Қоғам • 11 Маусым, 2024

Телефон тозады, кітап озады

27 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы күні отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын, қалай лақтырсаң да төрт аяғымен тең түсетін, жойқын бір уәж пайда болды. Қандай дәлелді пікір болса да тойтарып тастайтын, кез келген күдікті сұрақ­ты жойып жіберетін тылсым бір күш өсіп шықты. Ол аргумент «Қазір ХХІ ғасыр!» деп басталады. Сосын «Дамыған елдерде солай!» деп аяқталады. Қанша жер­­­­­ден қаһарына мініп, ашуға булығып тұрса да, бұл сөзді естіген былайғы жұрт бірден бәсеңсіп, қипақтап қалады. Бірақ қанша дәуір өтсе де құндылығын жоймайтын дүниелер бар емес пе? Соның бірі – кітапқа қатысты әңгіме.

Телефон тозады, кітап озады

Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

«Кітап оқымайтын адам­ның оқи алмайтын адамнан айыр­машылығы жоқ» дегендей, қазір қоғамның дені са­уатты, алайда көркем әде­биетті оқитындардың қарасы аз. Рас, құрметін көрсетіп, ілтипатын білдіріп тұрады, бірақ екі-үш парақтан кейін шыдамы таусылады да, назары басқа жаққа ауып, жанары жылтырақты іздей бас­тайды. Сондықтан адам мен кітаптың арасына сына қағып, достығына жарықшақ түсірген – әлеуметтік желі десек қателеспейміз. Үлкен-кішіні бұғаулап алып, жоқ, бау­рап алып, виртуалды әлем­ге көшіріп жіберген жаңа технологиялар кітаптың мың­ жылдық салтанатына­ бір­­ша­ма бөгесін қойды. Әлбет­те интернеттің игілігін жоқ­қа шығармаймыз, дегенмен ғаламтордың берері қан­ша болса, алары да сонша. Қазір балалардың бейне ойындар­ға әуестігі ата-аналардың негізгі уайымына айналды. «Әлеуметтік желі жеткіншектің мінез-құлқына, таным-түсінігіне, ментальді һәм физикалық саулығына теріс әсер етіп жатыр», деп шыр-пыр болады қайран әке-шеше. Үлкендердің өзі де күндіз-түні WhatsApp ақтарып, Instagram қопарып, виртуалды әлемге қашан әрі қалай шомып кеткенін байқамай қалды. Бірақ әрбір ата-ана баласының көзі мен құлағын, санасы мен рухын қорғауға міндетті екенін ұмытпағаны ләзім. Себебі ғаламат жетіс­тік ретінде жарнамаланып жатқанымен, бейне ойындар түгілі, ютубтағы мульт­фильмдер де ақыл қоспайды, қиялды байытпайды, сөздік қорын дамытпайды, сыни ойлауға баулымайды. Бұрын да, қазір де, интеллектуалдық өрені көтеретін, мінезді берік қылатын, ересек тартқан ша­ғында жақсы орта табуы­на септесетін – кітап қана, көркем әдебиет қана, классикалық еңбектер ғана. Көзі қарақты ешбір адам бұл ақиқат­ты жоққа шығара алмайды. Ендеше, балаңыздың интернетте отыратын уақытын шектеуде тұрған ешбір сөкеттік жоқ. Осы мақсатта биыл Оқу-ағарту министрлігі де бала­лардың жазғы демалы­­сын қызықты әрі пайдалы өткізуге арналған «Сенің қуанышқа толы жазғы дема­лысың» атты Guidebook кітапшасын әзірледі. Аталған әдістеме тоғыз бөлімнен тұрады: «Жаз кітаппен бірге», «Сенің қауіпсіз жазың», «Танымдық жаз», «Сенің өмір салтың – саламатты өмір салты», «Жаз – өнердің, шығармашылықтың және сұлулықтың қызықты әлемі», «Жаз – өзін-өзі дамыту уақыты», «Сенің алғаш­қы жеке күнделігің», «Өз қолың­мен жазғы сыйлық жаса», «Жазғы ойындар». Тараулардың атауынан-ақ оқу­шыларға пайдалы кітап­ша екенін аңғарамыз. Аталған министрлікке қарас­ты тәрбие жұмысы және қосымша білім департаменті директорының орынбасары Стэлла Ибраева әдістемелік жинақ жөнінде: «Балалардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, 1–4, 5–9, 10–11 сынып оқушылары үшін «Сенің қуанышқа толы жазғы дема­лысың» Guidebook жи­на­ғы­ның үш нұс­қа­с­ы әзірленді. Оның әрбір парағында QR-кодтар орна­лас­тырылған, сол арқылы оқушы берілген тақырыптар туралы ақпарат ала алады. Мұнда орталық мемлекеттік органдармен бекітілген балаларға арнал­ған жазғы сауықтыру орта­лық­тарының да тізімі берілген», деді. Guidebook-тің электронды нұсқасын Оқу-ағарту министрлігінің, сондай-ақ өңірлік білім басқармалары мен білім ұйымдарының ресми сайттарынан алуға болады.

Бұл кітапшаны айтып­ отырған себебіміз, мың шақы­рымдық жол алғашқы қадам­нан басталатыны секілді, осын­дай шағын әрі танымдық шығармалар арқылы бала­лар­дың кітапқа деген ынтасы арта түседі. Кейін өсе келе көркем әде­биетті, классикалық еңбек­терді құнығып оқитын дең­гейге жетеді. Осылайша, бүгін жетім қозыдай шетте, қараусыз қалған кітап күн­дер­дің күнінде өзіне лайық орынды қайта табады.