Аймақтар • 06 Маусым, 2024

Талдықорған: Әлеуметтік жобаларға басымдық

142 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жетісуға келген жұртты әуелі театр алдындағы хакім Абайдың асқақ ескерткіші қарсы алады. Зәулім ғимараттар, жаңа шағын аудандар, келелі кәсіпорындар жыл санап қаланың келбетін көркейтіп келеді. Биыл өнеркәсіп саласында 3 кәсіпорын іске қосылып, 2 өндірісті кеңейту жоспарланған. Қала әкімі Ернат Бәзіл қарашамен қатар жүріп, тұрғын үй мәселесін де тұрақтандырды.

Талдықорған: Әлеуметтік жобаларға басымдық

Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Өндіріс саласы өркендеп келеді

Қазір облыс орталығына инвестиция тарту мәселесі күн тәр­­ті­бінде тұр. Шаһар басшысы аграрлы өңірге қаржы құям деген ин­весторларға барынша көмек­те­су­ге әзір. Былтыр элеватор, жүн көрпе шығару цехы іске қосылды. «Алмаз Кера­микс» керамикалық плиталарды шығару зауыты кеңейтілді. Нәти­жесінде, 113 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы­лайша, өңдеу өнер­кәсібіне 9 млрд теңгеге жуық ин­вестиция тар­тылды.

«Стационарлық аккумуля­тор­лық батареялар зауыты жо­ба­сы жүзеге асырылып жатыр. Жақында іске қосылатын жоба­ның жалпы құны – 3,2 млрд теңге. Оған биыл 700 млн теңге инвестиция тартылады. Ең бастысы, 120 жұмыс орны құрылады. Былтыр бюджет қаражаты есебі­нен 1 км кәріз жүйесі мен 7,2 км электр желілері салынған, биыл 0,7 км газ желісін тарту жұ­мыс­та­ры жүргізіледі. Біз өндіріс саласына ерекше мән беріп отырмыз», дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.

Бүгінде қала индустриялық аймағының аумағында орна­лас­қан 8 негізгі кәсіпорын бар. Атап айтсақ, «Best Изоляция» ЖШС, «Bars Technologies» ЖШС, «Талдықорған жолдары» ЖШС, «Аманат-Қазына» ЖШС, «Газспецнабюг» ЖШС, «Карамай» ЖШС, «Halyk Astyg Expo» ЖШС, «Жетісу-Май» ЖШС, «Жетісу Мажико» агроке­шені» ЖШС. Олардың бәрі бү­гін­де мыңдаған адамға жұмыс ұсы­нып, өңір эко­номикасының дамуына жол ашып отыр.

 

Кәсіпкерлердің көңілі тоқ

Қаланың шағын және орта бизнесінде 17 мыңнан аса кәсіп­кер­лік субъектісі жұмыс істейді. Олар өткен жылы бюджетке 20,4 млрд теңге көлемінде түсім түсірген. Одан қалды 263,7 млрд теңгенің өнімі өңдірілген. Бүгінде аталған сала 37 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкерлерге ақпараттық-консуль­тациялық көмек көрсету үшін палата жанында Кәсіп­кер­лер­ге қызмет көрсету орталығы белсенді жұмыс істейді. Ол жерден 1 364 адам кеңес алып, 1 391 қызмет көрсетілген.

«Кәсіпкерлікті дамыту жөнін­де­гі ұлттық жоба шеңбе­рінде былтыр 3,6 млрд теңгеге 182 жо­ба қамтылды. Оның ішінде 2,5 млрд теңгеге 96 жоба бойынша банк несиелерінің пайыздық мөл­шерлемесі субсидияланса, 804,7 млн теңгеге 75 жобаға ке­піл­дік берілді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант беру бойынша жалпы сомасы 45 млн теңгеге 9 жоба мақұлданды. Одан бөлек, 226,5 млн теңгеге 2 жоба бойынша инфрақұрылым жүргізілді», дейді Е.Бәзіл.

Сонымен қатар қала тұр­ғын­­дарын қолжетімді баға­мен та­уар қамтамасыз ету мақ­са­тында Еркін аулында, Көктал тұрғын ауданында екі әлеу­мет­тік дүкен ашылған. Бұл дү­кен­дерде әлеуметтік-маңызды тауарларының 18 атауы сатылады. Айта кетейік, облыста биз­нес үшін электр энергиясына тарифтер төмендетілген еді. «Жетісу Энерготрейд» ЖШС Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңір бойынша де­партаментіне заңды тұлғалар үшін электр энергиясына тарифті 1 кВт/сағатына 38,50 теңгеден 32,60 теңгеге азайтуға хабарлама берді. Бұл бастама 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.

 

Баспана жайы басты назарда

Тұрғын үйге кезекте тұрғандар саны 15 мыңнан асады. Мұнда халықтың әлеуметтік осал топтары, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызмет­керлері, көпбалалы отбасылар және жетім балалар бар. Былтыр 149,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бе­ріл­ген. Бюджет қаражаты есебінен Оңтүстік-Батыс ауданында 817 пәтерлі 20 несиелік тұрғын үй халыққа тапсырылды. Жеке құ­рыл­ыс салушы компаниялар қара­жаты есебінен 478 пәтерлі 11 үй, оның ішінде демеуші компаниялар есебінен 180 пәтерлі 3 үй иесін тапты.

«Ауданы 2,6 мың шаршы метр музыкалық колледж үшін 100 орынды жатақхана пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 63 тұрғын үй сатып алынды. «Жетісу жастары» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» АҚ арқылы 31 пәтер және апаттық үй тұрғындарына 32 пәтер берілді. Сонымен қатар кезекте тұрған 36 көп­балалы отбасына коттедж қа­лашығында пәтер кілтін та­быс­та­дық. Өткен жылы 1 747 отбасы баспана алды», дейді қала­лық Тұрғын үй қатынастары бөлі­мі­нің басшысы Айдос Жақыпбек.

Бүгінде бюджет қаражаты есе­бінен 693 пәтерге арналған 21 үй­дің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жеке құрылыс салу­­шылардың қаражаты есе­­бі­нен 226 пәтерлі 4 үйдің құ­рылысы басталған.

 

Көгілдір отын көп күттірген жоқ

Қалаға қарасты ауыл-ау­мақ­тарын дамытып, мәрте­бесін көте­ру­ де назардан тыс қал­ма­ды. Әсі­ресе газбен толық­тай қамту жұ­мыстары жүйелі жүріп жатыр. Мәселен, былтыр Үйтас сая­жай қоғамы және Жастар-2 тұр­ғын үй ауданы табиғи газға қо­сылды. Ынтымақ аулында 113,5 км газ желісі тартылды. Биыл Мойнақ аулында 23,9 км газ желі­ле­рін салу жұмыстары басталады. Қазірге дейін 32 593 абонент көгілдір отынға қолжеткізген. Яки, қала маңайындағы елді ме­кен­дердің 90 пайызы газ же­лі­сі­мен қамтамасыз етілген.

«Өтенай ауылдық округінде Өтенай, Еңбек, Ынтымақ елді мекендерінде 16 көшені жарық­тан­дырдық. Еңбек аулы Гагарин көшесіндегі саябақты орнату жұмыстары аяқталды. Биыл Өтенай­да Жансүгіров көшесіндегі 1,7 км аллеяларды абаттандыру жұ­мыстары жалғасады. Өтенай ау­лында көптен күткен дәрі­гер­лік амбулатория салынады. Еркін аулында балаларға ар­нал­ған футбол алаңы орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жү­ре­ді. 150 орынды Мәдениет үйін салу үшін жобалық-сме­та­лық құжаттама әзірленді», дейді қала әкімі Е.Бәзіл.

 

Таза қала

Жақында «Жаңа Сана» ЖШС компаниясы тұрмыстық қатты қал­дықтарды тасымалдауға ар­налған 8 жаңа техниканы таныс­тырды. Олар күзге дейін тағы 3 техника алуды жоспарлап отыр. Осыған дейін қала аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды бірнеше компания шығарып келсе, енді «Жаңа Сана» ЖШС толық қамтиды. Мекеменің тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, көп­балалы отбасыларға атаулы әлеу­мет­тік көмек ала­тын­дар­ға да же­ңіл­дік қарас­тыр­ған.

«Қалада 853 көпқабатты және 24,5 мың тұрғын үй бар. Біз солардың бәріне қызмет көр­сетеміз. Бұл іске 300 млн теңге инвестиция құйдық. Жыл басында қала әкімдігімен 5 жылға келісім­шартқа отырдық. Қазір жұмысқа толық дайынбыз. Сондай-ақ 40-тан аса қала тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз», дейді «Жаңа Сана» ЖШС EcoAla филиалының директоры Бауыржан Қасымқан.

Сырттан келген қонақтар қа­ла­ның даму бағытына жоғары баға беріп жүр. Аграрлы өңір болашақта туризмнің бір тұт­қа­сына айналмақ. Ал облыс ор­та­­лығы саналған әсем Талдықорған – республика көле­мін­де жыл сайын таза қала мәр­те­бесіне ие болып келе жатқан бірден-бір шаһар.

 

Жетісу облысы