойыл­­ған. Оларға қатысты 11 қылмыстық іс қозғалған. Кейінгі үш жылда 114 жасырын есірткі зертханасы табылып, соның 52-сінде синтетикалық есірткі дайындалып келген. Алайда, полицейлер есірт­кіге қарсы күреске барлық күш-жігерін салып отыр деу қиын. Себебі олардың кейбіреулері осы қылмыстық «бизнеспен» тікелей айналысқандығы немесе есірткі таратушыларға «қамқоршы» ­болып жүргендігі туралы деректер аз емес.

Мысалы, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызмет биылғы сәуір айында Жамбыл облысы Полиция депар­та­ментінің ауданаралық есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл бөлімінің екі бөлім­шесінің бастықтарына, полиция подполковниктеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүр­гізіп жатқанын хабарлады. Олар есірткі заттарын заңсыз сақтаған адамды қылмыстық жауапқа тартпау үшін 5 млн теңге пара сұраған көрінеді.

Мамыр айында Ұлттық қауіп­­сіздік комитетінің қыз­мет­кер­лері Алматы облысы По­лиция департа­мен­тінің өзін­дік қа­уіп­сіздік басқармасымен бірлесіп, Алматы қаласында синтети­ка­лық есірткінің ірі партиясын сату­мен шұғылданып жүрген Алматы облысы Полиция департа­менті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бас­қар­масының полиция майоры шеніндегі қызметкерін ұстаған.

Маусым айының басында ҰҚК-нің Шығыс Қазақстан облысы бо­йынша департаменті облыс про­куратурасының үйлестіруімен облыс Полиция депар­таменті­нің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басты­ғы, полиция подполковнигі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша қозғаған қылмыстық істі тергеп жатқа­ны мәлім болды. Өскемен қаласы­ның тергеу соты оны қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берген.

Көші-қон полициясы қыз­мет­кер­лерінің арасында да «алтын көрсе жолдан тайып» жүре беретін «періштелер» жылда ұста­лып, қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Биылғы сәуір айында ҰҚК-нің Жамбыл облысы бойынша департаменті Полиция департаментінің өзін­дік қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, Тараз қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметінің екі қызметкерін ұстаған. Оларға елімізге заңсыз келген шетел азаматтарына «жал­пы қамқорлық» жасағаны үшін 500 мың теңге көлемінде пара алды деген күдік келтіріліп, қыл­мыстық іс қозғалған.

Сонымен ішкі істер орган­дарындағы «қой терісін жа­мылған қасқырлардан» арылмай, «жұртқа жақын поли­ция» қағидатын жү­зеге асыру оңайға соқпайтын сияқты. Де­ген­мен ІІМ басшы­лығы өз жүйесінде темірдей тәр­тіп орнату шараларын қолға алып жат­қандығы көңілге үміт ұялатады. Нәтижесінде, биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша еліміз­де жасалған қылмыстар саны был­­тыр­ғы сәйкес кезеңдегі ­51 945-тен 48 138-ге дейін, яғни 7,3 пайызға азайған. Полиция қызметкерлері тарапынан жол бе­рілген құқық бұзушылықтар да тиісінше 205-тен 128-ге дейін немесе 37,6 пайызға кеміген. Осы оң үрдіс алдағы уақытта дәйекті жалғасын тапса, қоғамдық тәртіп ныға­йып, «Жұртқа жақын полиция» қағидаты өмір шындығына айналатынына күмән жоқ.