Руханият • 20 Маусым, 2024

Шәмшиябанудың бұрымы

171 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаныш Имантайұлының үш қызының бірі Шәмшия­бану белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оразай Батырбековтің жары болғаны белгілі. Шамшиябану 2002 жылы өмірден өткен соң, Алматы қаласына жерленген. Ал Ора­зай аға 2014 жылы дүние салды. Ол кісі дүниеден өте­рінде өзін Қарсақбайдағы ата-баба қорымына жерлеу­ді өсиет етеді. Ағайын-туыс, жақын-жуықтары, ұрпақта­ры аманатқа қиянат жасамай, қайраткердің денесін туған жерінің топырағына тапсырады. Бұл туралы неге әңгіме етіп отырмыз?

Шәмшиябанудың бұрымы

Жақында қара шаңырақ Қарсақбайда болғанымызда, өлкетанушы Тоңболат Мұхан­ұлымен кездесудің сәті түсті. Ол өлкенің кешегісін де, бү­гінін де жақсы білетін, Қар­сақбайға қандай қонақ келеді, солардың бәрімен дидарласып, әңгіме-дүкен құруға ынтық кісі. Сол жолы ол кісіден біз де бір керемет әңгіме естідік.

«2023 жылы Қарсақбайға Әлкей Мар­ғұланның қызы, халықаралық Ә.Марғұлан қорының вице-президенті Дәнел Марғұ­лан және Зейін Сәтбаевтың шөбересі, саяси ғылымдар докторы, философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғы­лыми қызметкері Әділ Жүні­сов келді. Ұлылардың ұрпа­ғын құрақ ұша қарсы алдық, жақсы-жақсы әңгіме-сырға қанықтық. Маған, әсіресе Әділдің әңгімесі өте қатты әсер етті», деген Тоңболат аға бізге сол әңгімені әдемілеп оты­рып жеткізді.

«Оразай аға Шәмшиябану апамыз өмірден өткен соң, оның рухын аялаумен, ар­дақ­таумен өтті. Бір күні үйіне барсам, аға үйдегі заттарды ақтарып әлдене іздестіріп жатыр екен. Мен «Аға, не із­дестіріп жүрсіз? Мүмкін мен білетін шығармын», деп едім, ол кісі «Шәмшиябану­дың шашы бар еді, сақтап жү­ретінмін, соны таба алмай жатқаным», деді. Ал мен бұл жағдайдан хабардар едім. Оразай аға бірде үй­дегі құмыралардың ішінен ақ шүберекке оралған шашты алып шығып көрсеткен болатын. Сосын оның тарихын айтқан еді. Шәмшиябану апамыз кезінде шашын қидырғанда, қиылған шаш­ты шаштаразға тастап кетпей, үйіне алып келіп сақ­тап қойған көрінеді. Апай дүниеден өткен соң, Оразай аға сағынышын басу үшін шүберекке оралған шашты алып, бір мезгіл иіскеп отырады екен. Мен бір бар­ғанымда сондай сәттің үстінен түскенмін. Сонда аға маған: «Ер­тең мен дүниеден өткенде ата-бабамның жатқан жеріне, Қарсақбайдағы қорымға барамын. Бірақ Шәмшиябану­дың мынау шашын да менімен ­бірге жерлеңдер» деп, қолын­дағы ақ шүберекті құмыраның ішіне салған еді. Шамасы, соны есінен шығарып алса керек. Мен дереу тауып бер­дім. Сонда аға маған: «Дұрыс болды ғой, ­Енді мұны көрі­не­тін, кейін өзің қиналмай та­уып алатын жерге апарып қой» деп тапсырды. Аға­ны Қарсақбайдағы қорымға әке­ліп жерлегенде апайдың ақ шүберекке орал­ған шашын да бірге көмген болатынбыз». Тоңболат ағаның Әділ Жүнісовтен естіген әңгімесі осы.

Оразай Батырбеков көпте­ген жыл бойы партия қыз­метінде болған, Алматы пар­тия мектебін он үш жыл бас­­қарған азамат еді. Қаныш Сәтбаевтың күйеу баласы болу бақыты бұйырған Орекең де текті тұқымның тұяғы болатын. Туған жердің тө­сінде тыныс­тауды ұйғарға­ны да сол тектіліктің бір бел­гісі десе болғандай. Ал Қаныш атамыздың қы­зы Шәмшиябану апамыздың қиыл­ған ша­­шын шаштаразда қал­дырып кетпей, үйіне әкеліп сақтап қойғаны да, керемет емес пе?

Әдетте ерлі-зайыптылар о дүниеде де қатар жатқанды қалайды. Сонымен бірге ата-баба қорымы, кіндік қаны там­ған топы­рақта мәңгілік жай табу дейтін қастерлі түсініктер де бар. Оразай ағамыз сол екеуін қалай қиюластыра біл­ген десеңізші! Ол адал жа­ры­ның бұрымын жанына алып, ата-бабалары жатқан то­пыраққа келіп мәңгілікке жай тапты.

 

Ұлытау облысы,

Қарсақбай кенті