Шымкент • 13 Маусым, 2024

Қос қуаныш

93 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкенттегі бір ғасырдан аса тарихы бар А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында Халықаралық «Сөз» әдеби фестивалі өтті. Соның аясында «Әдебиет әлемді біріктіреді» деген поэзия және проза байқауының жеңім­паздарын марапаттау рәсімі болды. Бұл байқау осымен екінші жыл жалғасын тауып отыр.

Қос қуаныш

Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, қала бойынша қатысқан 500-ге ­жуық үміткерден 15 жүлдегер ірік­тел­ген. Байқауда жас шектеуі жоқ. Өнерге таласы ­бар кез келген азаматқа есік ашық екен. Әйткен­мен жасы бар, жасамысы бар қатар жарыс­қан сөз са­йысында мектеп оқушылар қара үзіп ­топ жарды.

Жобаны ұйымдастырушы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі әрі А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапха­насының қызметкері Сүн­дет Сейітовтің айтуынша, биылғы байқаудың бәсі биік болды.

«Атаулы жарыстың талабы да ерекше болды. Көркемсөз оқу жарысы дегеніңіз болмаса, нағыз ғылыми талдау осы жерде жасалды. Әр қатысушының лексикалық, фонетикалық мүм­­кіндігін анықтау маңызды болды. Ана тіліміздегі «ә», «ұ», «ү», «ң» сияқты төл дыбыс­та­рын айта алмайтын үміткерлердің бары бай­қалды. Әрине, бұл олардың кемшілігі емес, жағ­дай солай... Жарысқа түсіп, кем-кетігін жөндеу үміткер үшін өте маңызды. Бұл жолы бағы мен бабы шаппаса, келесіде жолы болар», дейді ол.

Бәйгеге өзге ұлт өкілдері де қатысты. Олар­дың қазақ тілінде мүдірмей еркін сөйлеуі байқаудың көрігін қыздырды. Айталық, 6 мау­сым – атақты Александр Сер­геевич Пушкиннің туған күні. Мәдени іс-шара негізінен әлемдік ақынның туғанына 225 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Ал А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы 1899 жылы ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған. Биыл қарашаңырақтың 125 жылдық мерейтойы.

«Игі бастаманы жүзеге асыру үшін ниеттен басқа мате­риал­дық жағдай да қажет. Ал мұн­дай жобаларға демеуші табу қиын­ның қиыны. Осынау қиындықтан шығуға үлес қосқан Шымкент қаласының атымтай жомарт азаматтары бар. Сіз бен бізге белгілі «Otau Group» ком­паниясының президенті, бизнесмен Қайрат Молдасейітов алғашқылардың бірі болып атау­лы жобаға қолдау көрсетті. Отандық өндірісті дамытуға үлкен үлес қосып жүрген «Bal Tekstil» фабрикасының басшысы, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Ысқақов пен белгілі қоғам қайраткері Анарбек Орманов та азаматтық жасады.  «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығы, Ж.Шанин атындағы театр,­ қуыршақ театры, әзіл-сықақ және сатира театры, «Шымкент-Цирк» ұжымына алғысымызды білдіреміз», дейді кітапхана директоры Наталья Сергеевна.

Енді байқау қорытындысына тоқталсақ: бас жүлдені қазақ ті­лінде Ә.Қастеев атын­дағы өнер және дизайн колледжінің студент­тері Ә.Әбдіқадырұлы, М.Медетхан, Ө.Момын және орыс тілінде А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің 1-сынып оқушысы А.Романқұл иеленсе, жүлделі I орынды Ин­дустриалды-техникалық колледжінің 2-курс студенті Ә.Әбілда, А.Пушкин атындағы мектеп оқушысы А.Пак, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-­дың 2-курс студенті А.Ким иеленді. ­Ал жүлделі II орынды №65 мек­теп-гимназияның 3-сынып оқу­шы­сы А.Мәлік, Т.Тәжібаев атын­дағы №47 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы А.Берік, М.Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжі­нің 1-курс студенті И.Өтешов, ­Титов атындағы №20 мектеп-лицей­дің 5-сынып оқушысы М.Вол­ков иеленді. Жүлделі III орынмен ­Жол-көлік колледжінің 2-курс студенті Д.Базаралыұлы, Саз колледжі­нің 2-курс студенті М.Бай­мыр­­за, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың 1-курс студенті Ө.Тұран, Саз колледжінің 1-курс сту­­денті Қ.Жабаев, Д.Менделеев атын­дағы №15 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы А.Мүсірәлиева, М.Мәметова атындағы №35 мек­тептің 4-сынып оқушысы А.Құттыбай марапатталды.

Байқаудың барлық жеңім­паздарына әртүрлі деңгейдегі дипломдар, аталымдар және сый­лықтар табысталды. Сонымен қатар байқау үміткерлерін дайындап, білімін шыңдаған мұғалімдер мен жетекшілер де алғысхаттармен марапатталды.

 

ШЫМКЕНТ