26 Сәуір, 2015

Қазақстан Президенті сайлауында 9 514 988 адам дауыс береді

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26-04-11-vybory-1

АСТАНА. 26 сәуір. Бүгін таңертең сағат 7:00-де елімізде басталған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында 9 514 988 сайлаушы дауыс берулері тиіс. Бұл туралы Bnews.kz хабарлады. «Таңғы сағат 07.00-ден бастап елімізде сайлау учаскелері ашылды, ел тұрғындары өздері қалаған кандидатына кешкі 20.00-ге дейін дауыс бере алады», - делінген хабарламада. Сайлаушылар үш үміткердің арасынан ең таңдаулыны таңдайды. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев, Тұрғын Сыздықов және Әбілғазы Құсайынов бар. «2015 жылдың 5 сәуіріндегі жағдай бойынша, дауыс беру құқығына 9514988 қазақстандық ие. Дауыс беру бюллетеньдері, тізімге ілінген сайлаушылардың жалпы санынан 1% резервті қоса алғанда, 9 610 138 дана. Жалпы, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге 9965 сайлау учаскесі іске қосылған. Оның ішінде 9741 учаскелік сайлау комиссиясы, сондай-ақ 171 аудандық, 37 қалалық және 16 облыстық, Астана және Алматы қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары. Жалпы алғанда, олардың құрамында 70 мың адам бар», - делінген хабарламада. Естеріңізге сала кетейік, Президент сайлауына қатысу үшін 1024 халықаралық бақылаушы мен БАҚ өкілі тіркелді. Президент сайлауын өткізу туралы бастама 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында көтерілді. Кеңес жұмысына Парламент депутаттары, республикалық этномәдени бірлестіктер басшылары, ҮЕҰ, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесі мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Кеңес мүшелері атап өткендей, жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында және күрделі халықаралық күн тәртібінде кезектен тыс сайлау өткізу біздің елімізге «Нұрлы жол болашаққа бастар жол» бағдарламасын, «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген еліміздің даму бағыттарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Құрыш Нұрымбет. Дерек, сурет: Bnews.kz.