Президент • 27 Маусым, 2024

Тоқаев Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтты

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтіп жатыр. Жиында Президент құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолында БАҚ қызметкерлерінің орны ерекше екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

 

Тоқаев Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтты

Жақында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болатын арнайы заң күшіне енді. Бұл – өте қажетті құжат. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – баршаңызға айқын. Еліміздегі әрбір шаңырақ қазақ отбасының үлгісіне айналуы керек. Әрине, қабылданған заң барлық қатерді бірден жойып жібермейді. Бұл – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Заң жазалау үшін емес, ең алдымен, құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу қажет. Осы жолда ақпарат өкілдерінің рөлі ерекше, - деді Мемлекет басшысы. 

Президент сондай-ақ қоғамның қасіретіне айналған лудомания туралы да сөз қозғады.

Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді. Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым, - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өткенін атап өтті. 

Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Ал бүгін Сенат лудоманияға қарсы заң жобасын қарайды. Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын, деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Президент аталған Заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімді екенін айтты. Және орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бей-жай қарамай, заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтты.