Аймақтар • 27 Маусым, 2024

Қызбелге қашан асфальт жол төселеді?

1179 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанай облысының әкімі Қ.Ақсақалов былтырғы жылдың аяғында Жанкелдин ауданында өткізген актив жиналысында 2024 жылы Тоқанайдан Қызбел аулына шекті тасжол төселетінін айтып, дүйім елді қуанышқа бөлеп тастап еді. Халық кәдімгідей сүйіншілесіп, мәре-сәре болып қалған-тын.

Қызбелге қашан асфальт жол төселеді?

Фото: sotni.ru

Ақ түйенің қарны жарылардай бұл қуанышқа ауыл, аудан былай тұрсын, күллі ел елең етісті. Оның да реті, жөні бар еді. Себебі 2025 жылы Алаш арысы, халқын қараңғылықтан оянуға үндеген, бүгінгі тәуелсіздік үшін жанын пида еткен Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл
толады.

Айтулы Алаш тойы болғасын жан-жақтан, тіпті алыс шетелдерден де қонақтар ағылатыны белгілі. Сонда меймандарымыз бүгінгі кеспірсіз жолдың сиқынан сан соғып, арба сынатын шоқалағынан шошынып жатса, ұлттық намысымызға одан бетер дақ, көлеңке түсіріп алатынымыз кәдік қой.

Былайша, тасжол түсетін жер­ онша алыс, шұбалаңқы да емес. Арқалық –Торғай автомобиль трасса­сындағы Тоқанай елді меке­ні­нен оңға бұрылыстағы Қызбел ауылына дейін 49 шақырым көтерме жол тартыл­ған. Одан әрі Міржақып Дулатұлы атындағы Бидайық ауылына дейін ­39 шақырым. Міне, осында 1992 жыл­ғы қыркүйектің алғашқы 18 күнінде еңку-еңку жер шалып, Карелияның Сосновец стансасы маңындағы зираттан 57 жыл мәңгілік тыныстап жатқан Міржақып сүйегін қазып алып, осы Бидайыққа (дұрысында, анық кіндік қаны тамған жері – «Тоқанай-Қызбел» жолының бойын­дағы, қазір арнайы белгі қойылған Асқар күздігі деген жер еді) әкеліп, жал­ғыз қызы Гүлнәр апайдың дауыс салуы­мен қайта жерлеген едік. «Egemen Qazaqstan»-ның бұрынғы Торғай облысы бойынша меншікті тілшісі ретінде осы арнайы құрылған экспедицияға қа­тысып, қаралы сапар жағдайын жал­пақ қазақ еліне газет арқылы баяндап отырған­быз. Ол тұстағы басшымыз Шер­хан Мұртаза еді, жазғанымызды әр нөмір­ге өзі оқып салып «жаз, үзбей жаза түс», деп қамшылап қоятын. Жаздық, түбі өзге толықтырулармен «Мір­жақыптың оралуы» деген атпен қа­зақ, орыс тілдерінде кітап болып та шық­ты ол хикаятымыз. Мұны мақтан үшін емес, Міржақыбын халқы одан әрі жақ­сы біле түссін деген ниетпен ай­тып отырмыз. Әйтсе де, Алаш арысы­ның сүйегі қайда жатқанынан әлі де бей­хабар қазақ барына көзіміз жетіп жүргендіктен де жанымыз сыздайтынын жасырмайықшы.

Бүгіндері он үш түтіні ғана бар Би­­дайық аулында (бұрын бақан­дай кең­шар орталығы болатын) Мір­жа­қыптың кесенесі мен шағын музейі орналасқан. Бұлардың бүгінгі жай-күйіне қатысты ұзаққа шығандай­тын шұбырмалы да, проблемалық әңгімемізді әзірге тыя отырып, тек жол мәселесін айтып көрелік.

Сонымен облыс әкімі Қ.Ақсақа­ловтың аудандық активте асфальт төсейміз деген уәдесінен тайқып қалғаны жанымызды аяздай қариды. Бастапқы жоба өзгерген секілді. Тоқанайдан басталатын 15 шақырым жол учаскесі жеңіл жөнделіп, сол күйінде қалады екен. Одан арғы Қызбелге дейінгі 34 шақырым екі бөлікпен тендер арқылы ұтысқа қойылатын тәрізді. Яғни мұның 15 шақырымын қазір «Бақжол» ЖШС иеленіп, ұсақ тас-топырақпен көтерме жол тартпақ. Қалған 19 шақырымы облыстың бюджеттік өтінім сарап­та­масынан өткізілу сатысында тұр­ған көрінеді. Сосын барып жалпы үміт­керлер арасынан лайықтысы анық­талады. Ал Қызбелден арғы Бидайық ауылына дейінгі 39 шақырым көтер­ме жол жеңіл-желпі жөндеуден өткізіл­мекші екен. Қырнап-сырнап дегендей.

Осы ауылдарға жақында ғана барып келгендіктен, жол жағдайы алақанымыздағыдай белгілі еді. Биылғы су тасқынынан әлденеше жерінен жырылып, қатынас ұзақ уақыт тоқтап қалды да, кейін бү­тін­­делген тұстарының өзі апан шұңқырланып, сәл жаңбыр жауса, енсіз табанынан тайқып кету зобалаңын тудыратын өте қауіпті жол бұл. Жолдың қос қапталдарынан теңіздей жарқырап жайылған су алабы да әлі тартыла қоймаған. Су аралында қалған Қызбелге жаңалап жол тартудың, жай көтерме жол емес, асфальт төсеудің маңызы тіптен ерекше екені түсінікті.

Жанкелдин ауданының әкімі Ш.Оспановтың айтуынша, осы аралық жолына ұсақ тас-топырақ төселіп, көтерме жасалады. Ойпаң тұстарынан суағарлар қойылады. Сонымен «іс бітті, қу кетті»-ге сайғалы тұрғандай. Биіктетіле, жондандыра түсіп, сапалы етіп мықты тартылатын асфальт жол түске де енбейтіндей, сірә.

Биыл сәуірде Қостанай облысына жасаған сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Келесі жылы Алаш ардақтысы Міржақып Дулат­ұлы­ның 140 жылдығына арнал­­ған іс-шараларға қатысу үшін Арқа­лық қа­ласына баруды жоспарлап отыр­мын», деп ашып айтқан еді («Egemen Qazaqstan», 17 сәуір, 2024 ж.). Прези­дент­тің Бидайық жаққа жолы түсе қалмасына кім кепіл?

Ұзын сөздің тобықтай түйіні – ­асфальт керек-ау! Тойға ағылатын меймандардан кейістік болмасын. Міржақыптың «оянған қазақтары» қайда?» деп дүдәмал күйге түспес үшін де намысқа басып асфальт тартылғаны жөн-ау! Облыс әкімі нендей үн қатар екен, халықтың бұл жанайқайына, өзекжарды өтінішіне.

 

Қайсар ӘЛІМ,

журналист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Қостанай облысы,

Жанкелдин ауданы