Әскер • 08 Маусым, 2024

Тау қорықшысы полкінің жауынгерлері

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Оңтүстік» өңірлік қолбас­шы­лығының барлық әскери бөлім­ін­де әскери ант беру рәсімі өтті. Осы көктемде әскери қыз­метке шақырылған 2 мыңға жуық жас сарбаз туған Отанына адал болуға ант берді. Солардың қатарында Қарулы күштердегі бірден-бір тау қорықшысы пол­кінің мерзімді қызмет сарбаздары да әскери ант қабылдады.

Тау қорықшысы полкінің жауынгерлері

Қаруластары мен командирлердің, сондай-ақ ата-аналарының қатысуымен өткен іс-шарада жас жауынгерлер Отанын қорғауға, әскери қызметтің ауыртпалықтарын табандылықпен көтеруге, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне адал болуға ант берді.

– Әскери анттағы әр сөз үлкен мағы­на­ға ие. Оны салтанатты жағдайда оқыған с­оң ғана әскерге шақырылушы толыққан­ды әскери қызметшіге айналады. Сол арқылы әскери қызметті дұрыс атқару мен антқа адал болу жауапкершілігін өз мойнына алады, – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысының тәр­бие және идеологиялық жұмыстар жө­нін­­дегі орынбасары, полковник Ораз Ку­чуков.

а

Ант беру рәсіміне тау қорықшысы полкінің сарбаздары бір ай бойы дайындалды. Осы уақыт ішінде олар әскери өмір салтымен, полк тарихымен танысып, жас жауынгер курсын игерді. Жалпы, әскери жарғыларды, қарудың тактикалық-тех­ни­калық сипаттамаларын зерделеп, саптық, атыс және дене дайындығынан өтті.

– Мен қызмет етуге келген әскери бөлім еліміздегі бірегей бөлім әрі халық батыры Бауыржан Момышұлының туған жерінде орналасқан. Бұл бізге қосымша жауапкершілік жүктейді. Сол себепті, ұлы қолбасшының есімі мен даңқына сай болуымыз керек, – деді Шымкенттен шақырылған қатардағы жауынгер Рамазан Айдосұлы.

Тау қорықшысы полкі табиғаты көркем Терісбұлақ су қоймасының жа­ғасында, тау жотасының етегінде орна­ласқан.

– Маған бұл өлкенің табиғаты қатты ұнады. Айналаның бәрі тамаша. Әр таң сайын көңіл күйім көтеріліп оянамын, – дейді Өскемен қаласынан қызмет етуге келген мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Данил Еникушкин. – Шынымды айтсам, мен қазірдің өзінде келісімшарт бойынша осында қызмет етуді ойластырып жатырмын. Әрине, оны уақыт көрсетеді.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің орындауындағы әскери марштар салтанатқа қатысушылардың жауынгерлік рухы мен көңіл күйін көтеріп тастады. Сарбаздардың ата-аналары үшін қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі ұйымдастырылып, әскери бөлім аумағында экскурсия жүргізілді.