Өндіріс • 11 Маусым, 2024

Сапалы сүт тағамын өндіреді

51 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тоқырау жылдары Теміртау сүт зауыты жұмысын тоқта­тып, қараусыз қалған. Зауытты ұры-қары торуылдап, біраз мүлкін қолды қылады. Тәуелсіздік алғаннан кейін бір кездері дүрілдеп жұмыс істеген зауытты қайта қалпына келтіріп, іске қосу үшін сегіз ай уақыт жұмсалған.

Сапалы сүт тағамын өндіреді

1999 жылдың мамыр айында конвейерден алғашқы өнімін алған «REN-Milk» сүт зауы­ты – ­бү­гін­де өңір нары­ғын­дағы белсенді ­ойын­шы.

Өндірісті қайта іске қосқан жыл­­дары 2 тонна шикі сүттен сүт пен ай­­ран өн­дір­­ген. Сол кезде «Ис­пат-­Қар­мет» шахта-за­уыт­­­тағы ең­бек­­кер­лерін осы к­ә­сіп­­­орын­­­ның ағар­ғанымен қамтамасыз етіпті.

«Екі тонна өнім дегеніңіз күлкілі көлем, әрине. Бірақ тұралап ­барып, қайта тұрған кәсіпорын үшін бұл екі тонна өте маңызды көрсеткіш еді», дейді серіктестік басшысы Василий Рычков.

Бұл уақытта кәсіпорынның алдынан бірнеше кедергі шыққан. Оның бірі – тоңазытқыш қойма тапшылығы. Дайын өнімді дереу өткізбесе, онда ол бұзылып, қаншама еңбек рәсуа болатын. Екінші түйткіл – шикізат табудың қиындығы. Уақыт өте келе елге мал біте бастаған соң, зауыт күніне он тоннадай сүт қабылдай бастайды. Аралап жүріп сүт жинайтын ­ауылдар қатары артады. Біртіндеп аймақтың әр тұсы мен ел астанасынан дүкендер желісі ашылады. Халықты сапалы сүт тағамымен қамтамасыз еткен кә­сіпорынның қанаты кеңге осылай жайылды.

Күнделікті кәсіпорынға жет­кі­зілген шикі сүттен 20-дан астам өнім түрі жасалады. Айран, ­йогурт, қаймақ, сүзбе, ірімшік, май, шоко­ладты май, балмұздақ секілді өнімдері өтімді. Дүкен сөрелерінде түр-түрі толып тұр.

Шикізатты іргелес Нұра, Абай, Осакаров, Қарқаралы аудан­дары мен Ақмола облы­сы­ның оңтүстік өңірлерінен тасиды. Василий Эдуардович «Сүтті сиыр фермаларын көбейтпесе, алыс ауылдардан тасымалдау жалғаса береді», дейді. Бұл орайда директор белорусь елін мысалға алады. Ол жақта сүт тасымалдайтын көліктер әрі кетсе 25-30 шақырымға ұзайды екен. Өйткені ферма көп. Ал біздегі зауыттың көліктері әрі-бері ең кемі 400 шақырым жол жүріп келеді.

Қазір сүт тасымалдайтын әр көлікте навигация желісі бар. Бұл қондырғы арқылы сүт көлігінің қайда жүргенін біліп отыруға болады. Оқыс жағдай туындағандай болса, жедел көмекке жетуге мүмкіндік бар. Қыс қатты болған кездері қыр асқан көліктер апталап жоғалып та кеткен көрінеді. Сол себепті кәсіпорын әуелгі кезекте қауіпсіздікке ден қойған.

Сүт фабрикасында өнім ­сапасын қадағалайтын арнайы зерт­хана бар. Кез келген та­уар зертхана қызметкерлерінің мақұлдауынсыз сыртқа шық­пайды. Ауылдан жеткен сүт 6 тонналық танкерлерге құйы­лады. Әбден тазартып, суытылады. Содан соң аппараттық бөлімшеге жеткізіліп, тағы бір мәрте тазартылып, цехтарға жө­нел­тіледі.

Мұндағы мамандар өзде­ріне жүк­телген міндетті жауап­кер­ші­лік­пен атқарады. Азық-түлік сапасын, қаупсіздігін алдыңғы орынға қой­ған. Қазір фабрика мамандары ірімшік пен майды молынан әзір­леп жатыр. Өйткені көк шөптің уа­қы­тында өнімнің де құнары мол бола­ды. Денін тоңазытқыштарына сақ­тап жатыр. Қыста сатылымға шы­ға­рады.

Жаз қалай шығады, цехтың балмұздағына да сұраныс солай артады. Бір ғана ауысымның өзі­нен 2 тоннаға жуық балмұз­дақ құйылады. Ресейлік қон­дыр­ғының көмегімен түрлі дәм­деуіш қосып әзірленетін мұндағы бал­мұздақтар шынымен брендке айналды. Айран ұйытуға да көп уақыт жұмсалады екен. Сүтке арнайы ашытқы қосып, оны бөшкеде ұйытады. 37-42 градус­та шамамен жарты күн тұрады. Технологтер дәмін жиі көріп, қышқылын тексеріп отырады. 1,5 пайыздық майлылығы бар айранның күніне 14-15 тоннасын өндіріп, зауыттан жөнелтеді.

Ірімшік арнайы 2 тонналық науада ашытылады. Цехта ондай 10 науа бар. Кешкілік ауысымда сүтті соған құйып, 8-9 сағат уақыт ашытады. Ертеңіне қайнатып, ірімшігін сүзеді. Дайын өнімді салқындатып алған соң, қоймаға жібереді. Әр науадан 200 келі ­ірім­шік өндіріледі.

Фабриканың құю цехында сани­тарлық талаптар қатаң сақ­талады. Яғни мұнда дайын өнім патенттеледі. Айран, сүт, ірімшік қапшықтарға, қораптарға құйы­лады. Мұнда мүлдем бактерия болмауға тиіс. Әйтпесе, тонна-тонна сүт өнімі дүкен сөресіне жеткенше ашып кетіп, кәсіпорын шығынға батуы мүмкін.

«REN-Milk» – 500-ге жуық адамға жұмыс беріп отырған іргелі кәсіпорын. Теміртаумен қоса іргедегі ауылдан, қаладан қатынап істейтіндер де бар. Бірақ тех­никалық қызмет көрсету ма­ман­­дарының жетіспеушілігі бай­қалады. Біраз болды, фабрика жас­тарды технологияға оқытып, кадр мәселесін осылай шешіп жүр.

Кәсіпорын 2018 жылы өнім көлемін 25 пайызға ұлғайтып, «Қазақстанның үздік тауары» өңір­лік көрме конкурсында «Үздік азық-түлік тауары» аталы­мын жеңіп алған.

 

Қарағанды облысы