Аймақтар • 22 Маусым, 2024

Шеттің шаруақор әкімі

67 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көктемдегі су тасқыны ел-жұртты әбден әбігерге салды. Шет ауданы ауылдарындағы тасқын су оңай ырық бермеді. Осы бір сындарлы сәтте кірпік ілмей күні-түні ел ішінде жүрген бірден-бір адам аудан әкімі Мұхит Мұхтаров болды. Міндеті дейтін шығармыз, бірақ бұл да болса елмен жаны бір екендігін аңғартады. Тасқыннан келген апат кезінде әсте дағдарып қалмады. Су шайған үйлерді жедел қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыра алды.

Шеттің шаруақор әкімі

Мұхит Сайлауұлы басқа­ра­тын өңір – халық санынан да, жер бедері жағынан да ең үлкен аудан. Мұхиттың Шетке әкім болып келгеніне төрт жылдан асты. Енді ғана әкім боп тағайындалған еді, ковид індеті көп шаруаны іркіді. Бірақ ауыл-аймақтағы мәселелердің бәрін іштен білетін Мұхит Сайлауұлы аудан инфрақұрылымын дамытамын деп өз-өзіне уәде берген. Президенттің ауылды көтеру жөніндегі пәрмендерін, облыс басшысының осы тұрғыдағы тапсырмаларын сәтті орындап отыр.

апра

Аудан басшысы – осы өңір­де өсіп-өнген азамат. Еңбек жолын осындағы әкім­шіліктен бастаған ол мем­ле­кеттік қызметтің бір­не­ше баспалдағынан өтеді. Ал­ғашқы еңбек жолы да қызық басталады. Әкесі қалада жүр­ген ұлын жұмысқа орналас­тырамын деп, ауылға шақы­рып алады. Сол кезде аудан әкімінің орынбасарына жүр­гізуші қажет болып, оған өті­ніш жазады. Әкімшілік қызметкерлері Мұхит Сай­лауұлының «инженер-меха­ник» мамандығы бойынша дипломы барын көріп, өндіріс бөліміне маман болып өтінішін қайта жаздырады. Сол кезден бастап, мемлекеттік қызметтің қазанында қайнайды. Тәжіри­бе жинақтайды. Құрылыс, сәулет және коммуналдық ша­руашылық бөлімінде де еселі еңбек етеді. Әбден қызметтің машақатын сезінген маманға өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімін тапсырады. Оны да ойдағыдай басқарады. Келе-келе аудан әкімі аппаратына жетекшілік етеді. Қазіргі басшылық қызметіне дейін аудан әкімінің орынбасары болады. Сөйтіп, 1997 жылдан бері мемлекеттік қызметтің ыстық-суығын көріп келеді.

Әу баста айта кеткеніміздей, жаңа тағайындалған әкімнің алдында инфрақұрылымды дамыту арқылы аудан жұрт­шылығына игілік сыйлау мін­деті тұрды. Қызметіне кірі­се салысымен Бұрма ауы­лындағы су құбырын қайта жаңартады. Ақсу, Қызылтау, Ақбауыр, Қызылқой, Бекет, Ер­кіндік, Ақой, Өспен аулына су құбырын тартады. «Қуатты өңірлер – ел да­муының драйвері» Ұлттық жобасы аясында бірнеше ауыл жұрты сапалы ауыз су­мен қамтылады. Ал биыл Ұлттық қордан 310 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, Ақсу-Аюлы ауылдық округінің Еңбекшіл аулында таза ауыз­су жүйесінің құрылысы бас­талды. Бұл жұмыс келер жылы аяқталып қалады. Мұ­нымен бұл бағыттағы жұмыс тоқтап қалмады. Көк­тіңкөлі округіне қарас­ты 56-разъезд бен Әлихан ауыл­дарына су құбыры тартыла­ды. Жобаның сметалық құжаттары толы­ғы­м­ен жасалды. Биыл Шопа, К.Мыңбаев, Қармыс, Ақтө­бе, Қайрақты ауылдарына кешенді-блок модулі қойы­ла­ды. Ақшатау кентіне су ны­санын орнатуға 20 млн қа­растырылып отыр.

Жол мәселесі де жолға қо­йылып келеді. Аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылының үш басты көшесіне асфальт төселді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көптеген ауылдың іші асфальтталды. Инфрақұрылыммен игілік әкелемін деген негізгі күш салған жұмыстары – осы.

Аудан әкімі коммуналдық шаруашылықтың қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Мәселен, аудан орталығында бұрын-соңды мүлдем болмаған кәріз жүйесінің құрылысы бас­тал­ға­лы тұр. Қазір электр же­лілері тартылып жатыр. Келер жылы құрылыс жұмысы аяқ­талып, ел-жұрт игі­лігін көреді. Ел арасында бұл да Мұхит әкімнен қалған ізгі із болып айтылады.

Білуімізше, Мұхит мырза үнемі ауыл-ауылды аралап, төселіп жатқан асфальтты, са­лынып жатқан әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысын қадағалап келуді қағидат етіп алған. Тағы бір ерекшелігі – жоба құжаттарын жатқа соғады. Салынып жат­қан мектеп, ФАП, спорт кешені, жол болсын, қанша қаражат бөлінгені, мердігер ұйым­ға берілген мерзімді, құры­лыс материалдары секіл­ді қажеттіліктердің бәрін бір оқып өткеннен-ақ, санасына сақтап алатын қабілеті бар.

Мұхит әкімнің ел басқару­да­ғы тағы бір тиімді тетігі – ірі инвесторлар тартуында. Сол арқылы ол халықтың әл-ауқа­тын жақсартып, аудан экономикасының даму динамикасын жоғарылататын едік дейді. Өзі қызметке кіріскелі бері аудан бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан бюджетке 207,5 млрд теңге көлемінде инвестиция құйыл­ған. Алдағы 2024-2026 жылы инвестициялық жобалардан 130 млрд теңге капиталға түседі дейді.

Аудан көлемінде медицина, білім, мәдениет, спорт саласы бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Біздің Мұхит әкімнің ел басқа­рудағы басты бағытын жеткіз­гіміз келді. Ол – жол мен су.

– Шыны керек, жиын-той­лардан гөрі өзімді ел ішінде жүргенде еркін сезінемін. Кә­дімгі қайнап жатқан жұмыс­тардың бел ортасында жүріп, оларды бақылап жүрген ұнай­ды. Мүмкін, мемлекеттік қызметтегі жылдар барысында соны көріп шыңдалғаннан болар. Үнемі ауылдарды ара­лаймын. Кабинетте қама­лып отырғаннан, жұмыс өн­бейтіндей көрінеді. Өнбейді де. Елді көтеру ең әуелі ауылды көтеруден басталады. Біздің мойнымызда осындай үлкен жүк тұр. Ауыл жұртының сұрай­тыны – ауызсу мен жол. Әлі де атқаратын жұмысымыз көп, мәселеміз де жетерлік, – дейді әкім.

Әкім баспана мәселесін шешуді күн тәртібінен түсір­мейді. Ақадыр кенті мен Ақсу-Аюлы ауылындағы үй кезегін азайтсақ деген арманы бар. Сол себепті де жыл сайын жаңа үйдің кілтін кезекте тұрғандарға табыстайды. Ақсу-Аюлы аулының шетінен жаңа шағын аудан бой көтеруде. Қаз-қатар жаңа үйлер салынып, баспана кезегі біртін-біртін қысқара береді.

«Әкім болудың қиындығы алдыңа көмек сұрап келген жанға қол ұшын бере алмай, мәселесін шеше алмағаныңда қатты сезіледі. Шешкің кел­мегендіктен емес, шынымен қолыңнан келмей қалатын кез болады. Алдымызға үй сұрап келген аналардың жанарын көріп жаның ауырады. Сол себепті қандайда бір қаражаттың көзін таба қалсақ, тұрғын үй мәселесін шешуге бұрып жатырмыз. Барымызды баспана кезегін азайтуға саламыз», дейді Мұхит Сайлауұлы.

Рас, жалпы әкім атаулыға жүктелген міндет жетіп артылады. Мұншама міндетті мінсіз атқара білу екінің бірі­нің қолынан келмейді. Аудан басшысының мойнында қан­шама қазақ аулының сенімі жатыр. Сол сенім үдесінен шыға білуді серт еткен Мұхит Сайлауұлының әкім болып, ел басқарудағы бағытын біз осылай бағамдадық. Баға­сын халық береді.

«Шыны керек, мемле­кет­тік қызметте жүріп, бала­ла­ры­мыздың қалай өсіп кеткенін білмей қалдық», дейді әкім. Әкім­нің жары Секер Қожан­қызы да әлеуметтік салада ұзақ жыл қызмет еткен. Кейін үйдегі балаларына кө­ңіл бөлейін деп жұмысын тоқ­татады. Мұхит Сайлауұлы екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. Ұлдары Нұрдәулет – қа­зақ күресі және дзюдодан спорт шеберіне үміткер. Боз­кілемде белдесіп жүр. Бұл қасиет әкім әкесінен дарыған десе де болады. Өйткені жас кезінде бокспен айналысқан. Ал қазір үйінде күнара темір-терсек көтеріп, жаттығады. Спорт – серігі. Қолы қалт еткенде бильярд ойнайды. Бұл ойын адам ойын ұтқырлыққа, дәл­дікке шынықтырып, бо­йын сергітеді. Сондықтан болар, Шет ауданының шаруагер әкімі қай істің басында болмасын сергек жүреді.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы