Айдос сынды үздіктердің қатары алдағы сынақтардан кейін қалыңдай түсерінен үміт мол. Олай дейтініміз өңірде 1704 түлек «Алтын белгі» иесі атанды, сондай-ақ 2400 оқушы «Үздік аттестат» алды. Үздіктері көп мектеп те баршылық. Мысалы, Жетісай ауданы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясын биыл бітірген 88 оқушының 27-іне – «Алтын белгі», 14 түлекке – «Үздік аттестат» тапсырылды. Жалпы, облыста биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 340 оқушы өтінім білдірген.
Түлектердің мамандық таңдауда қателеспей, қалаған оқу орнында білім алуы да маңызды. Бұл орайда жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау сапасын көтеру, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, жұмыс берушілердің талабына жауап бере алатын, заманауи құрал-жабдықтарды меңгерген мамандар даярлауға ерекше назар аударылып отыр. Облыста медицина мамандарына 250-ге жуық кадр тапшылығы бар. Мамандардың жетіспеушілігін шешу мақсатында қаражат бөлінген. Қажетті кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу жөніндегі комиссия отырысының шешімімен бакалавриатқа – 50 орын белгіленіп отыр. Оның 15-і «Денсаулық сақтау» мамандығы болса, 35-і «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» мамандығы бойынша. Ал «Денсаулық сақтау» мамандығында резидентурада даярлауға 139 орын бөлініп отыр. Сондай-ақ жаңа оқу жылына 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. Оның басым бөлігі техникалық, құрылыс және ауылшаруашылық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім салаларына бағытталған.
Түркістан облысы