Мәселе • 06 Маусым, 2024

Дала жан-жануарына қауіп сейілмей тұр

22 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда жануарлар дүниесін қорғау, өрт қауіпсіздігін, құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов, мемлекеттік және құқық қорғау орындарының өкілдері, орман шаруашылығы мекемелерінің, Наурызым қорығы мен «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының басшылары қатысты.

Дала жан-жануарына қауіп сейілмей тұр

Облыс прокуроры Берік Әбілов өңірдің бірегей табиғи ресурс­тар мен биоалуантүрлілікке бай екенін, бірақ, өкінішке қарай, осыншама иен байлыққа заңсыз қол сұққан сұғанақ көз сұр мергендердің көбейіп бара жатқаны алаңдатып отырғанын тілге тиек етті. Прокурордың айтуынша, жануарлар әлемі мемлекеттің қорғауында болғанына қарамастан, соңғы жылдары аймақта браконьерлік жағдайлар жиілеп кеткен. Соңғы 3 жыл ішінде өңірде жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аула­у ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар қатары 17 пайызға өсіп отыр. Мәселен, 2021 жылы 392 адам табиғат байлығына заңсыз қол сұққаны үшін жазаланса, 2022 жылы 423, ал 2023 жылы 459 қаскөй әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Қызыл кітапқа» енген, онсыз да жо­йылы­п бара жатқан сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулағаны және заңсыз ұстағаны үшін 43 қылмыстық іс тіркелді, оның 20-сы сотқа жіберілді», деді облыс прокуроры.

Мысалы, 2023 жылғы 22 желтоқсанда полиция қызметкерлері Әулиекөл тас жолының Қостанай қаласына жақын тұсында жолаушы тасымалдайтын шағын автобусты тоқтатады. Көлікті тексеру барысында құны 2,1 млрд теңге болатын 300 киік мүйізі табылған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қозғалған тергеу жұмыстары аяқталып, қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Жиын барысында өңірдегі аңшылық шаруашылықтарының жануарлар дүниесін қорғау, олардың санын көбейту және пайдалану мәселелері тура­сында сөз болды. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмысты үйлестіру және тиімділігін арттыру аясында брако­ньерлікке қарсы іс-қимыл жоспары бекітілді, шекара маңындағы өткізу пункттерінде жануарлар дүниесі нысандары мен тыйым салынған құралдар, аулау құралдарының контрабандасы фактілеріне жол бермеу жөнінде өзара іс-қимыл алгоритмі айқындалды.

Үйлестіру кеңесінің отырысында, сонымен қатар, жер көлемі жөнінен елімізде алтыншы орында тұрған ұлан-ғайыр өңірдің орман алқаптарын өрттен сақтау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар, осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды.

Облыс прокуроры орман алқап­тарының қауіпсіздігі Қазақстан Рес­публикасы Бас Прокурорының тікелей бақылауында екенін, таяуда табиғат байлығын қорғаумен айналысатын барлық орман мекемелерінің жұ­мысына талдау жүргізілгенін атап өтті.

Жиынға қатысушылар 2022 жыл­дың қыркүйек айында өртке оранған Әулиекөл ауданындағы орман алқа­бының қазіргі жағдайын сөз етіп, Аманқарағай орманын сауықтыру барысында заңсыз ағаш кесуге жол бермеу, мемлекетке келтірілген залалды өтеу шараларын талқылады. Соны­мен қатар, үйлестіру кеңесінде орманға жақын орналасқан елді мекендер мен тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігіне дайындығын арттыруға бағытталған қосымша шаралар қабылданды.

 

Қостанай облысы