Қаржы • 27 Маусым, 2024

«Open Banking»: Банк секторындағы үміт пен күдік

71 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шілде айынан бастап елімізде «Open API» технологиясы негізінде «Open Banking» жүйесі енгізілмек. Әлемнің дамыған елдерінде тиімді қолданылып келе жатқан ашық банкинг, ең алдымен, ақпараттық қауіпсіздікті қалыптастырмақ. Қазіргі уақытта қолма-қол ақшаны пайдаланудан гөрі тауар мен қызметке QR арқылы төлем жасау, ел арасында, тіпті бір отбасы адамдары арасында да ақша аударымдарын белгілі бір банк қосымшасы арқылы жүргізу өзгермейтін қалыпты жағдайға айналды.

«Open Banking»: Банк секторындағы үміт пен күдік

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Кейінгі бес жылда халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциясының көлемі 24 есе, 73 трлн теңгеге дейін өскен. Ал олар­­дың негізгі үлесі интернет және мо­биль­ді банкинг арқылы жүзеге асыры­ла­­ды екен. Бұл адамдардың уақы­тын үнем­­де­генімен, өкінішке қарай, әртүрлі алаяқ­тық әрекеттердің де пайда болуына алып келді. Енгізілгелі отырған жаңа жо­ба алдымен осы ақпараттық қауіпсіз­дікті қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр.

«Open Banking» – бір қосымша арқылы бірнеше банктегі қаражатты басқару мүмкіндігі. Не болмаса бір ғана банктің клиенті болып, деректердің сол банкте сақталуы. Басқа банктер клиент келісімін бергенде ғана «Ашық банкинг» жүйесі арқылы банктен шот пен деректерді көре алады. Кез келген уақытта бұл келісімнің күшін жоюға, банк деректерін өшіріп, әрі қарай қолданбауға да мүмкіндік бар.

Клиент деректері API арқылы шифр­л­анған күйде беріледі. Клиенттің келісімі Ұлттық банктің Ұлттық төлем корпорациясы сайтында клиентті бейнетексеру және оның нөміріне SMS-код жіберу арқылы расталады. Осылайша, клиент банк пен компанияларға берген барлық келісімді бір жерде көріп, басқарады. Бір банктің қосымшасын қолдана отырып, басқа банк шотындағы қалдықты көре алады. Қаражаттарын шоттан шотқа аударуға, банктік үзінді көшірмелер­ге, шоттардағы анықтамаларға қол жеткізіп, валюта бағамын салыстырады, төлем жасайды және қол қояды, кірістер мен шығыстарды талдайды. Бұл қызмет көрсетудің ыңғайлылығын арттырып, сонымен қатар клиенттің уақыты мен ақшасын үнемдейді.

Сарапшылардың пікірінше, қауіп­сіз­­дікті жүйенің реттеушісі болып са­нала­тын Ұлттық банк қадағалауға тиіс. Со­ны­мен қатар сарапшылар «Ашық бан­кинг» қаржы ұйымдары арасында бә­се­келестікті қалыптастыратынын айтады.

«Ашық банкинг» – қаржы нарығын­дағы дамудың кезекті сатысы. Қазір цифрлық теңге және «Ашық банкинг» дейтін екі жаңа кезеңге келіп тұрмыз. Бұл отандық қаржы секторын дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Бір QR-код кез келген қаржы ұйымының аударым­дарын реттейді. Тұтынушылар үшін қол­жетімді. Олардың құқығын қор­ғау мақ­сатында жасалған және орта дең­­гейлі банктерге таптырмас жоба бол­­­мақ. Сонымен қатар ірі банктердің клиент­тер базасына шығуға мүмкіндік алады. Әрине, өзінің QR жүйесін жасаған ірі банк­тер үшін бизнес жағынан клиент­терін жоғалтып аламыз деген қауіп туын­­дауы мүмкін. Бірақ бірді-екілі ірі банк­тің бизнес мүддесін емес, халық­тың жағдайы мен нарықтың дамуы тұр­ғы­сын ойлау қажет. Өз басым осы жүйе­нің енгізілгенін қолдаймын», дейді белгілі сарапшы Айбар Олжаев.