Шаруашылық • 04 Маусым, 2024

Кербұлақ шаруасының көңілі шат

39 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кербұлақ еңбеккерлері ауа райының қолайлы сәтін барынша тиімді пайдаланып, бел жазбай шаруаға кіріскен. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мәди Саулхановтың сөзіне қарағанда, көктемгі егіс барлық талапқа сай іске асырылып жатыр. Дәнді дақылдарға арналған егістік алқабы – 117 653,4 гектар. Оның 26 085 гектарына күздік бидай, қалғанына жаздық дәнді дақыл себілмек. Оның ішінде жаздық арпа, бидай, сұлы, дәндік жүгері мен қарақұмық бар.

Кербұлақ шаруасының көңілі шат

Суретті түсірген – Руслан КАДЫРОВ

Биыл картоп пен майлы дақыл, оның ішін­де мақсары, күн­бағыс дақылы және зығыр да өсі­рілмек. Бақшалық дақыл себу жұ­мыстары да белгіленген жос­парға сәйкес орындалады. Ба­ғалы дақыл саналатын қант қы­зыл­шасына арналған алқап кө­лемі – 700 гектар. 500 гектарын – «Қызылшоқы» ЖШС, 100 гектарын – «Зарина» шаруа қожалығы, 100 гектарын «Абықан» шаруа қожалығы екпек. «Көксу қант зауыты» арқылы қажетті тұқым алынған. Сарыбастау ауылдық окру­гіне қарасты «Қызылшоқы» ЖШС еңбеккерлері қант қызыл­ша­сының тұқымын себуді бас­таған.

Ауданда 48 мың гектар ылғал жабылып, жоспар 100 па­йызға орындалған. Сонымен бірге тыр­малау мен жер жырту жұ­мыстары да өз деңгейінде жүріп жатыр. Жаздық масақты дән­ді дақылдар да себіліп жатыр. Көктемгі дала жұмыстарына 94 ша­руа қожалығынан 868 тонна кепілді жанар-жағармайға өтінім берілген. Әр литрі 250 теңгеден белгіленіпті. Бүгінде 366 тоннаға келісімшарт жасалып, 93,5 тоннасы алынған.

Биылғы өнімге қажет минералды тыңайтқыштар кө­ле­мі – 8513,1 тонна. 508,7 тоннасы – жаздық бидайға, 7 947,4 тон­насы – жаздық арпаға, 57,0 тон­насы жүгеріге арналған. Қа­зір ауданда 15 шаруа қо­жа­лығы 1 183 тонна минералды ты­ңайт­қышқа қолжеткізіпті. Аванс­тық төлем арқылы 14 шаруа қо­­­­жалығы 959 тонна отандық мине­­ралды тыңайтқышқа өтінім берген.

Бұдан соң Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қарабайтал бөлімшесіндегі «Адал» жеке ша­руа қожалығының қайнаған тіршілігін көрдік. Шаруашылық еңбек­керлері жұмысты қыз­дырып жатыр. Қыстан аман шық­қан төрт түлік беткейдегі көкке ауыз салыпты. Шетінен төлдеп жатқан қой-ешкінің қа­сында құлдыраңдаған қозы-лақ асыр салып ойнақтап жүр. Ша­руашылық жетекшісі Ер­кін Садықбековтің айтуынша, қожалықтың құрылғанына 23 жыл болған. Содан бері еңбек­теніп, шаруашылықтың керегесін кеңейтіп келеді.

Олар негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. 12 адам еңбек етеді. Өздерінде бар жер көлемі – 1800 гектар, оның 1100 гектары – жайылымдық жер. Төрт түлікке қажет қысқы азық та осы алқапта әзірленеді. Барлығы 700 гектар жерде жаздық, күздік арпа-бидай өсіріледі. Сон­дай-ақ 500-ден астам ұсақ мал, 400-ден аса жылқы, 300-ден аса ірі қара бағылып жатыр. Ауыл ша­руашылығы жұмыс­та­­рын ат­қаратын трактор, комбайн, «КамАз» сияқты техника түр­ле­рінен де кенде емес, олар лизинг арқылы жаңаланып оты­рады.

«Шыны керек, біз үшін күз бен қыс жайлы өтті. Жем-шөптен таршылық болған жоқ. Мал қоң­ды шықты. Төлдету нау­қаны да ойдағыдай. Көп ұза­май ол да аяқталады. Дала төсінде егіс жұ­мыстары жүріп жатыр. Жердегі ылғал жеткілікті. Оған өткен күз бен биылғы көктемгі ауа райының қалыпты болуы оң әсерін тигізді. Сондықтан осы жылы өнім мол аламыз деген сенімдеміз. Біздегі жұмыс­шылардың бәрі осы өңір­ден. Жалақысы уақтылы бері­леді. Тұратын жерлері де бар. Онда адамға қажетті жағдайдың бәрі жа­салған. Үш мезгіл тегін тамақ­пен қамтамасыз етіледі», дейді Еркін Жұманұлы.

Өкінішке қарай, мал терісін өткізетін орын жоқ, сол себепті теріні жерге көмеміз немесе өртейміз дейді.

«Әрине, дайын шикізаттың осы­лай жарамсыз болып жат­қанына ішіміз ашиды. Бірақ амал қанша? Шаруашылығымды  одан әрі өрістеткім келеді. Тек жер тарлық етеді. Осы мәсе­ле оң­тайлы шешімін тапса ғой деп армандаймын», дейді шаруа­шылық иесі.

Сарыбұлақ ауылдық окру­гінің әкімі Еркебұлан Жармұ­хамбетұлы 2023 жылдың нәти­желі аяқталғанын, мол өнім алуды биыл да мақсат тұтып отыр­­ғандарын, сол себепті әр күн­ді қалт жібермей, жылды же­місті аяқтаудан үмітті екен­де­рін, мал төлдету нау­қа­­нының көңіл көншітерлік дең­гейде өтіп жатқанын әңгіме өзегіне айналдырды. Округтегі 58 110 гектардың 3 565 гектары егіс­тік, қалғаны жайылымдық пен шабындыққа арналған. Барлығы 33 шаруа қожалығы бар. Онда жүзден аса адам еңбек етеді.

Шаруашылықтар негізінен мал өсіріп, егін егумен шұғыл­данады. Бүгінге дейін 1 465 гек­тарға күздік бидай егіп тастаған ауыл диқандары 2 100 гектарға арпа тұқымын сеппек. Ауылдық округте 2 мыңнан асатын ірі қара бар, оның мыңнан астамы – аналық бас. Сондай-ақ 25 мың­нан астам Шопаната, 1 560 бас Қамбарата түлігі бар.

 

Жетісу облысы