Білім • 24 Маусым, 2024

Астанада жаңа оқу жылы кеш басталуы мүмкін

77 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін іс-шаралар кезінде жолдардағы кептелісті азайту мақсатында қандай шаралар қабылданатынын айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада жаңа оқу жылы кеш басталуы мүмкін

Фото:wellness.co.ua

Еске салайық, осы жылдың 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу жоспарланып отыр.

Вице-министрдің айтуынша, ұйымдастырушылар Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен келіссөз жүргізіп жатыр.

«Жағдайды шешудің екі жолын қарастырып жатырмыз. Біріншісі, Тұран мен Қабанбай батыр даңғылдары бойындағы спорт нысандарының жанында орналасқан беске жуық мектеп пен балабақша жұмысын онлайн форматқа ауыстыру. Екіншісі, Астана қаласында оқу жылының басталуын кейінге қалдыру. Тиісті шешім келесі аптада қабылдануы керек. Көшелерді жабу жоспарланып отырған жоқ», дейді Серік Жарасбаев ОКҚ алаңында.

Сондай-ақ қалада дирекция жалға алған 130-дан астам қызметтік көлік жүретіні айтылды. Қонақ үйлер мен ойын алаңдары арасында автобустар қатынайды, осылайша қаланың қоғамдық көлігіне түсетін салмақ азаяды.

Сонымен қатар жұмыс орындарына баратын адамдардың ағынын болдырмау үшін жарыстың ресми басталуы таңғы 9-дан 11-ге ауыстырылды.