Жалпы, Сарыағаш ауданы аумағында жыл басынан бері 73 сенбілік өткізілген. Сенбілік барысында 500 көше, 161 шақырым аяқжол, 200 шақырым арық-атыздар, 103 шақырым ирригация жүйелері тазаланды. Сонымен қатар 37 аялдама, 34 саябақ пен скверлер, 47 спорт алаңшасы сырланып, реттелді. Сенбіліктерге 20 000 адам қатысып, 343 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 676 тонна күл-қоқыс арнайы орындарға тасымалданды. Сондай-ақ табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» КММ тарапынан берілген 31 700 түп ұзақ жылдық ағаш көшеті қала және 13 ауылдық округ аумақтарына, демеушілер есебінен Сарыағаш қаласы және Қапланбек ауылдық округінде 4 200 ағаш және гүл көшеттері егілді.
«Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жалғастырамыз және апта сайын пысықтап отырамыз. Облыс аумағы таза болса, қоғам да, қоғамның ойы да тазарады. Қоғам болып кіріскенде ғана аймақ тазарып, ажары ашылады», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды тазалық жұмыстары сараланған мәжілісте. Ал жиынға қатысқан Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков бұл бастаманың әрбір өңірде сапалы өтуі тұрақты бақылауда екенін айтты. «Түркістан облысында акция аясында көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы тұрақты негізде жалғастыруды тапсырды. Осыған байланысты әкімдіктер халықтың экологиялық мәдениетін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған өңірлік жоспарларын әзірлеуі қажет. Қазіргі қолданыстағы абаттандыру қағидасы тиісті деңгейде әзірленбеген, сондықтан орындалуы ақсап тұр. Бұдан бөлек, қағидада аумақтарды күтіп ұстауға және тазалауға байланысты көптеген мәселе ескерілмеген. Бұл орайда, Президент Әкімшілігі тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне абаттандыру ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде нақты тапсырма берілді. Жаңа қағидада меншік иелерінің жеке және іргелес аумақтарды күтіп-ұстауы, елді мекендердің және ғимараттардың сыртқы архитектуралық келбетін жақсарту мәселелері қарастырылуда. Сондай-ақ қыс мезгілінде аумақтарды жинау, қарды, мұзды және қоқысты жинаудың нақты мерзімдері мен әдістері көрсетіледі. Бұл жұмыстарды атқаруда тұрғындар мен бизнес өкілдерінің қатысуына басымдық беріледі», деді Ерлан Исабеков.
Түркістан облысында тазалық науқаны аясында 1 408 іс-шара өткізілген. Оған 2 156 мемлекеттік орган, 3 204 бизнес өкілі, 74 мыңға жуық тұрғын атсалысқан. Сондай-ақ өңірде полиция департаменті құрылымдарымен облыс аумағын абаттандыру қағидалары мен ортақ пайдалану орындарын ластау фактілерінің анықтау бағытында кешенді шаралар атқарылып келеді. Жыл басынан бері Әкімшілік кодексінің 505 бабы бойынша 3 597 ескерту жасалып, 139 тұлғаға әкімшілік айыппұл, ал 10 614 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 146 млн теңге айыппұл салынған. Әкімшілік кодексінің 630 бабы бойынша 2 920 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 13 млн теңгеден астам айыппұл салынып отыр. Экология Кодексі талаптарының сақталуына қатысты жүргізілген 115 тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша 478 экологиялық заң бұзушылық анықталып, 145 нұсқама берілген, 462 жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынған.
Түркістан облысы