Медицина • 31 Мамыр, 2024

Денсаулық сақтау вице-министрі неліктен қызметінен кетті?

59 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Вячеслав Дудник денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды. Бұл кадрлық шешімнің себебін Бас прокуратура түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Денсаулық сақтау вице-министрі неліктен қызметінен кетті?

Фото:gov.kz

Бас прокуратураның хабарлауынша, Дудник прокурорлар шығарған қадағалау актісінен кейін қызметінен айырылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура маңызды инвестициялық жобаларды қолдау бойынша жұмысты жалғастыруда. Бұл қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі, мұндағы басты міндет мәселелерді тиімді шешу, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Аталған жұмыс аясында Денсаулық сақтау министрлігі 4 инвестициялық жоба бойынша Бас прокуратураның қадағалау актісіне қатысты 8 тапсырманы орындамағаны анықталды. Инвестициялық штабтың нұсқауы бойынша Денсаулық сақтау вице-министрі В.Ю.Дудник қызметінен босатылды», деп хабарлады қадағалау органы.

Бұл ретте Бас прокуратура Президенттің «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес инвестициялық штаб шешімдерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін орталық мемлекеттік органдар басшыларының белгіленген дербес жауапкершілігі туралы еске салды.

«Жалпы, бүгінде прокурорлар инвесторлардың 225 мәселесін шешті. Аталған жұмыс жалғасын табады және Бас прокуратура басшылығының ерекше бақылауында болады», деп толықтырды ведомство.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті