Футбол • 25 Маусым, 2024

Соңғы секундта соғылған гол

21 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында В тобындағы командалар алаңға шықты. Хорватия мен Италия құрамалары Лейпцигте ойнаса, Албания мен Ис­пания футболшылары Дюс­сельдорфта шеберлік бай­қасты.

Соңғы секундта соғылған гол

«Ред булл аренадағы» бәсе­кенің алғашқы 20 минуты хор­ваттардың басымдығымен өтті. Осы сөзіміздің дәлелі – осы уақыт аралығында Златко Даличтің командасы допқа иелік етуде 80 пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Әрине, оларды түсінуге болады. Хорватия құрамасы осы ойында жеңілген жағдайда «Еуро-2024» додасымен қош айтысады. Тіптен, тең есепті өзі қауіпті жағдайдан құтқармайды. Сол себепті де «шақпақ жей­делілер» жиі шабуылдап, Ита­лияны әбден қыспаққа алды. Сон­дай қарқынды шабуыл­дардың бірінде олар гол соғуға да шақ қалды. 5-минутта Лука Сучичтің айып алаңының сыртынан қақырата тепкен добын Джан­луиджи Доннарумма қақ­паның «тоғыздығынан» алып шықты. Одан кейін де Хорватия футболшылары біразға дейін қарқынын бәсеңдеткен жоқ.

Бірінші кезең бел ортаға таяған тұста ғана Апеннин тү­бегінен келген жігіттердің ойыны дұрысталып, бір жүйеге келе бас­тады. Көбіне-көп қарымта ша­буылға жүгінген Лучано Спал­леттидің шәкірттерінің де есепті өзгертуге мүмкіндіктері болды. 27-минутта Алессандро Бастони допты баспен ұрды. Десек те До­миник Ливаковичтің керемет сей­вінің арқасында қақпа аман қалды.

Үзілістен кейін алаңға тың ойын­шылар шықты. Италия­лықтар Лоренцо Пеллегринидің орнына Давиде Фраттезиді шығарса, хорваттар Марио Пашаличті Анте Бу­димирмен алмастырды. Дәл сол Фраттези қарбалас бір сәтте допты қолы­мен қағып жіберді. VAR-дың «көмегінен» кейін төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге Лука Модрич келді. Оның бағыттаған добын Дон­нарумма кері қайтарды. Алайда қақпа алдындағы қауіп сейілген жоқ. Тағы бір мезетте Анте Будемир нысананы қайта көздеді. Доннарумма өз орнынан табылды. Бірақ қақпашының қайтарған добына бірінші болып жеткен Модрич есеп ашты – 1:0. Сөйтіп, 38 жастағы Хорватия құрамасы капитанының есімі Еу­ропа чемпионатында гол соққан ең карт футболшы ретінде тарихта қалды.

Жоғарыдағы есеп ойын­ның соңғы секундтарына дейін сақ­талды. «Шақпақ жейделі­лер­дің» бұл матчта жеңіске же­тетініне ешкімнің де күмәні болмады. Негізгі уақытқа төреші тағы сегіз минут қосты. Сол аралықта да олар «Скуадра адзурраның» қарқынды шабуылына төтеп берді. Алайда ең соңғы сегізінші минутта қорғаушы Риккардо Калафьориден тамаша пас алған жартылай қорғаушы Маттиа Дзакканьидің «тоғыздыққа» бағыттаған добы көздеген жеріне дөп түсті. Есеп – 1:1. Осы тең ойын­ның арқасында Италия құ­рамасы өз тобында екінші орын алып, плей-офф додасында күш сынасу құрметіне ие болды. Ал небәрі екі ұпай жиған хорваттар үшінші орында қалып қойды.

* * *

Дюссельдорфтағы «Меркур Шпиль-Аренада» Албания мен Испания құрамалары арасында өткен кездесудің тағдырын 13-минутта Ферран Торрес соққан жалғыз ғана гол шешті – 0:1. Содан кейін Пиреней түбегінен келген футболшылар асықпай-аптықпай жүріп-ақ, өздеріне қажетті есепті сақтап қалды. Ал қарымта қайтарып, жасыл алаңдағы жағдайды түзеуге ал­баниялықтардың шама-шарқы мен шеберлік деңгейі жетпеді. Бұл топта «Қызыл фурия» жеке-дара көш бастаса, Албания еліне еңселері түсіп қайтатын коман­да­лардың қатарына қосылды.