Жастар • 06 Маусым, 2024

«Жарқын Болашақ» бағдарламасы жастарға жол ашады

153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек. Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз», деп атап өткен еді.

«Жарқын Болашақ» бағдарламасы жастарға жол ашады

Фото: massaget.kz

Осы мақсатқа сәйкес, «Қаз­Мұнай­Газ» ұлттық компа­ния­сының тікелей қаржы­лан­ды­руымен және қолдауымен жүр­гі­зіліп келе жатқан «Жарқын Болашақ» бағдарламасы елдегі адами капиталды дамытуда муль­тип­ликативті нәтиже көрсетіп келеді. Қазіргі кезде бағдарлама аясында Жаңаөзен қаласы, Маң­ғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандарынан 674 бала еліміздің 11 өңірінде орналасқан 56 білім ордасында білім алып жатыр. Сонымен бірге биыл Маңғыстау облысының Бейнеу, Мұнайлы аудандарының жастары да өтініш беріп, бағдарлама қатысушысы бола алады.

Биыл 6 маусымға дейін атал­ған өңірде білім алып жүр­ген орта мектеп оқушы­ла­­ры мен 18-22 жастағы жас­тар zharqynbolashaq.kz сай­ты арқылы өтініш беріп, 2024–2025 оқу жылына арналған 600 оқу грантына қатыса алады.

10-13 маусым аралығында Ақтау және Жаңаөзен қала­ла­рын­да білім ұйымдарының көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Көрмеде еліміздің ең ал­дыңғы қатарлы мектептері мен колледждері өздерінің эко­номикалық сұранысқа ие ма­ман­дықтары туралы толық ақ­парат ұсынады. Көрме барысында жас­тар іріктеуден өтіп, грант иегері атана алады.

Грант иегерлеріне жоба үй­лес­тірушілері толығымен ақ­параттық, логистикалық және пси­хологиялық қолдау көрсетіп отырады. Олармен үнемі байланыста болып, бағыт-бағдар береді. Грант иегерлерінің оқу ақысы төленіп, жоғарылатылған шәкіртақы тағайындалады. Оқу демалысындағы жол шығындары белгілі мөлшерде өтеледі.

Қазіргі таңда бағдарлама ұйым­дастырушылары аймақ­тар­­ды аралап, мектептердегі оқу­шыларға түсіндіру жұмыс­тарын жүргізіп жатыр. Аймақ­тар­­дың білім бөлімі басшылары, мектеп директорлары, кәсіби бағдар берушілермен жүздесіп, бағ­дарлама мүмкіндіктері туралы толыққанды ақпараттар беріп жатыр.

Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып жастарымыз өз бойындағы дарынын ұштап, елі­міз­дің жарқын болашағының қалануына септігін тигізетін білік­ті кадрларға айналады деп сенім білдіреміз.

 

Ерлан Айтмұхамбет,

«Bilim Foundation» қорының жетекшісі

Соңғы жаңалықтар