Аймақтар • 01 Маусым, 2024

Табиғи апаттан кейінгі баян

57 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы тасқынның залалы әлі ұзақ жыл бойы айтылары сөзсіз. Мұндай апат жүздеген жылда бір рет келген. Тасыған Есілдің сарқырай аққан суы 3-4 метрлік дамбаны бұзып қалаға кіріп кеткені, бірнеше шағын ауданды үш аптадай басып тұрғаны әлі талай әңгімеге арқау болар.

Табиғи апаттан кейінгі баян

Солтүстік Қазақстан ПД бас­пасөз қыз­мет­кері Игорь Мерцалов осы оқи­ғаны баян­дай­тын көр­кем пуб­ли­цис­тикалық шығармасын бас­тап кеткен тәрізді. Ол апат кездерінде патрульдік кезек­шілікте болған ПД қызмет­кер­лерінің бастан кешкен оқи­ға­ларын жазып алып, қазір баспасөзде таратып жатыр. Әсіресе Ойқала шағын ауданында кезекшілікте болған әріптестерінің көзбен көргенін жазып алыпты.

«Полицейлер бұл ауданда құрғақ жерде ғана емес, терең су басқан көшелерде де құқықтық тәртіпті қамта­ма­сыз етті. Қазір қалыпты қызметке оралған тәртіп сақ­шылары қайыққа мі­ніп, патруль­деуден алған әсері­мен, тәжірибесімен бөлісті. Су тасқыны туралы құтқарушылардың, ауа ра­йын болжаушылардың ақпа­ратына сүйенген Петро­павл қаласы полиция басқар­ма­сының басшылығы суда жүзу құралдарын алдын ала да­йындап, ескекпен есе біле­тін және моторлы қайық жүр­гі­зуде тәжірибесі бар қыз­мет­кер­лер­ді іріктеді», дейді ол.

Солардың бірі, патрульдік полиция батальонының инс­пекторы Талғат Ауғалиев бас­тан кешкен оқиғасын былай еске алыпты: «Менің әкем тәжірибелі балықшы болды. Әкеммен бірге қайыққа мініп жүретінмін. Су үстінде өзімді қалай ұстауды бала кезімнен білемін. Алайда су басқан көшелерде жүзуге қатты ағыс кедергі келтірді. Әрі бұл өте қауіпті. 13 сәуір күні сағат 17.00 шамасында үлкен судың Ойқала ауданын әп-сәтте басқанын өз көзіммен көрдім. Бұл апатты ешқашан ұмытпаймын. Кейде тіпті түсіме кіреді. Барлық жедел қызметтер бұл уақытта адамдарды эвакуация­лап жатты. Полицейлерге құт­қа­ру­шылардың өзін де құт­қаруға тура келді. Судың тез келіп қалғаны соншалық, олар автокөліктерімен кері бұрылып үлгермеген. Көлікті биік жерге шығарып, бізді көмекке шақыруға мәжбүр болған. Қатты ағысқа қарсы жүзе отырып, біз оларды қа­йықпен шығарып алдық. Кейін де мұндай сәттер көп болды. Құтқарушылар да полицейлерге көмекке келіп, бір-біріне көмектесті».

И.Мерцалов басқа да әріптестерінің бастан кешкен оқиғаларын жазып үлге­ріпті. Соның ішінде Жақсылық Байбосынов та бар. «Мы­надай алапат апатты бұ­рын көрмегендіктен басында қиын болды. Кейін үйреніп, ширақ қимылдадық. Қалып қойған ит пен мысықтарды да шығарып, үйлеріне өту үшін ТЖ қызметінен рұқсат алған адамдарды жеткізіп отырдық. Сондай-ақ  су басқан ауданда бөгде адамдардың жүрмеуін қада­ға­ладық. Кейбір күндері тәу­ліктеп кезекшілікте бол­дық, кейін 12 сағат сайын ауы­сып отырдық», деп еске алады ол.

Міне, бұл да – табиғат апа­тының қалдырған бір түйі­ні. Ал Петропавл қала­сының әкімдігі, бұрын айт­қа­нымыздай, «Сол­неч­ный-2» деген жаңа шағын аудан тұрғызып жатыр. Апырай, бұрын да «Солнечный» бар еді, мынаны екінші демей, жаңаша, мемлекеттік тілде атайық деген ұсынысымызды әкімдік әлі ескерген жоқ.

Жуырда қала әкімдігі жаңа салынып жатқан үй­лерді зардап шеккендерге көрсетті. Тиянақты салынып жатқан үйлер қыздың жинаған жү­гін­дей. Аумағы – 80 шаршы метр, жер учаскесі – 10 сотық. Ауланың іші өрнектаспен әрленген, ал дуалдың биіктігі 2 метрге жетеді. Мұндай үйлерді тіпті бұрын 40 шаршы метр үйі болғандар да алуы­на болады. «Бақытсыздық болмаса, бақ келмес еді» деген орыс мақалындай, дұрыс үйге қол жеткізе алмай жүрген кейбіреулердің жолы болды. Солардың бірі Александр Корчига қуанышын жасыра алмады: «Мынау әдемі үйлер ғой. Маған өте ұнады. Жылытылатын еден төселіпті, кафель жарқырап тұр, төбесі биік. Үй көрнекті, жарық, жан-жағынан күн түседі, санузелдері ішінде. Демек мен ескі үйден жаңа үйге көшіп тұрмын, қуаныштымын», деді ол.

Міне, осындай үйлерді қоныс аудару­шы­ларға да салса ғой. Жылы жақтан келер ағайындарымыз қуанып қалар еді. Өкінішке қарай, оларға дегенде ашық-тесік бірдеңелерді қалап, қаншама ақшаны босқа шашып, сақылдаған сары аязда тұруға мүмкін қылмай, көбін қайта көшіп кетуге мәж­бүр қылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар