26 Сәуір, 2015

Павлодарда халық белсенділік танытып жатыр

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
26.04.2015 sailau PavlodarПАВЛОДАР. 26 сәуір.  Облыс орталығындағы, №1 мектепте  орналасқан  №59 сайлау бөлімшесіне  бүгін таңғы  7.00-ден  бастап алғашқы сайлаушылар дауыс бере бастады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Біз келген сағат 8.30 шамасында сайлаушылардың белсенділігі көрініп тұрды. Бірінен соң бірі  немерлерін жетектеп келіп жатқандар  бар. Бәрі де көтеріңкі көңіл күйде. Осы учаскеде  алғашқылардың бірі болып дауыс берген зейнеткер Валентина Вершининаның жасы  80-де екен.  Қарт сайлаушы қобалжып, көңілі босап көзіне жас алды.  «Осы жасқа жетемін,  дауыс беремін деп кім ойлапты» - дейді. Павлодарға  сонау бір жылдары Томскіден оқу бітіріп жолдамамен келіпті. Ұзақ жылдар  «Энерго» орталығында энергетика саласында қызмет етіпті. Бұл күннің  өзі үшін де, қазақстандықтар үшін маңызды күн екенін айтты. «Біздің ұрпақтарымыз бақытты күнде өмір сүрсін. Мен дауыс беріп дұрыс таңдау жасадым», - деді әжей. 26.04.2015 sailau Pavlodar-1Ал, сайлау учаскесінің төрағасы Нұрбол Омаровтың айтуынша, барлық қазақстандықтар үшін ерекше есте қалатын күн екенін   сайлаушылардың сайлау бөлімшесі ашыла салысымен ерте келген белсенділіктері, ел тағдыры үшін бей-жай қармайтындары  айқын аңғартады. Бірінші келген және 18 жасқа биыл толып, бірінші рет дауыс беруге қатысып отырған азаматтарға белсенділік танытқандары үшін сыйлықтар беріліпті. Облыс орталығының жастары да  бүгін ерекше белсенділік көрсетуде. Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Әлия Сабырханованың  айтуынша,  таңертең облыс орталығында  аралап шыққан  кезде 5 сайлау бөлімшелерінде  дауыс беруге сайлаушылар көптеп келіп жатты.  Аға ұрпақ өкілдерімен қатар  жастарымыздың  өздерінің азаматтық көзқарастарын, жауапкершіліктерін  көрсетіп, белсенділік танытып жатқандары қуанышты. Облыста алғашқылардың бірі болып, сайлау күні 18 жасқа толған 14 жас сайлаушы дауыс берді. Сайлау учаскелерінде олардың әрқайсысын құттықтап, ескерткіш сыйлықтар тапсырылған. Павлодар облысында таңғы сағат 7.00-де 576 учаске ашылды, сайлаушылар тізіміне 454 858 адам енген. Біздің келесі келген №79  сайлау бөлімшесінде де  белсенділік  көрініп тұр, әдемі киімдерін киініп, қуанышты көңіл күйде келіп жатқан қала тұрғындарын көрдік.  Сайлаудың барысын  бақылап отырған байқаушылар ешқандай  тәртіпсіздіктердің, заң бұзушылықтардың орын алмағанын, бәрі де  қалыпты жағдайда өтіп жатқанын  айтты. Фарида Бықай. Дерек, сурет: egemen.kz