
«Халық заңгері» акциясы дәстүрлі түрде 2016 жылдан бері өтіп келеді. Күні бүгінге дейін осы іс-шараға 8 мыңнан астам үздік сарапшы мен түрлі мемлекеттік орган өкілдері қатысып, құқықтық көмекке жүгінген 165 мыңнан астам тұрғын кеңес алған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі превенция қызметі басшысының орынбасары Жігер Байгелдиннің айтуынша, «Халық заңгері» республикалық акциясының басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, тегін құқықтық көмек көрсету.
«Науқанға қаламыздың 80-ге жуық білікті заңгері мен мемлекет қызметшісі жиналып отыр. Сонымен қатар заңгерлер тұрғындардан түскен құқықтық сұрақтар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл акцияға жыл сайын белсенді қатысады. Өйткені тұрғындарға құқықтық көмек көрсету превенция жұмысының бір бағыты саналады. Жұртшылық көбіне-көп жер, ПИК, МИБ мәселелерімен келіп жатыр. Осы науқанда түскен сұраныстар бойынша тұрғындарға тиісті кеңес береміз. Мәселенің шешім табуын соңына дейін бақылаймыз», дейді Ж.Байгелдин.
Науқан басталарда кеңес алуға келгендер көп болды. Әр адамға жеке адвокаттар, мемлекет қызметшілері мен нотариустар көмек көрсетті. Бірінен шығып, екінші маманға жүгінген тұрғындар жетерлік. Олардың ішінде тұрғын үй, мұрагерлікті заңнамалық реттеу, алаяқтық, жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдері, алимент сынды мәселелермен жүгінгендер қарасы қалың. Мысалы, Астана қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекция басқармасының маманы Сапар Әділжанның айтуынша, қарапайым, үй кезегін білуге келетіндердің өзі аз емес көрінеді.
«Тұрғын үй мәселесі бойынша кеңес алуға келетіндер жыл сайын көбейіп жатыр. Азаматтар арасында тұрғын үй кезегі бойынша, атап айтқанда, кезекке тұру мәселесіне қатысты сұрақтар көп. Осыған қоса мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысты сұрақтар түсті. Қойылған сауалдарға толық жауап беруге тырыстық. Дегенмен бірлі-екілі шешімін таппаған сұрақ болды. Алда олар бойынша байланысқа шығып, ресми жауап қайтарамыз. Бізге келген әр адамның өтініші жерде қалмайды», дейді С.Әділжан.
Акция барысында тегін кеңес алуға келген әрбір тұрғынға мамандар құқықтық, заңгерлік көмек көрсетті. Ал кейбір күрделі мәселелерге қатысты сауалдарды құзырлы органдар тіркеп, соңына дейін жеткізуге уәде берді.
Жания Әбіл,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті