Білім • 13 Маусым, 2024

Озат оқушылар өнертабысы

77 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі жақсы жағдайымыздың көбі – ғылымның жетістігі, ғылымның күші. Қай заманда да сол дәуірдің қажеттіліктеріне қарай түйткілдер туындап отырған, оның түйінін тарқатудың тәсілдерін де ғылым өкілдері қарым-қабілетінше зерттеп, тауып, ұсынып отырады. Соңғы кездері озат оқушылар да өздерінің өнертабыстары арқылы еліміздегі өзекті мәселелердің шешімін ұсынып жүр. Көңіл қуантады. Солардың бір сыпырасын өздеріңізге ұсынамыз.

Озат оқушылар өнертабысы

Су тасқынының алдын алатын құрылғы

Елімізде болған төтенше жағдай жас зерттеуші Жансая Аккулованың су тасқынының алдын алу үшін дабыл қағатын дыбыстық құрылғыны құрастыруға итермелепті. Кейіпкеріміз әуелі Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы №4 Мәртөк орта мектебінде «Елді ме­кендердегі су тасқынының алдын алу» тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізген. Жансаяның бұл ­идеясын жүзеге асыруға ұстаздары Гүлсім Бекбатырова мен Арнұр Хупыр көмектесті.

«Су тасқынының алдын алу үшін дабыл қағатын дыбыстық құрылғыны өзен жағалауына орналастырдым. Жағалауда орналасқан құрылғы өзен суларының деңгейі көтерілген кезде дабыл қағады. Бұл дабыл беретін шамды биік үйлердің төбесіне орнату керек. Өзен суларының деңгейі көтерілгенде дабыл қағылып, қала тұрғындарына хабарлама жасайды», дейді өнертапқыш.

Хабарлама арқылы адамдар эвакуацияға дайындалады. Бұл құрылғы Arduino UNO микроконтроллермен жасалады. Оған DF player mini mp3 модулі қосылады. Модульдің ішіне микрофлешка салынып, оған хабарлайтын аудиофайл жазылады. Ал микроконтроллерге ылғалдылық датчигі орнатылады, бұл су деңгейі көтерілгенде Arduino-ға дабыл береді.

 

Ядролық реактор моделі

Электр қуатының тапшылығы бүгінде еліміз үшін де өзекті мәселеге айналды. Осыған орай атом электр стансасын салу тақырыбы да талқыланып, референдум өткізу туралы ой да айтылып жүр. Атомнан электр алуға ядролық реактор керек. Оқырманға түсінікті болу үшін қоса кетейік, ядролық реактор – атом ядросы бөлінуінің басқарылатын тізбекті реакциясын жүзеге асыратын құрылғы. Елімізде АЭС салынатын болса, бізге қауіпсіз реактор керек-ақ.

д

Міне, осы мәселенің шешімін өз бетінше іздеп көрген ақмолалық оқушы ядролық реактор моделін әзірледі. Өзінің есім-сойы да ерекше, халық әртісімен аттас, тектес. Бұланды ауданының №2 Никольское аулының жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Асанәлі Әшімов өнертабысын Бішкеке өткен «Біз – ХХІ ғасыр интеллектуалдарымыз» халықаралық байқауында та­ныс­тырған. Аталған байқауға Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран және Қазақстаннан 260 оқушы қатысыпты.

Өнертапқыш оқушының жетекшісі, аталған мек­тептің физика және информатика мұғалімі Артем Цим­бал: «Бұл тақырып АЭС салу жос­парына байланысты өзекті саналады. Асанәлі ядро­лық реактордың моделін жасады, оның жұмысын­да дозиметрді қолдану қағидаты бар. Ол бұл модельді барлық жалпы білім беретін мектептің оқушылары үшін көрнекі оқыту моделі ретінде ұсынды», деді.

А.Цимбалдың айтуынша, оқушының моделі – нағыз ядролық реактордың эмуляторы. Реакторды 1:24 масштабында жасап модельдеді және 3D басып шығарды. Бұрғылау шыбықтары органикалық шыныдан жасалған. Реактордан басқа, модельде 3D принтер мен тұрақты қозғалтқыштардың көмегімен жасалған жұмыс істейтін турбина мен генератордың имитациясы бар. Сонымен қатар модель сәулеленуді және сәулеленудің рұқсат етілген дозасын бақылау үшін дозиметрді пайдаланады. Реакторды 2 Arduino UNO тақтасы басқарады, олар реактор мен сорғының жұмысын бақылайды. Егер реактор тұрақсыз жұмыс істей бастаса, модельде «қоңырау шалу» ескерту жүйесі бар реакторды шұғыл өшіру түймесі қарастырылған.

Асанәлі өз жобасын халықаралық байқауда таныс­тырып, «Жаңа теориялық әзірлемелер» секциясында 3-дәрежелі диплом иегері атанып, медаль алды.

 

Қамыстан алынған целлюлоза

Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының 9-сынып оқушысы Мұқаға­ли Нұрлыбекұлы қамыс өсімдігін шикізат ретінде қарастырып, қамыстан құнды өнімдер алу тәсілін ұсынады. Жас зерттеуші жобасы жөнінде: «Қамысты ата-бабаларымыз шаруашылықта кеңінен қолдан­ған. Қамыстан үй тұрғызу, малға азық ету, ши тоқу сияқ­ты шаруашылыққа пайдаланған. Ал жетекшім Айдос Сайлаубековпен бірге натрон әдісімен қамыс өсім­дігі­нің сабағынан целлюлоза алдық. Бұл үшін қамыс құрылымын зерттеп, тәжірибе жасап көрдік. Қамысты кесіп, жуып алған соң, оны қайнаттық. Түзілген қоспаны сүзгіде сүзіп, сумен жуып және ұсақтадық», деп түсіндірді. Осылайша, жас өнертапқыш қамыстан алынған целлюлоза­ның механикалық қасиеттері бо­йынша ағаш целлюлозасынан жасалған қағаздан кем түспейтінін көрсетті. 

м

Өнертапқыш Мұқағали қамыстан пульпекартон алып, одан жұмыртқа салатын лоток жасады. Қамыс сабағынан алынған целлюлозаны мектеп зертханасында пульперкартон алу үшін сынақтан өткізді. Жұмыртқа салатын қорапшаның матрицасы 3D модельдеу арқылы роботтехника зертханасында жасалды. Алынған модельге кептірілген целлюло­за­ны тағы да ұсақтап, крахмал ертіндісін қосып, қалып­қа құйып және кептірді. Нәтижесінде, пульпекар­тон алды. «Пульпекартонды жидектер мен жеміс­терге арналған науалар (лотки), жұмыртқа салатын ­лотоктар, кофе құйылған стакан ұстағыштары үшін және басқа да салада қолдануға болады», дейді Мұқағали.

Оқушы осы жобаны әрі қарай жалғастырып, тағы да мүмкіндіктерін зерттеп көрмек. Мұнысы құптар­лық іс, өйткені қағаз, картонды ағаштан ала беру таби­ғат­қа айтарлықтай зиянын тигізеді, ал қамысты қажетке жарат­сақ, жақсы емес пе?