Форум • 18 Маусым, 2024

Таланттар форумы

38 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық, республикалық олимпиадаларда топ жарып, Алматы облысының абыройын асқақтатқан 145 оқушы оқу жылын айрықша құрметпен аяқтады. Осыған орай, Қонаев қаласының Мәдениет үйінде талантты балаларды қолдауға және ынталандыруға бағытталған «Дарынды оқушылардың жетістіктері» атты форум өтті.

Таланттар форумы

Білім сапасын жоғары нәтижеге жет­кізуде облыстың әр ауда­нындағы білім ошақтары, соның ішінде Ә.Мәлкеев атындағы облыстық «Білім-инновация» лицейін, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары, «Арыстан» лицейі мен «Дана» жекеменшік мектептерінің үлесі зор екендігі ерекше аталды.

– «Мектеп қабырғасындағы жетістіктер – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім саласына деген ерекше көзқарасы мен қолдауының жемісі. Соның арқасында облысымызда білім саласы жүйелі дамып келеді.  Өткен оқу жылында білім сапасы 67,2 пайызды құрады. Биыл мектеп бітірген 14 мың түлектің 1 206-сы «Үздік аттестат», 946 бала «Алтын белгі» төсбелгісі иегері атанды», –  деді форумда дарынды оқушыларды құттықтаған өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.

 Сапалы білім алумен қатар, ерекше дары­нымен танылған өңірдің бір топ оқушыларының есімі ерекше аталды. Атап айтсақ, Еңбекшіқазақ ауданындағы №1 Рахат орта мектебінің оқушысы, ауыл­дық спартакиадада республика бойын­ша жалғыз «абсолюттік жеңімпаз» атан­ған Нұрислам Абдухамит, «Білім-инно­вация» лицейінің оқушысы Муслим Халел, Талғар ауданы Гагарин атындағы №8 мек­теп-лицейінің оқушысы Ангелина Алек­санова, «Арыстан» лицейінің оқушысы Мирас Әбдікеш, Қонаев қаласы орта мек­теп-гимназиясының оқушысы Айзере Қойшыман, Іле ауданы 38-гимназия оқушылары Айша Бекмұхамет пен Милана Фурсова сынды озаттар. Олардың таланты мен жетістіктері іс-шараға жиналғандардың мақтанышы мен таңданысын тудырды.

Салтанатты жиында жеңімпаздарға Ал­маты облысының әкімі Алғыс хат табыс етті.                                             

«Мен Қонаев қаласының орта мектеп-гимназиясының оқушысымын. Дарынды балалар тізімінде болу – мен үшін үлкен мәртебе. Ұстаздарымның көрсеткен қолдау­лары мен берген білімдер арқылы мен болашақта көптеген жетістікке қол жеткізе алатыныма сенімдімін», – дейді жүзі бал-бұл жанған ағылшын тілі секциясы бойынша республикалық олимпиада жеңімпазы Айзере Қойшыман.

Сапалы білім мен бойындағы дарынын, қабілет-қарымын ұштастыра білген балалардың бұл күнгі қуаныштарында шек болмады. Өздеріне көрсетілген құрмет – зор жауапкершілік жүктейтінін сезініп, алда талай жетістікке жетіп, биіктерді бағын­дыратындарына сенімді күйде тарқасты.

 

Алматы облысы