Сайрам ауданына сапарымызда бұл ерекшелік пен ескертудің нәтижесіне көз жеткіздік. Яғни мал асырап, көкөніс егуден басқа бағыттар да өркендеп келеді. Мысалы, Ақсукент аулында «Bella mebel» брендімен өнім шығаратын жиһаз фабрикасы 2017 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істейді. Бүгінде компания оңтүстік өңірдегі жиһаз нарығында өз орнын ойып тұрып алды деуге болады. Отбасылық бизнеске Дилдора Нуриддинова көп кәсіпкер сияқты саудадан келіпті. Бастапқыда олар Сербия мен Италияда жасалған жиһаздарды көтерме бағамен сатқан. Жиһаздың түр-түрін көріп жүріп, сондай дүниелерді өздері жасауға бел буады. Нәтижесі жаман емес. Қазір фабрикада 150-ден аса білікті маман жұмыс істейді. Жұмсақ жиһаздың 120 түрі шығады. Арзаны да, қымбаты да бар. Тұтынушы қалтасына қарай кез келген үлгіні таңдай алады.
Жиһаз фабрикасындағы «Заманауи», «Неоклассика», «Дәстүрлі классика», «Прованс» және «Винтаж» стиліндегі өнімдер неміс, италия жабдықтарында, заманауи материалдарды қолдана отырып жасалады. Сондай-ақ фабрика өнімдері сапа менеджменті мен экологиялық таза деген сертификатпен расталған. Өндіріс орны италиялық дизайнерлердің қатысуымен экологиялық таза материалдар мен сенімді компоненттерді пайдалана отырып, тұтынушыға тек жоғары сапалы жиһаз ұсынады. Компания жиһаз өндірісіндегі айналым қаражатын толықтыру үшін жылына 21,75%-бен 2022 жылы «Forte Bank»-тен несие алған.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 13,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. «Жоғары сапа, заманауи дизайн, қолайлы бағалар, ең бастысы сатып алушылардың ризашылығы – біздің бизнесіміздің басты құндылығы. Бүгін біз дайын өнімді Әзербайжан, Ресей және Өзбекстан елдеріне экспорттаймыз», дейді зауыт директоры Дильдора Нуриддинова.
Осы аудандағы «Наурыз-5» ЖШС «Korkem» сауда белгісімен жеміс және көкөніс өңдеумен, консервілеумен айналысады. Компания өткен жылы жабдықтар сатып алу үшін «Halyk Bank»-тен жылдық 21,75%-бен несие алған, оның 16,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Барлық өнім сертификатталған. 2002 жылы негізі қаланған өндіріс орны тәулігіне 10 тоннаға дейін консервіленген өнім шығаратын әмбебап технологиялық желімен қамтылған. Заманауи жабдықтар сатып алуға қомақты инвестиция салынған. Өнім еліміздің барлық облысында сатылады.
Консерві жасауға жоғары сапалы өнімдер, салат, томат тұздықтары, маринадтар мен джемдер үшін жаңа піскен көкөніс, жидек қолданылады. Оның барлығы компанияның өз рецептісімен дайындалады. Айына орта есеппен 50 тоннадан астам өнім нарыққа шығарылып отыр.
Ал ет өндірісімен айналысатын «Nurym Group» ЖШС тағы бір ерекше жобаны қолға алған. Енді мұнда түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске қосылады. Жоба негізінен ет өндірісін кеңейтуге бағытталған. Мал шаруашылығы, ет өңдеу, ет саудасы, жем өндірісі қатар атқарылады. Құрылымында бордақылау алаңы мен мал базасы және қоймалар бар. 2018 жылы жұмысын бастаған кәсіпорында ірі қара өсіріледі. Бүгінде 6 мыңға жуық ірі қара мал бордақыланып жатыр. Компания 2021 жылы 5 мың бас бұқа сатып алған. Өңдеу қуаттылығы – жылына 5 мың тонна ет. Өнім Иран мен Өзбекстанға экспортталады. Жақында мұнда инновациялық технологияларды қолдана отырып, түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске асырылады. Аталған зауытта сағатына 20 тонна түйіршіктелген жем шығарылмақ. Өндіріс орны жанынан арнайы зертхана мен 20 мың тоннаға дейін мал азығын сақтайтын қойма салу да жоспарланған. Алдағы уақытта зауытта бірнеше азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Оған қоса аудандағы қасапханалардан шыққан қалдықтарды терең өңдеу мәселесі де қолға алынбақ. Тағы бір маңызды жоба ет өңдейтін зауыттың құрылысы биыл басталады. Кәсіпорында күніне 1 000 ірі қара мал сойылады. Малдың қаны мен сүйегін, ішек-қарнын, терісін де пайдаға асыратын жаңа кәсіпорын 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Ауданда полиэтилен және поливинилхлорид құбырларын шығаратын зауыт та жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын өнімдеріне кейінгі кездері сұраныс артқан. Себебі су, газ жүйесі мен дренаждық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде қарқын алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру белсенді жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама негізінде іске қосылған «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты бастапқыда резеңке мен пластик бұйымдар шығарса, кейіннен су құбыры өндірісін қолға алған. Қазір 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған зауытта полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрі шығарылады. Дайын өнім газ бен суды тасымалдауға және құрылысқа пайдаланылады. Мұнда жылына қалыңдығы 630 миллиметрге дейінгі ірілі-ұсақты 10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріліп, еліміздің бірнеше аймағына жөнелтіледі. Ал диаметрі 400 миллиметр болатын поливинилхлорид құбырларын елімізде жалғыз осы зауыт өндіреді екен.
Зауытта жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Өндіріске қажетті барлық техника Германияның «Крас Маффай» фирмасынан әкелінген. Өндіріске қажет шикізат қазір көршілес Өзбекстаннан жеткізіледі. Кәсіпорынның жылдық тауар айналымы – 4 млрд теңге.
Халық саны 237 мыңнан асатын ауданда көкөніс, жеміс-жидек, ет пен сүт көп өндіріледі. Оған біз жоғарыда айтып өткен тұрмысқа, ауыл шаруашылығына қажетті заттар шығаратын кәсіпорындар қосылып отыр. Яғни тұрғындар тұрмыс-тіршілікке қажеттіні алыстан іздемейді. Бұл орайда шағын кәсіпкерліктің дамуына, өндіріс орындарының көптеп ашылуына үлес қосуға ниеттілерге ауданда жағдай жасалып жатыр.
Түркістан облысы