Парламент • 23 Мамыр, 2024

Палата отырысы: Сенаторлар қандай мәселелерді көтерді?

15 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өткен аптада ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады. Сенаторлардың қай сауалы өтімді болды, кім қандай мәселені көтеріп, қай саланың кемшін тұсын тілге тиек етті, тарқатып көрейік.  

Палата отырысы: Сенаторлар қандай мәселелерді көтерді?

Қараусыз жатқан Қандысайға немесе Жаңалық ауылына Ата-Бейіт сияқты іргелі кешен тұрғызу – перзенттік парызымыз

Ал сенатор Дархан Қыдырәлі еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында мемлекет тарихына байыппен қарап, Алаш арыстарын ұлықтау туралы ойларын ортаға салды.

Ол таяуда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймау туралы сөзін еске салған сенатор ел бірлігі үшін зиялылардың бірлігі шарт екенін айтты.

«Биыл қазақ жерінің тұтастай бір республикаға бірігіп, еліміздің қазіргі шегарасының айқындалғанына жүз жыл – бір ғасыр толып отыр. Мемлекетіміздің тұтастығы үшін бұл маңызды оқиға елеусіз қалмауы тиіс. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков сынды алаш қайраткерлері бастаған тарихи процесті сол кезде билікте болған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешев, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Жалау Мыңбаев сияқты тұлғалар аяқтап шықты. Қазақ атын қайтарған Сәкен Сейфуллин мен ашаршылыққа қарсы күрескен, алаш қайраткерлерін қамқорлыққа алған Тұрар Рысқұловты құр коммунист аты немесе өзін қорғау үшін жазған хаты үшін жазғыру – әбестік», деді Дархан Қыдырәлі.

Тұлғалар туралы сөз қозғағанда әдептен озбау туралы айтқан сенатор барымызды бағалау, ірілерді алаламау туралы атап өтті. Түптің түбінде, өркениеттің бастауы – көркем ниеттен басталады. Сондықтан, Алаш арыстары атқарған ұлы істерді бүгінгі ұрпақ ізгі істермен жалғастырып отыруы тиіс. 2000 жылы аға ұрпақ өкілдерінің бастамасымен Халық шаруашылығы институты Ұлттық экономикалық университетке айналып, оған Рысқұловтың есімі берілген еді. Кейін оқу орны жекеменшікке өтіп, Т.Рысқұловтың атын алып тастады. Сенатор Үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды ЖОО қандай басқару түріне жататынына қарамай, ауыстыруға құқы жоқ екенін атап өтті.

«Биыл Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл. Тұғырлы тұлғалардың мерейтойларын даңғазасыз, тағылымды етіп атап өту керек. Бұл ретте ономастика мәселесіне де назар аудару қажет. Шегарамызды айқындауға айрықша үлес қосқан Әлімхан Ермеков сияқты тұлғалар елеусіз қалмауы тиіс. Алаш арыстарының көбі қайда жерленгені белгісіз. Жақында Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында саяси репрессияға ұшыраған 163 адамның сүйегіне зерттеу жүргізіліп, генетикалық талдау арқылы 50 адамның дерегі анықталды. Қаражат бөлінсе, осындай әдіс арқылы Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты тұлғалар туралы деректер нақтыланар еді», деді ол.

Геология және тау-кен өнеркәсібі саласы жаңа технологияға мұқтаж

Көптеген елдерде сирек және жер астында сирек кездесетін металдар маңызды рөл атқарады және оларға сұраныс ұдайы артып келеді. Болжам бойынша, әлемде ондай металдарға 2040 жылға қарай сұраныс 4 есе артуы мүмкін. Қазақстанда бес мыңнан астам барланбаған кен орындары бар және онда құны 46 трлн доллардан асатын осындай металдардың қомақты қоры жатыр. Бүгін сенатор Андрей Лукин осы саланың дамуын жеделдету туралы ойын өзінің депутаттық сауалында жария етті.

Депутатттың айтуынша, сала мамандары осы металдарды өндіруге деген ынта-ықыласына қарамастан технологияны жақсарту мен инвестиция тарту қажеттігімен қоса проблемаға тап болып отыр. Үкімет бүгінгі таңда алдағы жылдарға арналған саланы дамытудың кешенді жоспарын әзірлеген болатын. Алайда, сенатордың пікірінше, оны сәтті жүзеге асыру үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет.

«Жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия беру процесін оңайлату, кейбір сирек және жер астында сирек кездесетін металдардың тепе-теңдік қорларына қолжетімділікті ашу, инфрақұрылымдық проблемаларды жою, геологиялық барлау жұмысының алаңын ұлғайту, сондай-ақ жаңа технологияны енгізу керек», деді сенатор.

Ол сондай-ақ геология және тау-кен өнеркәсібі саласында жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында білім беру бағдарламаларын жетілдіру арқылы саланың кадрлық әлеуетін күшейтуді ұсынды.

«Сонымен қатар инвестиция тарту және технология беру үшін жетекші тау-кен өндіруші елдермен халықаралық байланыс пен ынтымақтастықты нығайту қажет. Салаға отандық және шетелдік инвестиция тарту үшін инвестициялық ынталандыру жасау және салықтық жеңілдік, сондай-ақ басқа да ынталандыру мүмкіндігін қарастыру маңызды», деді сенатор Андрей Лукин.

Жауапсыз жұмыстың салдарынан неге тұрғындар зардап шегуі керек?

Сенатор Амангелді Толамисов еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Алматы және Жетісу облысындағы автомобиль жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге шақырды.  

«Мемлекет басшысы 2022 жылдан бері Жетісу облысына қарасты Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық тас жолды жөндеу кезек күттірмейтін міндет деп нақты тапсырма берген еді.  Алайда, екі жылдан аса уақыт өтсе де ешқандай өзгеріс жоқ. Өңірлердегі жергілікті халықпен кездесулерге барғанда жиі көтерілетін өзекті мәселелерінің бірі осы. Сонымен қатар, Кеген, Райымбек  аудандарындағы республикалық маңызы бар тас жолдарындағы жағдайы жүргізушілердің де жүйкесін жұқартып-ақ болды. Әлеуметтік желіде жарияланған бейне ақпараттардан мердігер компаниялардың жауапсыздығын, сала мамандарының жұмыс жасап жатпағанын байқауға болады. Осындай жауапсыз жұмыстың салдарынан неге тұрғындар зардап шегуі керек», деді сенатор.

Депутат сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмыс сапасын да сынға алып, олардың бюджет қаржысын пайдалану тиімділігіне күмән келтірді.

«Жасалған жолдардың сапасы, жол жөндеу мәселесі алаңдатады. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері пайдаланылатын қиыршық тас-құм қоспасының нұсқалары ұлттық стандартқа сәйкес келмейтінін айтады. 2024 жылғы 17 сәуірде Республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол» автомобиль жолының диаметрі 1 метр бір нүктелі су өткізу құбырының орналасқан жерінде судың қарқынды өтуіне байланысты автожолдың негізі мен жабыны ішінара шайылып, шығу жолындағы құбыр сақиналары іске жарамсыз қалды. Бұрын осы учаскеде 23 наурызда жоғарыда аталған себептер бойынша резервтерге еріген және жаңбыр суының қарқынды түсуі салдырынан толып кетуі орын алған. Судың өтуі нәтижесінде жол жиегіндегі топырақ құлады. Әлі күнге дейін олқылықты толтыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалаушы ұйымның қатесі емес па?»,деп атап өтті Амангелді Төламисов.

Сенатор осыған байланысты, «Жалаңаш-Саты-Көлсай көлі», «Көкпек-Кеген-Түп», «Кеген-Нарынқол» жолдарының учаскелерінде жөндеу жүргізуді, сондай-ақ экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан Бұрхан бұлақ сарқырамасына баратын жолды қаржыландыруды ұсынды. Оны орман шаруашылығы өрттерді сөндіру қажет болған кезде де пайдаланылады.

Киберқылмыспен қалай күресеміз?

Қазақстанда интернет алаяқтығы қылмыстың ең көп таралған түрлерінің бірі және еліміздегі жалпы қылмыс деңгейінің 15%-ын құрайды. Сенатор Евгений Больгерт өзінің депутаттық сауалында киберқылмыспен күрес шараларын ұсынды.

Депутаттың айтуынша, ең кең тараған интернет алаяқтығы түрлеріне тауарлар мен қызмет туралы жалған хабарландыруды әдейі онлайн орналастыру, банктер мен құқық қорғау органдары қызметкерінің атынан қоңырау шалу арқылы азаматтардың шоттарынан ақша ұрлау жатады.

«Кейінгі кезде баршаға белгілі WhatsApp және Telegram мессенджері арқылы алаяқтық жиілеп барады. Дүзіқаралар түрлі технологияларды қолдана отырып, алдау арқылы азаматтардың смартфондарын қашықтан игереді және олардан жалған хабарлама, ақша аударымы, қайырымдылық төлемдерін және т.б. ұйымдастырады. Deepfake сияқты технология бүгінде кез-келген адамның дауысы мен сыртқы келбетін қолдан оңай жасауға мүмкіндік береді», деді сенатор.

Цифрлық даму министрлігінің деректері бойынша бүгінгі таңда Қазақстанда дербес деректерге қол жеткізе алатын бір жарым миллионнан астам оператор бар. Деректердің олардан үнемі шығып кетуі жеке ақпараттың сақталуына жауапкершілік деңгейін күшейту қажеттігін көрсетеді. Депутат Евгений Больгерт осыған байланысты дербес деректерді жинау, өңдеу, сақтау және қорғау талаптарының сақталуына бақылауды қатаңдату, сондай-ақ операторлардың осы ақпараттың сақталуын қамтамасыз етудегі жауапкершілігін арттыру жөнінде ұсыныс енгізу қажеттігін атап өтті.

«Киберқылмыспен күресте мекемеаралық үйлестіруді күшейту, киберқылмыспен күрес қызметін кадрлық және материалдық-техникалық күшейту мүмкіндігін қарастыру қажет. Жаңа қауіп-қатерді ескере отырып, халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру жөнінде кешенді бағдарламалық құжат әзірлеу, оның ішінде мектеп бағдарламасына үздік шетелдік практикаға ұқсас «қаржылық сауаттылық» пәнін әзірлеп, енгізу керек», деді сенатор.

Ауыл шаруашылығы техникасы жаңартуға сұранып тұр...

Еліміздегі ауыл еңбеккерлері пайдаланып жүрген ауыл шаруашылығы техникасының 76%-ының тозығы жеткен. Норматив бойынша әр мың гектарға 5 трактор мен 3 комбайнның қажеттігін ескерсек, қазіргі кезде егіс алаңдарына 65 мың трактор, 43 мың комбайн жетіспей отыр. Ал ауыл шаруашылығы техникалары жыл сайын 4,5% ғана жаңарады. Олай болса, тек жетіспейтін тракторлар мен комбайндардың орнын толтыру үшін 14-15 жыл керек болады.

Сенатор Әли Бектаев өзінің депутаттық сауалында ауыл шаруашылығы техникасының тозуы мен тапшылығы туралы айтты.

«Елімізде ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтарын өндіретін 10 зауыт пен өздігінен жүретін техникалар шығаратын 8 кәсіпорын бар. Ол кәсіпорындар 2023 жылы 5 400 трактор, 1 000 комбайн, 17 000-нан астам тіркемелі құрылғыларды шығарды. Яғни, олар тракторлар мен комбайндарға деген жылдық қажеттіліктің 80%-н, ал тіркемелі техникалардың 30%-ға жуығын құрайды. Өкінішке орай, бізде шығарылатын тракторлар мен комбайндардың Қазақстандық мазмұны 42-44% ғана. Негізгі қосалқы бөлшектер сырттан келеді. Сондықтан да олардың бағасы өте қымбат. Тауар өндірушілер ала алмайды. Ауыл шаруашылығына қажетті жеңіл құрылғылардын, соқалар мен культиваторлардың, дискілі тырмалардың, мал азығын дайындайтын машиналар мен механизмдердің, пішен жинағыштар мен тұқым сепкіштердің, көшет отырғызатын жабдықтардың басым көпшілігі шетелден әкелінеді. Негізінен металдан тұратын, қарапайым ғана осы техникаларды неге өзімізде көптеп шығаруға болмайды? Жалпы Қазақстанда отандық аграрлық машина жасау саласын дамытудың бағдарламасы, болмаса концепциясы бар ма?», деп сұрады Әли Бектаев.

Сенатор сонымен қатар жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін кәдеге жарату алымының құны жоғары екенін атап өтті. Бұл шаруалардың жаңа техниканы сатып ала алмауына және ескірген тракторлар мен комбайндарды пайдалануына және үнемі жөндеуге мәжбүр болуына әкеледі.

«2024 жылғы жағдай бойынша утиль алымының көлемі бір трактор үшін 370 000-нан 7 380 000 теңге, ал бір комбайн үшін 1 600 000-нан 8 300 000 теңге аралығын құрайды. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасын металлоломға өткізіп күн көреді. Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған «Жасыл даму» мекемесінің үлесі неде? Жалпы, ауылшаруашылы техникалары үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса мемлекет ұтпаса ұтылмайды деп ойлаймыз», деді депутат Әли Бектаев.