Аймақтар • 05 Маусым, 2024

Жаңа шағын ауданда 700 үй салынады

26 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір Солтүстік Қазақстан облысы ауыл-селолардағы үйлер саны ең көп дегенде 300-ден аспайды. Бұрынғыдай мыңнан артық үйлерден тұратын кеңшар орталықтары жоқ. Олармен салыстырғанда «Солнечный-2» шағын ауданына тасқын судан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлер саны қазірдің өзінде 700 болатыны белгілі болып отыр. 500-нен артығының құрылысы жүріп те жатыр. Сондықтан бұл шағын аудан болашақта Солтүстіктің аудан орталықтарына жетеғабыл тұтас кент болары сөзсіз.

Жаңа шағын ауданда 700 үй салынады

Өткен жолы үйлердің сапалы болып салынып жатқанын, көлемі 80 шаршы метр екенін, жер көлемі 10 сотық болатынын, тіпті ауласына өрнектас төселіп, дуалы екі метрге жуық қоршаумен қоршалатынын да айтқанбыз. Оның үстіне үйдің ішіне санузел орнатылады, ыстық, суық сулар қалалық кәріз құбырларымен келеді. Шайынды сулар септик арқылы шығарылады. Сондықтан көп адамға арман болған жайлы жер үйлер 700 отбасын қуанышқа кенелтері сөзсіз.

Қазір бұл ауданға жаңа балабақша тұрғызу да қолға алынып жатыр. 90 бөбекке шақталған балабақшаның жобасы көз сүріндіреді, тек енді оны салуды міндетіне алған «Мирас Group» ЖШС құрылыс компаниясы жобадан ауытқымай жайнатып салып шықса болғаны. Бұл құ­рылысқа бюджеттен 500 млн теңге бөлініпті. «Құрылыс жұмысын биыл­ғы қыркүйектің бі­рінде аяқтаймыз. Қазір жердегі жұ­мыстар жасалып жатыр. Әзірге бес техника мен он адам тартылған. Құ­рылыс көлемі артқан кезде бұл жерде 50 адам жұмыс істейтін болады. Ба­ла­бақшаның қабырғалары газблок кірпіштерден тұрғызылады», деді құ­рылыс учаскесінің бастығы Фархат Сейпілов.

Жаңа ауданда салына бастаған 100 үйдің құрылысы 90 пайызға аяқталды. Бесінші маусымда оның 50-ін пайдалануға береді.

Болашақта жаңа ауданға мектеп, мәдениет үйлері де салынады. Жаңа кентті абаттандыру жұмысына да барлық қалалық тартылуда. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің өзі қатысып, құрылыс компанияларының басшыларымен бірге жаңа саябаққа ағаштар отырғызды. Қазір әкімнің жұмысындағы басты приоритет те осы аудан.

Осындағы тамаша үйлердің негізгі бөлігі еліміздегі түрлі этнос өкілдеріне бұйырғалы отыр.

Бұл жағдай осындай сын сағатта жұртшылықты біріктіріп, халықтың тұтастығын одан әрі нығайта түсері сөзсіз. Тұрғындар қиын кезеңде қолтықтан демеген мемлекетке шынайы алғысын білдіріп отыр.

Жаңа аудан құрылысы осылай жүріп жатса 98 отбасына қайталама нарықтан үйлер сатып әперілді. Облыс бойынша жалпы саны 3 898 үй зардап шеккен. Соның 1 720-сын бағалау комиссиясы қалпына келтірілмейді деп шешті. Қалада осының 700-не жаңа үйлер салынып жатқанын айттық, одан басқа жүзге жуық отбасына өздері қалаған пәтерлер сатып әперілді. Алайда әлі де мыңға жуық отба­сын күзге дейін үймен қамтамасыз ету жұмысы алда тұр.

Облыс бойынша зардап шеккен үй­лер арасынан 2 178 үй қалпына кел­тіруге болады деп шешілген. Пет­ро­павл­дың ондай үйлері – Ойқала, Тері зауыты, Заречный шағын аудандары мен Тепличный, Прибрежный ауыл­да­рындағы 270 үй. Бұл үйлерге аудандарда құрылған мехбригадалар жөндеу жұ­мыс­тарын жүр­гізуде.

Бұдан басқа 1055 үйдің қожайындары шаңырақтарын өз күшімен жөндеуге шешкен. Оларға шығынның көлемі анықталып, бюджеттен қаражаттай көмек берілетін болады.

Жалпы, халық тасқынның әбі­герінен арылып, қазір қалыпты тір­лікке жаппай көшкен. Мамырдың қа­ра суықтары шыққаннан бері жеміс-жидектерін, көкөністерін отырғызуға асыққандар да көп. Тек қала көше­лерінің әбден талқаны шыққан жолдары ашу-ызаны туғызады. Биліктің қолы оған да жетер деген үміт бар. Жайлы өмір, жарқын тұрмысқа не жетуші еді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы