Сараптама • 26 Маусым, 2024

Медиация: жүйе, қағидат және тәжірибе

56 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі қоғамда, әсіресе еліміздің құқықтық жүйе­сінің үздік­сіз дамуы жағдайында медиацияның маңыз­­­ды­лығы артып келеді. Даулы мәселелер мен ұрыс-керісті ше­шу­­дің бұл әдісі сот және мемлекеттік органдарға түсе­тін сал­мақты азайту үшін ғана емес, қоғамдық келісім мен құқықтық мәдениетті нығайту үшін де маңызды.

Медиация: жүйе, қағидат және тәжірибе

Фото: advgazeta.ru

Медиация – дауласушы­ тараптарға құпиялылық пен сыйластық жағдайында өзара қолайлы шешім табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ дәстүрлі сот ісімен салыс­тырғанда тұрақты әрі ұзақ­мерзімді нәтижелерге әке­леді. Медиацияның негізгі артықшылықтары: эко­но­микалық тиімділік, құ­пия­лылық, тараптардың ерікті қатысуы және өзара қолайлы шешімдерге қол жеткізу мүм­кіндігі. 2011 жылғы «Медиа­ция туралы» заң жоғары мем­лекеттік деңгейдегі бастамаларды қолдай отырып, жанжалдарды соттан тыс шешу­дің негізін қалады. Мысалы, елімізде 371 кәсіби медиатор және 4 465 қоғамдық медиа­тор тіркелген. Статистикаға сәйкес, 2018 жылы 871 мың азаматтық істің тек 4%-ы медиа­ция рәсімін қолдану арқылы тоқтатылды.

2021 жылы Жоғарғы соттың деректеріне сәйкес, «Соттағы татуласу рәсімдері» қанатқақты жобасына еліміздің 275 соты қатысты. Осы жоба аясында 565 татуласу судьясы дайындалып, олар 162 363 істі қарады. Оның ішінде 49 839 іс бойынша татуласу рәсімдері жүргізіліп, сотқа дейінгі татуласу үлесі 31%-ды құрады. 2017 жылдан­ бастап халықтың соттарға және олардың сот медиация­сы­ арқылы жүргізетін татуласу рәсімдеріне деген сенім дең­гейінің артқаны байқалады. Сотқа түскен азаматтық істер­дің­ аяқталуы артып келеді. Ста­­тис­тика көрсеткендей, 2016 жы­лы жаңа Әкімшілік үдеріс­­тік кодекс күшіне енгеннен бастап, тарап­тар­дың татуласуы­мен аяқ­тал­ған істер­дің жыл сайынғы өсуі бай­қалады. 2015 жылы бұл көр­сеткіш 2% болса, 2016 жылы 11%-ға дейін өсті, 2017 жылы – 14, 2018 жылы – 11, 2019 жылы – 15, 2020 жылы – 32, 2021 жылы – 34, ал 2022 жылы 38%-ға жетті.

Әлемдік тәжірибеде медиация кеңінен қолданылады және заңнамалық деңгейде сақталады. Ол – Франция мен Ита­лияда ұлттық заңнамаға бірік­тірілсе, Германия мен Аус­трияда арнайы заңдармен рет­те­леді. АҚШ, Ұлыбритания, Кана­да және Аустралия сияқты англо-саксон елдерінде медиа­ция белсенді пайдаланылады және сотқа дейінгі кезеңде жиі қол­данылады. Халықаралық ста­тистикаға сәйкес, барлық дау­­­­­­лардың 30-40%-ы медиа­ция рә­­сі­­мінен өтеді және олар­дың 85% оң нәтижеге қол жет­кі­зі­ле­ді.

Францияда татуласу үдерісі атқарушы билікпен хаттамамен рәсімделеді. Италияда медиация істердің жекелеген санаттары бойынша сотқа дейін міндетті болады. Германияда медиация 2012 жылдан бері заңмен белсенді түрде қол­дау тауып келеді. АҚШ пен Ұлыбританияда медиация сотқа дейін жиі қолданылып, сот істерінің санын азайтады. Мысалы, отбасылық медиация мүлікті бөлуге және балаға қамқорлық жасауға байланыс­ты жанжалдарды шешу үшін белсенді қолданылады.

Медиацияны дамытуда халық­­аралық ынтымақтастық басты рөл атқарады. Тәжірибе алмасу, халықаралық бағдар­ламалар мен жобаларға қатысу елімізге озық тәжірибелерді қабылдауға және оларды өз шарттарына бейімдеуге көмек­теседі.

Еліміздегі медиация­ – ерік­тілік, құпиялық, ме­диа­­­­­торлардың тәуелсіз­ді­гі­ мен бейтараптылығы қағидаттарына негізделген. Бұл қағидаттар БҰҰ-ның Халықаралық ком­мер­циялық келісім туралы үлгі заңының ережелеріне сәйкес келеді. «Медиация туралы» заң: азаматтық, еңбек, корпоративтік және коммерциялық дауларға, сондай-ақ ауырлығы жеңіл және орташа қылмыстық істерге қолданылуын кеңейтеді.

Алайда жетістіктерге қара­мастан, медиацияда халық­тың хабардарлығының тө­мендігі, білікті медиа­тор­лардың жетіс­пеушілігі және медиация құрылымдары үйлестіруінің жеткіліксіздігі сияқты мәселелер туындап отыр. Медиацияны одан әрі дамыту үшін халықтың хабардарлығын арттырып, медиаторларды даярлаудың білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ медиация институттарының жұмысын үйлестіретін орталық­тан­ды­рылған құрылымдар құрып, заңнаманы жетілдіру өзектілігі артып келеді.

Кедергілерді еңсеріп, медиацияны тиімді дамыту үшін мыналар қажет:

Танымдық деңгейін арттыру. Халық пен бизнес арасында медиацияны насихаттау бойынша ақпараттық науқандарды өткізу күмәнді сейілтуге, осы әдіске деген сенімді арттыруға көмектеседі.

Білім беру бағдар­лама­ларын әзірлеу. Азаматтық қоғам өкілдерін, мемлекеттік қыз­­меткерлерді және құ­қық қорғау ­органдарын қоса алғанда, білікті медиатор­ларды дайындау үшін мамандандырылған курстар мен оқытуды енгізу маңызды қадам болады.

Орталықтандырылған құ­рылым құру. Барлық медиация институттарының жұмысын үйлестіретін республикалық медиация орталығын құру медиация стандарттары мен рәсімдерін біріздендіруді қамтамасыз етеді.

Заңнамаларды жетілдіру. Медиаторлардың қызметін және медиация рәсімдерін реттеу үшін қосымша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, қабылдау, оның ішінде медиа­торлардың бірыңғай тізілімін құрып, әдеп кодексін әзірлеу және медиация қыз­метінің сапа стандарттарын белгілеу.

Халықаралық ынты­мақ­тастық. Халықаралық ұйым­дар­мен серіктестікті дамытып, халықаралық жобалар мен бағдарламаларға қатысу елімізге озық әлемдік тәжі­ри­бені қабылдауға және оларды өз шарттарына бейімдеуге көмектеседі.

Бұл тәсілдер елімізде дау-жанжалды бейбіт жолмен шешуге, әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға ықпал ететін тиімді медиация жүйесін құруға мүмкіндік береді. Осылайша, медиация­ны еліміздің құқықтық жүйесіне интеграциялау және оны бел­сенді дамыту жанжалдарды шешу үдерісін айтар­лықтай жақсартуға, құқықтық жүйеге деген сенімді арттыруға және қоғамдық келісімді нығай­туға ықпал етеді.

Мемлекеттік қолдау мен барлық мүдделі тараптың белсенді қатысуы медиация­ны табысты жүзеге асыруды және неғұрлым үйлесімді, әділ қоғамды қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

 

Жұмағұл ЖИЕМБЕТ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы