Білім • 06 Маусым, 2024

НЗМ оқушылары жалған емтихан сұрақтарын таратқан

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұған дейін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері тапсыратын қорытынды емтихан материалдарын сату мен алдын-ала тарату бойынша ақпарат тараған еді. Осы іске қатысты жан-жақты тексерудің нәтижесін НЗМ өкілі Әнуар Жанғозин айтып берді, деп жазады Egemen.kz.

НЗМ оқушылары жалған емтихан сұрақтарын таратқан

Фото: facebook/Anuar Zhangozin

Жүргізілген қызметтік тексерістен кейін НЗМ оқушысы тапсырмаларды өз бетінше әзірлеген, ал басқа оқушылар оны нақты емтихан материалдары ретінде таратқаны белгілі болды.

Әнуар Жанғозин оқушылардың аталған мектепке түсу кезінде ішкі тәртіп пен академиялық ережелермен танысатынын жазып, анықталған оқушы әрекеті осы қағиданы бұзғанын атап өтті. 

«Анықталған бұзушылықтарға сәйкес осындай келеңсіздікті туындатқан оқушыларға емтихандарды қайта тапсыру құқығынсыз емтихан нәтижелерін жою туралы шешім қабылданды. Бұл оқушылар қорытынды емтихандар аясында ҰБТ сертификатын алу мүмкіндігінен айырылады. Материалдарды таратуға қатысқан қалған оқушыларға да тәртіптік жаза қолданылды», деп жазды Әнуар Жанғозин.