Аймақтар • 03 Маусым, 2024

Рудныйда кезекте тұрған 21 отбасы баспаналы болды

52 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1 маусым күні Рудный қаласында үш қабатты, 21 пәтерлік «Сабыр» тұрғын үй кешенінің салтанатты ашылуы және кілт табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов және Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко қатысып, су жаңа пәтер иелеріне салтанатты түрде кілт табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рудныйда кезекте тұрған 21 отбасы баспаналы болды

Фото: Рудный қаласының әкімдігі

«Құрметті, Рудный қаласының тұрғындары, бүгін барлығымыз үшін қуанышты күн, өйткені сіздер пәтер иесі атанып жатсыздар. Адам өміріндегі басты армандардың бірі баспаналы болу емес пе? Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Облыс аумағында, сондай-ақ Рудный қаласында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі шешіліп жатыр. Рудный қаласының тартымдылығын, жайлылығын арттыра түсетін жұмыстар жоспарда тұр. Біз Рудный қаласын жандандыру бағытында жүйелі жұмыс істейміз», деді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы.

Үй ауласында балалар алаңы, автотұрақ және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Бір бөлмелі пәтерлер 38 шаршы метрді құраса, екі бөлмелі - 56 шаршы метрден 80 шаршы метрге дейін, ал үш бөлмелі пәтерлер көлемі 84 шаршы метрді құрады. «Сабыр» ТҰК әлеуметтік санаттар бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорының кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Оның ішінде халықтың осал топ өкілдері, көпбалалы отбасылар және балалар үйінің түлектері баспаналы болды.

«Біз кезекте 2021 жылдың қаңтар айынан бастап тұрдық. Мен көпбалалы анамын, 4 балам бар. Өзіміздің үйіміз ешқашан болмаған, осы күнге дейін біз жалдамалы пәтерде тұрдық. Бүгін қуанышымда жек жоқ, шынымды айтсам, 3 бөлмелі пәтер алғанымызға әлі сене алмай тұрмын. Бізге осындай қолдау көрсетіп жатқан мемлекетке алғысым шексіз. Бұл үй де, пәтердің өзі де өте ұнады. Балалар өте риза, қазірдің өзінде бір кіргеннен жүгіріп, кең пәтерде ойнап жүр. Енді жақын арада тезірек көшіп келсек деп отырмыз», деп көпбалалы ана  Айжарқын Сариева қуанышын жеткізді.

Одан бөлек, Құмар Іргебайұлы жаңадан салынып жатқан комфорт санатындағы «Аят» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен және эскиздық жобасымен танысты. Бұл қаланың орталығында орналасқан 6 қабатты 120 пәтерлік тұрғын үй кешені болмақ. Жоспар бойынша, ТҰК-нің ауласында ойын алаңы, жеке автотұрақ, бейнебақылау, демалыс орны болады.

Сапар барысында облыс әкімі тағы бір құрылыс нысанын аралады. Ол қаладағы жаңа, заман талабына сай қонақүй - «Abyroy apart hotel». «Abyroy apart hotel» Рудный қаласындағы пәтер мен қонақүй мәселесінің ең оңтайлы шешімі әрі қаланың инфрақұрылымы мен сәулетінің ерекше нысаны болмақ.

Айтылған нысандардың бас мердігері - нарықта 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «QC Holding» компаниясы. Соңғы жылдары «QC Holding» Рудный қаласындағы ескі үйлерді жаңғыртумен және қала келбетін әсемдейтін, жаңа тұрғын үй кешендерін салумен айналысып жатыр.

Компания басшысы Нұралхан Кульчиковтың айтуынша, «QC Holding» компаниясының алдағы жұмысы мен жоспары көп.

«Біз бір жылдың ішінде Рудный қаласында төрт үйді пайдалануға бердік. Жергілікті атқарушы органдармен алдағы уақытта да табысты, сапалы және жүйелі жұмыс атқаруға дайынбыз. «QC Holding» компаниясы әр тұрғынға сапа жағынан өз кепілдгін береді және басқа да сұрақтар бойынша да көмекке келуге әрқашан дайын», деді компания басшысы Нұралхан Әмірханұлы.