Форум • 01 Маусым, 2024

«QazaqForum» қазақтілді медианы дамытуға ниетті

93 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздегі АҚШ елшілігінің қолдауымен өтетін «QazaqForum» биыл Астана қаласында жетінші мәрте «Болашақтың дидары. Жаңа технологиялар және медиа» тақырыбымен ұйымдастырылды. Қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың бұл ауқымды жобасы – танымал медиасарапшылар, журналистер, бас редакторлар, блогерлердің басын қосып, қазақтілді онлайн медианы дамыту мәселелерін талқылайтын алаң.

«QazaqForum» қазақтілді медианы дамытуға ниетті

Бұл жолғы форумның панельдік сессияларында негізінен жасанды интеллект, оның қауіпсіздігі мен халықаралық реттеу стандарттары, креативті индустрия, медиа саласындағы бұдан да өзге жаңа технология­лар мен мәдениет, хайп, фейк, кликбэйт мәселелері, олардың медиадағы рөлі мен оның қолданылуы талқыланып, шеберлік сағаттары өткізілді.

Жыл сайын тақырыптарымен қоса спикерлері мен сарапшылары да өзгеріп тұратын «QazaqForum» биыл да қызықты өтті. Қатысушылар кезекті мәрте «Жасанды интеллектінің медиадағы пайдасы мен зияны қандай?», «Қазақ медиасының бү­гінгі тыныс-тіршілігі қалай?» деген өзекті сауалдарға жауап іздеп көрді.

Форумның ашылуына Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов, Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Рүстем Биғари, АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куо және көптеген медиасарапшылар, танымал блогерлер, журналистер қатысты.

Ресми ашылудан кейінгі «Болашақтың технологиялары: түбегейлі трансформация немесе үйлесімді даму» атты алғашқы панельдік сессияда Джуди Куо еліміздің озық технология көшін бастап келе жатқан мемлекеттердің қатарында екенін атап өтті.

– АҚШ елшілігі Қазақстанның жас мемлекет ретінде дамуына қолдау көрсетіп, заманауи институттарын нығайтуға үлес қосып келеді. Қала берді, жаңа экономикалық мүмкіндіктерді ашу бағытында Қазақстан үкіметі, азаматтық қоғамы және жеке сектордағы әріптестерімізбен 30 жылдан астам уақыт бойы баянды байланыс орнатылған. Біз Қазақстанның жас мемлекет ретінде өркендеуі үшін өзінің бай мұрасының тілдік және мәдени дәстүрлерін қабылдап, құндылықтардың ХХІ ғасырдағы өркениетпен үйлесім табатынына сенімдіміз. Бүгінде демократиясы артқан Қазақстан Орталық Азияның күшті державасына айналып, бейбітшілікке жол бастайды, – деді Джуди Куо.

Ал Қазақстанның стратегиялық зерт­теулер институтының директоры Ер­кін Тұ­қымов жасанды интеллект пен жаңа техно­логиялардың дамуы отандас­тары­мыз­дың өміріне қалай әсер ететіні туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, жасанды интеллект болашақта дами келе адамның ыр­қынан тыс өзі шешім шығаратын әлеуетке жетпек.

– Біраз уақыт бұрын смартфондардың өміріміздің ажырамас бөлігіне айналатынын білдік пе? Жасанды интеллект те дәл солай біртіндеп тұрмысымызға еніп келеді. Тіпті шынайы өмір мен виртуалды әлемнің ара-жігін ажырату қиынға соғуда. Жасанды интеллектіден туындайтын қауіп-қатерді ұмытпаған жөн. Алдағы уақытта ЖИ адаммен санаспай, өзі шешім қабылдайтын деңгейге жетуі мүмкін. Біз бұған дайын болуымыз керек, – дейді Е.Тұқымов.

Форумдағы ақпаратқа сүйенсек, әлемде жасанды интеллектінің қатысуымен 4 трлн АҚШ долларына бағаланатын тауарлар өндіріледі екен. Ал 2030 жылға қарай бар­лық көрсетілетін қызметтердің 70 пайызы ЖИ арқылы реттеледі деген де болжам айтылды.

Хайп, фейк, кликбэйт немесе жаңалық жасау мен тұтынудың мәдениеті қазақ тілінде онлайн-контент жасаушыларға арналған үлкен форумның өзекті тақы­ры­бына айналды. Қазақстан футзал қауым­дастығының вице-президенті, журналист Нұрсұлтан Құрман футболдың рейтингі, оған деген сұраныс артқан сайын бұл ба­ғытта қаражат бөлушілердің қатары көбейетінін айтты. Ал қаражат көбейген сайын сәйкесінше ол ақшаға дәмелі ақпарат көздері де арта түсетінін жеткізді.

– Яғни ақпараттық рейдерлік жасағысы келетіндер де аз емес. Жасап жатқан белгілі бір дүниені хейт немесе фейк ақпараттар арқылы таратып, көздеген мақсаттарына жетуге тырысады, – дейді Н.Құрман.

«Жасанды интеллект: қауіпсіздік және халықаралық реттеу стандарттары» тақы­рыбындағы панельдік сессияда да медиа саласы өкілдеріне ой саларлық біраз дүние айтылды.

Maqsut Narikbayev University Халық­аралық журналистика мектебінің деканы Айгүл Жамалова: «Жасанды интеллект жалған ақпарат береді деген қауіптің негізі жоқ. Ақпаратты журналистер таратады, демек өзінің қандай ақпарат таратарына журналист мұқият болуы керек. Әрине, ол ЖИ-ді жақсы меңгергені жөн. Яғни журналист ЖИ арқылы не дайындаса да, ақпараттың анық-қанығына деген жауапкершілік журналистің мойнында қалады», дейді.

Сондай-ақ форум аясында қатысушылар­ға шеберлік сабақтары мен отандық медиа­кеңістікте жүзеге асырылған тың жобалар ұсынылды. Мәселен, мұнда елімізде 360 форматта түсірілген алғашқы арнайы репортаж және жасанды интеллект көмегімен салынған қозғалмалы суреттерді тамашалау мүмкіндігі жасалды. Біз де Батыс Қазақстан облысындағы су басқан ауылдан түсірілген бейнематериалды 360 форматта тамашалап, сол маңда жүргендей таңдандық.

– Адам бейнематериалды телефон ар­қылы көрсе, тек қана ақпаратты қабыл­дайды. Ал мына көзілдірікті кисе, адам бейнежазбаның ішіне толыққанды кіріп кетіп, көріністі, оқиғаны түсініп, ондағы эмоцияны қабылдай алады. Жо­баның ерекшелігі осында, – дейді жоба авторы Бауыржан Болатұлы.

Форум барысында ұйымдасты­ру­шы­лардың бірі, қазақша әлеуметтік желінің сарапшысы Жанасыл Болатбекті сөзге тарттық.

– Осы форум арқылы біз қазақтілді контент өндірушілердің алға жылжуына көмектесуді, бір-бірімен байланыстырып, трендтерді алдын ала жеткізіп отыруды көздедік. Мысалы, былтыр алғаш рет жасанды интеллект туралы сессия ұйымдастырдық. Оның ішінде ЖИ-ді қолданғанда ақпараттық қауіпсіздік, фейк тұрғысынан алда өте көп проблема шығуы мүмкін деген мәселе көтердік. Яғни біз қазақтілді медиа әлеміне келе жатқан трендтерді, жаңа технологияларды бірінші болып таныстыруға тырысамыз. Өткен жылы ЖИ-ді жалпылама атап өтсек, енді биыл оны бөлшектеп, барынша тереңірек сараптауды жөн көрдік, – дейді Ж.Болатбек.

Жалпы, форум барысында халықаралық сарапшы, «SecDev» компаниясының аға кеңесшісі Арман Абдрасилов, Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан ГИС орталығы» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Кенжебек Азатбеков, «The Atlantic Council» талдау орталығының «Digital Forensic Research Lab» аға ғылыми қызмет­кері Эмерсон Брукинг, сондай-ақ Жайнагүл Төлеміс, Назым Жанғазы, Аман Тасыған сынды журналист-блогерлер осы жасанды интеллект төңірегіндегі тәжірибелерімен, тұшымды ойларымен бөлісті. 

Соңғы жаңалықтар

Күзгі қомырған

Мирас • Кеше

Иткөйлек

Оқиға • Кеше

«Хат қоржын»

Егемен Қазақстан • Кеше

Жастар белсенділік танытты

«Таза Қазақстан» • Кеше