Сараптама • 28 Маусым, 2024

Жас тарихшылардың ізденісі

298 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Отандық тарих ғылымын дамыту – бүгіннің өзекті мәсе­лесі. Сондықтан осы бағытта тарихшыларға артылып отырған міндет те зор, жауапкершілік те жоғары. Еліміз егемендігін алғаннан бері отыз жылдан аса уақыт өтті. Осы аралықта тарих ғылымы саласында жүздеген ғылым кандидаты мен ғылым докторы қалыптасты. Сондықтан да аталған ғылымның қазіргі жағдайын зерделеу аса маңызды.

Жас тарихшылардың ізденісі

Фото: e-history.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жыл­ғы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты Жолдауында: «Әрбір халық өзінің тарихын басқа идеологиясыз өзі жазуы керек, өйткені ұлт­тық мүдде тұрғысынан жазыл­ған тарих ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүм­кін­дік береді», деп атап өткен бола­тын.

Тәуелсіздік жылдары ел тарихына қатысты жас ғалымдар қорғаған ғылыми диссертациялар отандық тарихтың дамуына қомақты үлес қосты. Мәселен, 2011-2023 жылдар аралығында елімізде тарих мамандығынан РhD (6D020300 – Тарих) бағдарламасы бойынша 46 диссертация қорғалды. Жалпы, тарих саласында РhD 47 адам қорғаған. Өйткені тарих мамандығы бо­йынша ­1 РhD диссертациялық зерттеу Астанадағы Ұлттық ака­де­мия­лық кітапхананың электронды каталогінен табылды.

ыв

Көнеден бастау алған бай тарихымыз ежелгі заман Қазақстан (б.з. V ғ. дейін), орта ғасырлардағы Қазақстан (VI-XVII), жаңа замандағы Қазақстан (XVII-XIX), қазіргі заманғы Қазақстан (XX) деген төрт кезеңге бөлінеді. Ал 2011 жылдан бергі қорғал­ған ғылыми диссертацияларды сараптағанда, ежелгі заман бойынша – 2,12%, орта ғасыр бойынша – 25,53%, жаңа заман бойынша – 48,93%, қазіргі заман бойынша – 23,40% ғылыми жұмыс қорғалды. Негізінен, ғылыми диссертациялардың 48,93%-ы жаңа заман тарихы тақырыбында қорғалып отыр. Алайда орта ғасыр мен қазіргі заман тарихы бағытында қорғалған ғылыми еңбектердің үлес салмағы шамалас. Әсіресе ежелгі заман тарихы бойынша қорғалған диссертация­лар саны өте төмен. 

Қазіргі заман тарихы кезеңі­не қатысты 11 диссертациялық жұмыс қорғалған. Диссер­та­циялық жұмыстың 6-ауы (45,4 %) қазақ тілінде, ал 5-еуі (54,5) орыс тілінде қорғалған.

Тәуелсіз Қазақстан тарихына арналған диссертацияларды сараптағанда, мәселен, «Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасу және даму тарихы (1991-2015)» (Нұр-Сұлтан, 2019. - 151-б., диссертация) атты жұмыста автор бүгінгі Қазақстанның қалыптасу және даму тарихы, мемлекеттік инс­титуттардың құрылуы, оны үйлестіру жолдары, қоғамның демократиялық жолға түсуі, әлеуметтік-эко­номикалық, мә­дени-рухани дамудың алғы­шарттары, сонымен бірге егемен ел ретіндегі сыртқы сая­саттағы басымдықты айқын­дау мәселелерін жан-жақты ­са­раптаған. Шынымен де азат­тығын енді алған қазақ елі­нің жағдайында ұлттық сана­ны жаңғыртып, тарихи таным көкжиегін кеңейту үшін хал­қы­­мыздың кешегі жүріп өткен жолын жаңаша көзқараспен жазу мен тарихымыздағы «ақтаң­дақ­тардың» орнын толтыру қажет екені анық.

пр

Зерттеуші 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын атап өту – отандық зерттеушілердің назарын Қазақ мемлекеттілігінің ежелгі тарихына аударып, тың тақырыптарға құлаш ұрғанын жазған. Соның ішінде 1995 жылы қабылдан­ған халықтың тарихи санасын қалыптастыру тұжырымдамасы, 2000 жылы өмірге келген Қазақ­стан тарихшыларының қауым­дастығы, «Мәдени мұра» бағ­дарламасы, 2011 жылы құрылған тарихшылардың ұлттық конгресі, оның бергі жағындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», «Ұлттық тарих жылы» және басқа да ұлы дала тарихындағы айтулы оқиғалар мен тұлғалар жылы жариялануы, отандық зерттеушілерімізді осы тақы­рыптарға бағыттап, жұмыл­ды­рылған саясат болғанын зерделеген. Сондай-ақ автор ғылыми еңбегінде осы кезеңде мем­лекет алдында жастарды жаңа­ша тарихи көзқараспен оқы­ту мен тәрбиелеу міндеті тұр­­ға­нын айта келіп, келешек ұр­пақтың тарихи санасын қалып­тастырып, тарихи жадын жаң­ғыр­туға үлес қосқанын тұжырым­дай­ды.

Отандық тарихнамада алғаш рет ХХ ғасырдағы Қазақстан астаналарын құру және көшіру үдерісінің мемлекеттік ұлт­тық құрылысқа әсер ету деңгейі кешенді түрде зерттелген. Қазақ­станның жекелеген астаналарын нақты тарихи жағдайға байланысты көшіру үдерісіне әсер еткен негізгі себептер, азамат­тық қо­ғамды мемлекеттіліктің ­ау­мақ­­тық орталығы төңірегіне топ­тас­тырудың сыртқы сын-қатер­лері айқындалып, жүйе­ленді. Елорданы көшіру үдері­сінің тарихи заңдылықтары мен ерекшеліктері анықталып, ұлттық және халықаралық деңгейде астана мәртебесіне тән рәміздер және салтанатты рәсімдер, мемлекеттік атрибуттар зерттелген.

Бүгінге дейін мемлекеттік тіл мәртебесі өзекті мәселенің бірі. Сондықтан «Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты (1991-2015)» (Қарағанды, 2018. – 149-б. дисс.) тақырыбындағы дис­сертациялық зерттеуде 1991-2015 жылдардағы еліміздегі тіл сая­сатының тарихы кешенді зерделенген. Сондай-ақ зерттеудің өзек­тілігі еліміздегі тілдік рефор­ма­ның күрделі үдерісін жан-жақ­ты талдау қажеттілігімен негіз­де­леді.

Сондай-ақ «Ертіс өңірінің киелі географиясы: тарихи-мәдени зерттеу» (Нұр-Сұлтан, 2021. – 157-б. дисс.) тақы­ры­бындағы ғылыми жұ­­­мыста қазіргі жаһандану үде­рі­сінде хал­қы­мыздың ұлттық сана тұтастығын сақтап, тарихи жадыны қайта жаңғырту мақсатында Ертіс өңірін мекендеген бабалардан мұраға қалған халықтың тарихи-мәдени, ұлттық-рухани құн­дылықтары – киелі жерлері мен қасиетті нысандары бір арнаға жүйеленіп, ғылыми талданып, тарихи зерделенеді. Еліміздегі киелі жердің бірі – Ертіс өңірінің тарихи-мәдени орындары зерделеніп, анық­талған. Осылайша, тарихи жадты сақтаудың маңызы, қоғам­ның рухани жаңғыруының әлеуметтік-мәдени рөлі көрсе­тілген. Сондықтан бүгінгі Қазақ­стан тарихы үшін толық та­ным болмаған рухани, мәдени, гео­гра­фиялық, сәулет атауларын бір арнаға жүйелеп, оның тарих­тағы орнын анықтау – отан­дық тарихымыздың өзекті мәсе­ле­ле­рі­нің бірі болып отыр.

Қорытып айтқанда, ежелгі заман тарихы бойынша диссертация­лар мүл­дем аз қорғалғанын байқадық. Сон­­дай-ақ орта ғасыр мен қазіргі заман тарихы бо­йын­ша да қорғалған ғы­лыми еңбектер көңіл қуантарлық емес. Әсіресе қазіргі заман тарихы мә­селе­леріне қатысты дис­сер­та­ция­лық жұмыстарды қорғау ісіне ерекше көңіл аудару қажет. Сонымен бірге тарихи тұлғалар бойынша қор­ғал­ған ғылыми жұмыстар саны да мар­дымсыз.

 

Зәуре АРЫНОВА,

Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері