Өнер • 21 Маусым, 2024

Шалғайдағы шебер

33 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бізге өзге жұрттан өнері асқан талантты жандардың бәрі үлкен қалаларда өмір сүретіндей көрінеді. Суретшілердің картиналары да тек мегаполистердегі мұражайларда ілініп тұратынына көз үйренген. Ал сонау шалғайдағы Бөдене ауы­лында (Атырау облысы) бір суретші өз галереясында сурет салып отыр дегенге кім сенеді?

Шалғайдағы шебер

Иә, шын өнерде шарт та жоқ, шекара да жоқ. Өнер атау­лыға ереже, заңдылық сын­ды қасаң дүниелер енер болса, шы­ғармашылық шынайылығынан, болмысынан айырылары хақ. Көркемдік кеңістігінің шет-шегіне көзің жетпейді, тереңіне ойың бойламайды. Тылсым қыл­қаламның сырын тек сезген біледі, сырлы бояудың тілін тек ұққан түсінеді.

Суретші Тілек Халиннің шы­ғармашылық еркіндігі – дала. Қылқаламының тынысы сол даланың құшағында, табиғаттың аясында ашылады. Бөдене ауы­лында тұратын суретші өмір бойы мектепте бейнелеу және сызу пәнінен сабақ берді. Өлең де жазады. Бес кітабы жарық көріпті. Кез келген суретшінің алғашқы арманы – жеке шеберхана болса керек. Тілек Халин де үнемі үйінде жұмыс істейтін. 2017 жылы алақандай ауылынан түрлі жанрдағы туындылары қойылған өз галереясын ашты. Сол ауылдың іргесін, сол аспан, сол мекен, сол адамдар, сол даланы бейнелеген автор бар шығармашылығын туған топырағында паш етіп жат­қанының өзі көңіл тебірентеді. Өзі де бір сұхбатында таланттың қайнар бұлақ көзі табиғаттан бас­тау алатынын айтады.

«Шыны керек, көп адам ауыл­дың мәдениетін қалаға қара­ғанда төмендеу санайды. Ауыл­ды дамымаған, өркениеттен тыс қалған «арал» көреді. Шын мәнінде, рухани күштің бәрі ауылда жатыр. «Ұлы дала» деген тіркес тегіннен айтылған сөз емес. Ауыл – руханияттың өзегі. Бірақ ұлы даланың осынау рухын кез келген адам сезіне бермейді. Сурет әлемінің өзінде бірнеше түс қолданылып, бірнеше жанр­­ды біріктірген картиналар бейнеленіп жатады ғой. Сол сияқты өмір сызылып қойған схемаға сыймауы керек. Соның ішінде суретшілер табиғаттан, ұлы даладан жылулық, шабыт алу арқылы, өзін дамытады деп ойлаймын», дейді Тілек Халин.

Иә, бұл шеберхана бүгінде Бөденеге жолы түскендердің мә­дени аялдамасына айналып отыр. 

Жетпістен асса да шебер­ханасынан шықпайтын сурет­шінің жеке қорында 100-ден астам картина бар. Автор туындылары Түркия, Италия, Гер­мания секілді шетелдерге танымал. Ал өзі кезінде Мәс­кеуде өткен бүкілодақтық шы­ғар­машылық конкурстың лауреаты атанған.

Табиғаттың түрлі тылсым күйін бейнелеген автор ке­непте та­рихи тақырыпқа да жол салды. Махамбет батыр, Айша бибіге арналған шы­ғармаларынан ерек­­ше бір ұлттық сарын есіп тұрады. Қа­­зақ­тың дарқан дала­сы­ның ғаламат күші әр бояудың түсі­мен үндесе келіп, рухтана тү­сетіндей.

Осы қатардағы «Хан қызының серуені» деп аталатын туындысы Сарайшық жеріндегі му­зейде сақталған. Ауыл су­рет­шісінің тарихи тақырыптағы бі­р­­неше картинасы бүгінде әлем­­­нің әр түкпірінде ілініп тұр. Мә­селен, оның ішінде «Абы­лайхан туралы аңыз» атты алып кар­тинасы да бар.

Шығармашыл адамның туған жерін, туған халқын, туған топырағы дарытқан өнерін құлай сүюі қылқаламына әсер етпей қоймасы анық. Бұл сөзіміздің дәл мысалы – Тілек Халиннің тұтас галереясы. Ұлтына да, өне­ріне де адал суретші таланты арқылы қазақтың атын шы­ғар­ғысы келеді. Кенепте де өз айналасын, өз қоғамын, өз ауылын, өз табиғатын, өз болмысын, өз тарихын суреттеді. Атағы аспанға ұшқан аңыз-тұл­ғаларға еліктеген жоқ, түрлі жаңа модернистік бағыттарға бұ­рылған жоқ. Өз қолтаңбасын өз бойынан, өз айналасынан тауып, шеберлігін шыңдай түсті. Табиғаттан, дала үнінен қуат алды. Суретшінің осы күнге дейін туған топырағынан кіндік үзбей отырғаны содан болар, сірә.