Шаруашылық • 21 Маусым, 2024

Қызылшаның берері көп

49 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жетісуда биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 34,9 млрд теңге бөлінген. Оның 23,2 млрд теңгесі субсидия түрінде берілген. Былтыр өнім көлемі 1,2% өсіммен 57,8 млрд теңгеге жетті. Осы маусымда егіс аумағы 7 мың гектарға ұлғайып, 524,8 мың гектарды құрады. Мемлекет тарапынан қызылша өндірісіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Мұны облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты.

Қызылшаның берері көп

Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Вице-премьер өңірдегі аграрлы аудандарды аралап, шаруа қожалықтарының жетекшілерімен дидарласты. Ресми делегация әуелі Балпық би аулындағы «Тәуел­сіздік» ЖШС-на барды. Серіктестік директоры Рахим Каримовтің айтуынша, сүт бағытындағы фер­маның жылдық қуаты 5 500 тонна сүт өндіруге қауқарлы. 10 жыл­ға жылдық 2,5%-бен берілетін жеңіл­детілген несие ферма іргесін кеңейтуге мүмкіндік жасаған.

«Даниядан 136 бас сиыр әкелін­ді, күзде тағы да алып келеміз. Сөйтіп, мал басын 850-ге дейін жеткіземіз, соған сәйкес сүт өндіру көлемі де артады. Қазір бір тәулік­те сауылатын жалпы сүт мөл­шері 18 тонна, ал күзге қарай бұл көлемді 20 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Негізінен сүтті Талдықорғандағы «JLC Сүт» сүт зауытына өңдеуге тапсырамыз», деді ферма жетекшісі.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жетісу» ӘКК-мен бірлескен «400 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасын құру» жобасы 2018 жылы іске асырылған. Жоба құны – 1,3 млрд теңге. Мұнда бірқа­тар инновациялық технология ен­гізіліп, сиыр сауудың робот­тан­дырылған жүйесі қолданылады. Сондай-ақ жақын арада фермаға Швециядан тағы екі роботтық жүйе жеткізілмекші. Вице-премьер Ескелді ауданындағы «Хиль­ниченко и К» командиттік серіктестігіне қарасты қызылша алқабында болды. Серіктестік мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, соя, қант қызылшасын егіп, ұсақ мал мен етті бағыттағы жылқы өсіріп отыр. Қазір мұнда етті меринос қойларының саны 7 мыңнан, жылқы саны 500-ден асты. Сапалы өнім алу үшін ауыспалы егіс талаптары қатаң сақталады.

«Осы алқаптан әр гектарынан орта есеппен 830 центнер өнім аламыз деп отырмыз. Ал ша­руашы­лықтағы қант қызылша­сын­ың орташа өнімділігі гектарына 700 центнерді құрайды. Қызылшаны біздің аймақ ежелден өсіріп келе жат­қандықтан, оны қалай күтіп-бап­тауды жақсы білеміз, ал зама­науи агротехнология мен мемле­кет­тік қолдаудың арқасында егіс алқаптарын көбейтіп қана қоймай, өнімділікті арттыруға да баса назар аударамыз», деді А.Хильниченко.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласын қолдауға биыл 34,9 млрд теңге бөлінді, оның 23,2 млрд теңгесі – субсидия. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,2% өсіммен 57,8 млрд теңгеге жетті. Биыл ауыл шаруашылығы дақыл­дарының егіс көлемі алдын ала есеп бойынша 7,0 мың гек­тар­ға ұлғайып, 524,8 мың гектар­д­ы құрайды. Егіс алқабын әртарап­тандыру аясында дәнді дақылдар 15,1 мың гектарға, картоп 0,9 мың гектарға қысқарып, басым дақылдардың егіс көлемі жалпы 22,9 мың гектарға ұлғайды. Бұл ретте шаруашылықтар 18,5 мың себу бірлігі болатын қант қызылшасы тұқымымен қамтылған.

«Қант өндіру саласын дамыту бағытында 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс алқабын 15 мың гектарға немесе 3,6 есе арттыру жоспарланған. Осы жылы қызылшаны 12,6 мың гектарға септік. Өткен жылы Ақсу, Көсу қант зауыттарында 357 мың тонна өнім өңделді. Облыстағы қант өндірісі 63 мың тоннаға жеткізілді, соның ішінде Ақсу қант зауыты – 10 мың, Көксу қант зауыты 53 мың тонна қант шығарды, соның 27 мың тоннасы Көксу қант зауытында қамыс құрағынан өндірілді. Биыл 550 мың тонна тәтті түбір жинап, соның нәтижесінде 87 мың тонна қант өндіру көзделіп отыр, оның ішінде қант қызылшасынан – 60 мың тонна, қамыс құрағынан 27 мың тонна өнім өндіреміз», деді Ә.Жақанбаев.

Серік Жұманғарин ауыл шаруа­шылығында егістікте қолда­ны­латын тыңайтқыш, гербицид, пес­тицид, биологиялық қоспа, түрлі техника ұсынатын компания­лар өкілімен тілдесті. «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен қол­дау алып, жеке ісін бастаған кәсіп­кер­лер­мен де әңгімелесті. Олар шы­ға­рып отырған қасбеттерге ар­нал­ған құрылыс материалдары, сұйық ұн­тақ пен кір сабын, нан, қақ өнім­дері қойылған көрмемен танысты. 

«Біздің басты міндетіміз – бюджеттен бөлінетін қаражатты фермерлерге жеткізу. Қазір егіс алқаптарын ұлғайту үшін ылғал үнемдейтін технологияларды енгізуге көңіл бөліп отырмыз. Сондықтан қазіргі заманғы суар­малы жабдықтарды сатып алу шығындарының 50%-ын субсидиялаймыз. Елімізде осындай жабдықтар өндіруші кәсіпорынның бірі жуырда Талдықорғанда ашылды. Жалпы, қызылша өндірісіне ерекше қолдау көрсетіліп отыр. Қазір қант қызылшасы ең табысты дақыл саналады. Әрине, қиындықсыз болмайды. Бірақ барынша қолдау шараларын ұсынып келеміз. Міне, жаңа осы шаруашылықтың базасында заманауи озық ауыл шаруашылығы техникаларын көрдік. Ел бойынша жағдай басқаша, яғни техниканың тозу деңгейі – 85–90%. Сондықтан жыл сайын техниканы 8–10%-ға жаңартып отыруымыз керек. Бұл – Президент тапсырмасы. Бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 400–500 млрд теңге қажет. Келесі жылдан бастап оған бөлінетін тиісті қаражат көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деді Серік Жұманғарин.

Шаруалар сұрағына жауап берген вице-премьер қант қызыл­шасын, картоп пен жеміс-көкөніс дақылдарын өндіру мен жинауға арналған техниканы сатып алған жағдайда қай елде өндірілгеніне қарамастан 25–50%-ға дейін субси­дия­­лау түрінде қолдау қарас­тыры­­ла­ты­нын атап өтті. Бұл ретте бас­­қа да­қылдар үшін өз еліміз­­де құрас­тырылған, елде өндірі­ле­тін ауыл ша­руашылығы техни­ка­­сының ішінде баламасы жоқ тех­ни­­ка ғана субсидияланады. Ар­тық өнімді сату проблемаларына ке­летін болсақ, қазір экспорт көле­мін, оның ішінде Қытайға да экспорттау көлемін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Ол үшін шекаралас аймақтарда заманауи қоймалар құрылысы басталды.

Сапар барысында вице-премьер «Жетісу» ӘКК желісі бойынша іске қосылған көкөніс қойма­сының жұмысымен танысты. «Жетісу» ӘКК басқарма төрағасы Данияр Айқынбаевтың айтуынша, көкөніс қоймасын іске қосу жобасы ел Пре­зидентінің өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмасының аясында қолға алынған.

«Жаңа көкөніс қоймасын салуға 2 млрд теңге қажет болды. Сон­дықтан бюджет қаражатын тиім­ді пайдалану мақсатында ал­ды­мен мониторинг жүргіздік, қоры­та келе бұрыннан бар қойма­ны жаңғыртқан тиімді деген ше­шімге келдік. Осы мақсатқа 360 млн теңге бағытталды. Жапондық құрал-жабдықтар сатып алынды. Қойма өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Мұнда бір уақытта 4,5 мың тонна көкөніс, жеміс-жидек сақтауға болады», деді Д.Айқынбаев.

Премьер-министрдің орынбасары Ақсу, Алакөл аудандарындағы су шаруашылығы нысандарын аралап, қант және мал шаруашылығы салаларының кәсіпорындарымен танысты. Сапар соңында Серік Жұманғарин өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістік­теріне, атқарылып жатқан жұмыс­тарға жоғары баға берді.

 

Жетісу облысы