Аймақтар • 05 Маусым, 2024

«Жол жылы» немен қуантады?

122 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шығыстағы өзекті мәселенің бірі – жол. Облыс орталығынан қай бағытқа шықсаңыз да, жолдары ойдым-ойдым. Болмаса, шодырайған жамау. Әсіресе жолаушылар Тарбағатай мен Риддер, Шемонаиха, Семей бағыттарындағы жолдардың сапасына наразы. 2024 жыл Шығыс Қазақстанда «Жол жылы» деп жарияланып, көпшілікке үміт сыйлағандай болды.

«Жол жылы» немен қуантады?

Суретті түсірген – автор

Ресми деректерге сенсек, облыста жол жөндеу жұмыстарына қаржы былтырмен салыстырғанда екі есе артық бөлініп, жөнделетін жолдардың саны да артпақ. Дәлірек айтсақ, жүзден астам жоба іске асырылады. Нәтижесінде, жалпы ұзын­дығы 600 шақырым жол жөнделеді. Әлбетте, сапа да назардан тыс қалмауы керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда халық­аралық сапа стандарттарына сай авто­көлік жолдарының желісін қалыптастыру қа­жеттігіне назар аударған.

«Жол салу және оны жөндеу жұмыстары да экономиканың дамуына тың серпін бе­реді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың ша­қырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәти­же­сінде елді мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдейді. Азаматтардың барыс-келісі жанданып, бизнестің белсенділігі артады», деген еді Президент.

Қазір Шығыс Қазақстан аумағында жалпы ұзындығы 5,2 мың шақырым автокөлік жолы жатыр. Оның 1,2 мың шақырымы – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қара­мағындағы, республикалық маңызы бар жолдар. Сондай-ақ 1,6 мың шақырым жол – облыстық, 2,4 мың шақырым жол аудандық маңызға ие.

«Басқа өңірлерді білмедім, Шығыс Қазақ­станның жолдары өте нашар. Риддер, Семей, Катонқарағай, Шемонаиха, Марқакөл, Тарбағатай, Зайсан аудандарына шығып көрсеңіз, ойықтардан қашып үлгермейсіз. Көктем шыға салысымен жолдар бүлінеді», дейді такси жүргізушісі Азамат Қайырхан.

Айтса айтқандай, жылда қар еріп, жер кепкен соң, жамау түсер еді. Биыл ойылған жолдар сол қалпы жатыр. Ертең-ақ туристік маусым ашылады. Күре жолдар ғана емес, аудан ішіндегі жолдардың да біразы тозған. Бұл өзекті мәселеге облыс басшылығы қаншалықты назар аударып отыр? 

«Тұрғындар жол сапасына қатысты мәсе­лені жиі көтереді. Біз оны білеміз. Сол үшін де 2024 жылды «Жол жылы» деп жарияладық. Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бесжылдық жоспар әзірленді. Онда облыс аумағындағы жөнделетін барлық жол мен көшелер, жөндеуді аяқтайтын уақыт толық көрсетілген. Биыл облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге бөлінетін қаржы 15 млрд теңгеге дейін өсті. Былтыр бұл сома 7 млрд теңге мөлшерінде болған», дейді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының мәліметінше, «Жол жылы» аясында өңірде жүзден астам жоба іске асырылады.

«28,5 миллиард теңге қаржыға шамамен 600 шақырым жол жөндеу көзделген. Оның ішінде 220 шақырымнан астамы – облыстық, 150 шақырымнан астамы аудандық жолдар бол­са, 100 шақырымнан астамы – елді мекен ішін­дегі көше жолдары. «Ауыл – ел бесігі» рес­публикалық бағдарламасы аясында 80 ша­қырымнан астам жол, жергілікті жер­лердің бюджеті есебінен 29 шақырым жол жөн­деледі», деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бас­шысының орынбасары Ерлан Уәлиев. 

Басқарма өкілінің айтуынша, ең әуелі көлік көп қатынайтын және туристік демалыс орындарына апаратын жолдар назарға алынған. Мәселен, жаз маусымында Сібе, Сарыбел, Бұқтырма жағалауларына дема­лушылар көп қатынайды. Алайда жол сапасы сын көтермейді.  Ресми деректерге сенсек, Сарыбелге апаратын Өскемен – Тарғын – Самар бағытындағы тасжолдың 133–145-шақырым учаскелері қалпына кел­тіріледі. Сол сияқты Алтай ауданы аума­ғын­дағы Бұқтырманың жағалауына апаратын жолдың 10–25, 25–36 шақырымдары жөн­деледі. Сібе көліне қарайғы Мамай батыр – Бозанбай жолының 17–32 шақырым ара­лы­ғына орташа жөндеу жүргізу жоспар­ланған.

Құрылысы ащы ішектей созылған Омбы – Майқапшағай тасжолы ше, биыл аяқтала ма? Жауыр болған сауалды сала мамандарына қойдық. Әйтпесе, жолсыз жолдың зардабын Зайсан мен Тарбағатай тартып отыр.

«Қалбатау аулынан шекара түбіндегі Майқап­шағай бекетіне дейінгі жол шамамен 415 шақырым болады. Оның 218 шақырымы Шығыс Қазақстанның аумағына қарайды. Осының бүгінде 207 шақырымына асфальт төселді. 178 шақырым жолмен көліктер жүріп жатыр», дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­паниясы облыстық филиалының бөлім басшысы Алмаз Қасенов.

Айтуынша, қолданысқа келер жылы бір-ақ беріледі. Осы учаскеге жауапты мердігер қытайлық «Синьсин» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Зайсан мен Тарбағатай аудан­дарының Ақжар, Қарасу, Шілікті ауылдарына қатынайтын жолдар биыл жөнделеді.   

«Жол жылы» аясында облыс орталығында да бірнеше ірі жоба іске асырылып жатыр. Қаладағы көлік қозғалысына қолайлы жағдай туғызу үшін Жібек жолы, Базовая көшелері мен Сәтбаев, І.Есенберлин даңғылдары қиылысында үлкен жол айырығының құры­лысы қолға алынған. Қазір жерді қазу, ағаш­тарды кесу жұмыстары жүріп жатыр. Қар­жыландыруға қарай кейін бірнеше дең­гей­лі үлкен жол айырығын салу жоспарда бар.

«Биыл айналма жолдың құрылысы аяқ­талады. Ал көпдеңгейлі эстакада қаржылық мүмкіндікке қарай салынады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер компания «R.B.Company» ЖШС атқарып жатыр», дейді Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Ержан Ибраев.

Одан бөлек Үлбі өзенінің үстінен салынған ескі көпірдің жөндеу жұмысы жуықта аяқталып, көліктер қатынай бастады. Ертіс көпірінің астынан өтіп, Пермитина көшесі мен Славский жағалауын жалғайтын жолдың құрылысы да осы жылы аяқталады.

Жолаушылардың дені Риддер, Шемонаи­ха, Алтай аудандары бағытындағы жолдардың нашарлығына шағымданады. «ҚазАвтоЖол» компаниясы Шығыс Қазақстан аумағында биыл республикалық маңызға ие 200 шақы­рым жолға жөндеу жүргізеді. Оның ішінде Өскемен – Семей, Өскемен – Риддер, Өскемен – Шемонаиха, Өскемен – Алтай бағытындағы тасжолдар бар.

Жоспардағы Өскемен – Риддер бағытын­дағы Тарханка мен Топиха арқылы жүретін төте жолдың да жобалық-сметалық құжат­тама­сы тиісті сараптамадан өтті. Жоба жү­зе­ге асса, екі қаланың арақашықтығы ­42 ша­қырымға дейін қысқарады. Жоба да­йын бол­ғанымен, қаржы мәселесі шешілген жоқ сияқты.

Жоғарыда аталған жол жобаларын жауап­ты басқарма қатаң бақылауында ұстап отырады. Соған қарағанда, әр жоба мерзімінде аяқ­талатын секілді.

 

Шығыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Кітап. Қоғам. Кітапхана

Мәдениет • Бүгін, 08:41

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Қоғам • Бүгін, 08:38

Менің Түгіскенім

Тарих • Бүгін, 08:36

Ақ Олимпиадалар қайда өтеді?

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 08:32