Өндіріс • 13 Маусым, 2024

Жүк көлігін шығаратын кәсіпорын

94 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Италиялық «IVECO» маркасымен белгілі арнайы жүк көлік­терін құрас­ты­ратын «STAHLBAU» ЖШС елімізде 2015 жылдың көктемінен бері жұ­мыс істейді. Астана қаласы маңын­дағы №1 индустриялық парктен 4 гек­тарға жуық жер алып, жұмы­сын бас­­таған серіктестік нарық­қа ең қажетті авто­ма­шиналар құрастырады. Жобалық құны 1,2 млрд теңгені құ­раған өндіріс орнын арнайы ара­ла­ға­нымызда сапасына да, сырт бейне­сі­не де көз тоятын түрлі жүк көлігін көрдік.

Жүк көлігін шығаратын кәсіпорын

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Әдетте, қала тазалығы – барлығымызға ортақ. Мұны кез келген адам түсінетіні анық. Отырған орнымыз немесе ауламыздан бөлек, көше тазалығын сақтау да үлкен жауапкершілік. Біз білетіндей, тазалыққа жа­уапты мекемелер адамдармен қатар, түрлі техника көмегіне жүгінеді.

Әрі олардың атқаратын міндеті де әртүрлі. Бірі қыс айында қар тазалайды, тайғақ болдырмау үшін тұзды құм себеді, енді бірі жаз айында жол үстін сыпырып, шаң басу үшін су шашады. Енді бірінің жүгі тіптен ауыр: айтып отырған көлігіміз қала ішіндегі шағын аудандарды тынымсыз шарлап, белгіленген жердегі қоқыс жәшіктерін босатып жатады. Дұрысы, ондағы сіз бен біз тастаған түрлі қалдықты өз бункеріне нығыздай тиеп, қала сыртындағы арнайы орынға апарып төгеді. Бұл жұмыстың күнделікті, тәулік бойы дамылсыз жүретінін көбіміз байқай да бермейміз. Ал жоғарыда айтып кеткен «STAHLBAU» серіктестігі италиялық «IVECO» компания­сымен бірлесе отырып, жылына 100-ге жуық дәл осындай «тазалықшы» жүк көлігін тапсырыспен құрастырып келеді.

ь

«Қоқыс тасуға немесе жалпы тазалыққа арналған жүк көліктерінің барлық бөлшегі, яғни қаңқасы, қозғалтқышы, электрлі жабдықтары – бәрі-бәрін ар­найы мамандарымыз қабылдап, құрастыру жұмыстарын бастайды. Бір жақсысы, зауыттағы жігіттердің басым көпшілігі – әмбебап. Олар көлік құрастырушы да, электрик те, дәнекерлеуші де бола алады. Барлығы – 38 адам. Жалпы, машина құрастыру бо­йынша зауыт ішінде бес пост бар. Әр постың өзіндік міндеті болады. Бірі – қаңқадан бастап алдыңғы және артқы көпірлерін жинап, жүрістік бөлігін нықтайды. Екіншісінде пневматикалық және электрлі құрылғылар, ал үшінші поста мотор мен қосалқы жабдықтар орнатылады. Төртіншісінде шанақ қойылып, оған қажетті заттың барлығы бекітіледі», дейді зауыт директоры Максим Сломинский.

Оның айтуынша, бесінші пос­та құрастырылып болған көлікке қажетті сұйықтықтар (мотор майы, тосол, дизель, т.б.) құйылып, соңғы тексерістен өтеді. Осылайша, қажетті көлік әбден дайын болған соң зауыт басшылығы тапсырыс берушінің қолына кілт ұсы­нады. Айтпақшы, кәсіпорын цехын аралап жүргенімізде өзіміз «самосвал» деп атап кеткен ауыр жүк көлігін көрдік. Еңгезердей әрі қып-қызыл түске боялған «АSTRA» деп аталатын автомашинаның тек артқы жүк тиегіші жоқ. Кейін білгеніміздей, онысы бояу камерасында сырланып жатыр екен.

«АSTRA» да – италиялық марка. 30 тоннаға дейін жүк тией алады. Көбіне-көп кен қазу, құ­ры­­лыс­та топырақ, тас тасу жұ­мыс­­тарына тап­тырмас техника. Қазір біз құ­рас­тырған мұндай машиналар елі­міздің бір­шама құрылыс және гео­логия­лық компаниясында бар.

д

«Бұл да Италиядан бөлшек түрінде келіп, біздің кәсіпорында толықтай құрастырылады. Тек артқы жүк тиейтін қорабы ғана елімізде жасалады. Осы №1 индустриялық паркте бірлескен әріптес серіктесіміз бар. Олар Теміртаудағы зауыттан алынған шикізатты бөлшек түрінде формаға келтіріп, өңдеп, бізге табыстаса, біздің жігіттер оны дәнекерлеп, көлік көлеміне сай жүк тиегіш қорап істейді. Одан кейін қажетті түске бояп, бірден құрастырылған жүк көлігінің үстіне орналастырамыз», дейді зауыттағы құрастыру цехының басқарушысы Мерей Базаркелді.

Зауыт өнімдеріне тапсырыс еліміздің әр өңірінен түсіп жатады. Сұраныс көшін Алматы бастап тұр. Былтыр Жезқазғаннан да мол тапсырыс түскен. 

«Біз көлікті тапсырыс берушінің ұсынысына қарай дайындаймыз. Дайын болған соң, көлікті жеткізіп, барлық жүйесін түсіндіріп береміз. Сондай-ақ 30 тонналық ауыр жүк көліктерінен бөлек, «IVECO» маркалы қоқыс таситын жүк көліктері де біркелкі болмайды. Кубтық есеппен өлшеніп, 8-ден 20 кубқа дейінгі өлшемдегі қоқыс жинайтын автомашиналар дайындап келе­міз. Қар тазалайтын немесе жазды­гүні су шашып, жол сыпыратын кө­лік­теріміз де сондай», дейді Мерей.

Цех басқарушысының ай­туынша, мамандарға ең оңайы «АSTRA» жүк көлігін құрас­тыру екен. «Тазалықшы» көліктер­дегідей көп­функциялы емес, барлығы жүйелі әрі тез жиналады.

Сырттан келген бөлшекті құрастыру жаңалық болып па дерсіз. Бірақ шетелдік автоөнер­кәсіптегі тың жаңалықты тосыр­қамай, сіңіріп, оны (брендтік таңбаны) елге әкеліп, өзіміздің жігіттердің бір қолдан нарыққа шығаруы – үлкен еңбек.