Руханият • 27 Маусым, 2024

Мақтымқұлы мен Абай: дүниетаным сабақтастығы

124 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Түркіменнің ұлы ақынының туғанына 300 жыл толуына орай, Түркі мәдениетін және өне­рін дамыту Халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) 2024 жылды Мақтымқұлы жылы деп жариялады. Күллі түркі әлемі атап өтіп жатқан ақынның 300 жылдық мерейтойы қазақ елінде де кеңінен аталып жатыр. Мақ­тымқұлы бұрындары түркімендер арасында кеңінен танымал болса, уақыт жылжып, замана алға жылжыған сайын ақынның артына қалдырған рухани мұрасы түркі әлемінің, одан қалды әлемдік әдебиеттің тарихынан өзіне лайықты орнын иелене бастады.

Мақтымқұлы мен Абай: дүниетаным сабақтастығы

Биік таулар, биікпін деп шіренбе,

Сен де бір күн жермен-жексен боларсың.

Терең мұхит, тереңмін деп түнерме,

Сен де бір күн суалып, шөл боларсың.

Лұқпандай тапсаң, дерттің дауасын,

Рүстемдей жыртсаң, жаудың жағасын,

Ескендірдей алсаң, дүние қаласын,

Сонда-дағы жер қойнына барарсың.

Осы бір өлең жолдарын біздің ұр­пақ жастайы­мыздан құлағымызға құ­йып өстік. Ауылда өткен түрлі жиын-той­лар­да, концерттерде, радиодан тер­ме ма­қамымен айтылатын өлеңнің ырғағы да, ой-мазмұны да жүректерге жол тауып, ойын қозғап, өшпестей із қалдырып жататын. Ол кезде осындай терең ойлы өлеңнің авторы кім екен деген ойымызға кіріп те шықпайтын. қа­зақтың халық әні, не болмаса бір ақын-жыраудың жыры шығар деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, кейін барып білдік, туысқан түркімен халқының ұлы ақыны Мақтымқұлының қазақтың кең даласын жырға, адамдардың сана-сезімін нұрға бөлеген түркілік адами құндылықтармен ізгілендіре түсетін өмір жайлы терең ойлы өміршең өлеңі екен.

«Сұм өмір абақты ғой саналыға» (Мағжан). Мақтымқұлы өмір сүрген заман да түркімен тарихындағы қайшы­лықтары барынша шиеленіскен ең бір ауыр кезең болыпты. Басқа түскен бар ауыртпалықты халқымен бірге көтерісе білген ақын өмірдің қалың ортасында жүріп сабақ алып, шыңдала түскен. халқының сөзін сөйлеп, мұң-зарын, арман-аңсарын жырлап, тағдырын туған халқының жарқын болашағына арнаған, бақыты үшін күрескен абзал азамат болып қалыптасқан.

Мақтымқұлы, ғаріптардың көз жасы,

Тасты ерітер, тауларды жағар.

Пақырға жәбір еткен залымның ісі,

Таңда Мақшарда сыбағасын алар, –

деп жырлаған ақын қашанда болсын әділеттілікті іздеп, халықпен бірге жү­реді. Адамдардың бойындағы жын-шай­тандарды қоздыратын арақ пен шарап­тың бет алысынан шошынып, «Ақырзаман жақындады ма, білмедім» деп қауіп қылады. Өмірде болып жатқан келеңсіздіктердің барлығы ақын жанын жаралап, жүрегіне салмақ түсіреді:

Мақтымқұлы жүрегіне қан толды,

Кім жібітер қатып қалған бар тоңды?

Алды азап, болса екен арты оңды,

Құса жанның табар екен кім емін?..

Осы жерде Мақтымқұлыдан жүз жылдай кейін қазақ даласында жасап, «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» дейтұғын ұлы Абайдың поэзиясында да отаршылдықтың салдарынан азып-тозып бара жатқан халқының жай-күйін жырлағанда жүрек сөзінің жиі кездесетінін айта кеткен жөн. Мақтымқұлы «Ішім – жара, сыртым бүтін жүремін» десе, «Ішім өлген, сыртым сау» деген Абайдың «Жүректе қайрат болмаса», «Ауру жүрек соғады жай», «Жүрегім менің қырық жамау», «Жүрегім нені сезесің», «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас», т.б. өлеңдерінде «махаббат ғадауатпен майдандасқан» жүректің адамның адам болып өмір сүруіндегі аса маңызды қызметі барынша ашыла түскен.

 Күнде жүз мың ол дүниеге кеткенмен,

Бұл дүниеге келгендер де бар шығар.

Жүз мың ақымақ жөнін білмей өткенмен,

Түзу жолға түскендер де бар шығар».

«Араласаң дүниенің жан-жағын,

Алысып тұр адал, арам, аруақ, жын.

Талай жандар тамақ іздеп жүргенде,

Талай қарық болғандар да бар шығар, –

деп жырлаған түркімен ақыны бола­шаққа үлкен үмітпен, сеніммен көз тігеді.

Өмірдің түрлі қайшылығы барынша асқынып жатқан заманда тығырықтан шығар жолды іздеп ақын жүрегі шарқ ұрады, өмірдің тылсым тұстарына тел­міре қарап, терең ойлардың жетегінде толғана түседі. «...бұл дүниенің бәрі сын» деп білетін ойшыл ақын поэзиясының бүкіл болмысы, идеялық бағыты, дүние­танымы «Дүние» өлеңінде анық бай­қалады.

Төсіменен толқын жарған кемені,

Бір күндерде төңкересің, дүние-ай!

Қасарыссаң, қапелімде пәндені,

Баспанасыз қалдырасың, дүние-ай!

Еш білмейсің қашан демің тынарын,

Қабір өлшер әрбір басқан қадамың.

Дүние қуып ғапыл жүрген адамның,

Үстін баса жол саласың, дүние-ай!

Ұлылар байлауы жоқ мың құбылған түсініксіз замандарда адамдар қайткенде адам бо­лып қалады деген сауалға тура жолды көр­сетіп, олардың бойындағы ізгілікті асыл қасиетте­рін әспеттей білуімен, жырлай білуімен ұлы. Мақтым­құлыны да биікке көтеріп тұрған ақын жыр­ларындағы жалпыадамзаттық ұлы идеялар­дың түркілік дүниетаным тұрғысынан асқақтаған жыр жолдарына айналуында жатса керек.

Ақын поэзиясының тақырыптық аясы өте кең. Сол кездегі түркімен өмірінің ол жырламаған саласы жоқ деуге де болады. «Мақтымқұлы, дүние сырын айтшы сен, Бүгінгіні ертең іздеп тапшы сен» деп жырлаған ақын «Мақтымқұлы, не көрсең де сабыр ет, Жаратқанның бұйырғанын қабыл ет», деп халқын сабырға, жаратқанның бұйырғанына көнуге шақырады.

Сол кездегі Шығыс шайырлары секілді Мақ­тымқұлы да халқын «Мұқтажыңды хақтан өзге білмесін», «Құдіреті көп Алла бізді жаратқан, Әр ісіне ақылымыз болар таң», «Шамаң келсе, мұныңды шақ Аллаға», «Білімдінің көкірегі болар кең,  Алла оның ақыл, көркін еткен тең», «Әр адамның келсе неге шамасы,  Соны ғана қаламақшы Алласы», «Мақтымқұлы, шүкір деші Аллаға,  Өлім бірдей жарлыға да, ханға да,  Сабырсыз жан ұшырамақ әр неге,  Сабырлы жан тү­бінде бір шат болар», «Тәубе қылмай, тәңірім кешпес хатасын», «Бұйрық келсе Алладан,  Еш нәрсе де қалмаған», «Мақтымқұлы, шүкір деші Аллаға», «Қадір Алла, жібере гөр көктен нұр,  Бір сілкінсін шаң-тозаңға бөккен нұр», т.б. деп халқын қиын кездердегі өмір сынақтарында шыдамдылық танытуға, сабырлы болуға, асып-таспауға, имандылыққа шақырған.

ХІХ ғасырда жасаған қазақтың ұлы ақыны Абай да ең алдымен «Алланың сөзі де рас, өзі де рас», «Адамды сүй, алланың хикметін сез» деп, отаршылдықтан әбден азып-тозған халқын жер бетіндегі тіршілік атаулының жаратушысы бір Алланы сүюге шақырған. Алланы сүйген адам сол алла жаратқан адамзаттың бәрін сүйгенде ғана бақытты өмір сүре алады деген негізгі ойлар ақын поэзиясының орталық өзегін құрайды.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және хақ жолы деп әділетті, –

деген Абайдың бір шумақ өлеңінің өзінде кезінде Ясауи, Мақтымқұлылар жырлап өткен жаратқанды, жалпы адамзат баласын сүйіп, құрметтей білген кезде ғана адамдар бақытты өмір сүре алады деген мәңгілік идеялардың тереңдей түскендігін, тұтастай дүниетанымдық жүйеге айналғандығын байқаймыз.

Мақтымқұлы:

«Бір жолда – күнә, бір жолда – сауап.

Ғарасатта сенен сұралар жауап.

Адалда – зейнет, арамда – бейнет.

Бұл ақиқат, ұмытпа бұны!» –

деп жырласа, Абай:

«...Адам болам десеңіз,

Тілеуің, өмірің алдыңда.

Оған қайғы жесеңіз,

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз...» –

деп адам болып қалудың негізгі ұста­нымдарын, адал еңбекпен табысқа же­тудің жолдарын, ол үшін ең алдымен уа­қытты босқа өткізбей із­ден, ғылыммен айналысу қажеттігін тайға таңба басқандай айтып отыр. Бұл жерде Мақ­тым­құлының да, Абайдың да адамды адам қылып сақтайтын адал еңбек ету, ал қулық-сұмдықпен арам өмір сүру­дің арты азап екенін жырлауы екі ақын­ның да гуманистік биік өресін бай­қатса керек.

Мақтымқұлы адам өміріндегі сөзге ерекше мән берген:

«О, жарандар, жетесі жоқ адамның,

Мың айтсаң, бір көкейіне сөз қонбас.

Кәдесі сол қашан болса жаманның,

Өлтірсең де өз қанына тең болмас.

Сөз білмесең, білгеніңді айтпасаң,

Сөз сөйлетіп, сөз асылын тартпасаң.

Жорық жүріп, тура қарап атпасаң,

Атқан оғың нысанаға дәл бармас».

Абай да адам жанының айнасы сөздің құдіреті, оның қисыны жайлы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасын» жазумен бірге бұл тақырыпқа дүркін-дүркін соғып отырған. Мысалы, «Сегізаяқ» өлеңіндегі

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған.

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған –

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең, өзің біл...

...Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бәһра ала алмас.

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ – ойға олақ... –

деген жыр жолдарында қазақтарға қарай айтылған ойлардың Мақтымқұлының түркімендерге айтқан сөзімен сабақтасып жатуынан қатар жатқан екі елдің сөзге деген ұғымындағы сабақтастық анық байқалады.

Өмірдің өтпелілігін он сегізінші ғасырда жасаған түркіменнің ойшыл ақыны:

«Тұрлауы жоқ дүние өтіп барады,

Бірге келіп, бірден кетіп барады.

Ескендірдей шалқып өткен жан бар ма,

Олардың да басынан той тарады...

Дүние үшін қайғыланба, ендеше,

Сабырлық ет берсе-дағы, бермесе.

Ажал келіп алар әлі-ақ жағаңнан,

Бұл дүниенің өтеріне сенгенше...» –

деп бес күн жалғанның сырлы сипатын сөзбен зерлеп, күңіреніп өтіпті. Жырды оқып отырғанда, ХVІІІ ғасырдың өзінде де мың құбылған өмірдің өлеңге, өнерге айналған байлауы жоқ сырлары бүгінгі ХХІ ғасырдың оқырманының да бойын шымырлата билеп, ой тереңіне қарай тарта беретінін байқағандайсың.

Иә, араларына ғасыр салып, түркі әлемінің екі түкпірінде өмір сүрген қос кемеңгердің бір-біріне ұқсастығы екеуінің де түркілік дүниетанымының тереңдігінде, аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатқан халқының басына төнген қауіп-қатерлерді жүрегімен сезініп, даналығымен түйсініп, кем­шіліктерін жеріне жеткізе айтып, одан құтылудың сара жолдарын дұрыс көрсете білуінде, болашағына сенуінде жатса керек. Ұлы ақындарымыз армандап, жырға қосып, осылай болса екен деп көрсетіп кеткен рухани бағыт ұлы Абай поэзиясында тұтастай бір ұлттық, түркілік, жалпыадамзаттық биікке көтеріліп, қоғамдық дамудың бірден-бір дұрыс жолына айналғандығын бүгінгі өміріміз дәлелдеп отыр. Біздің «Абай жолы» деп жүргеніміз – осы жол.

Түркімен халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемі­нің ойшыл ақыны Мақ­тымқұлы шығармаларымен қазақ оқыр­мандары біршама таныс. Ақынның өлең­дері «Таңдамалы өлеңдер», «Таңда­малы», «Өлеңдер», «Жыр жинағы», т.б. та­қырыптармен 1947, 1959, 1968, 1983, 2014, т.б. жылдары қазақ тілінде жарық көрген. Түркі әлеміне әйгілі ақынның жау­һар жырларын қазақ тіліне Ғали Орманов, Ғафу Қайырбеков, Дүйсенбек Қанатбаев, Светқали Нұржан секілді танымал ақындар аударып, қазақ оқыр­ман­ының рухани игілігіне айналдыр­ды.

 

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Халықаралық Мақтымқұлы сыйлығының лауреаты